Тандыр пеш жасап, табыс табады

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Несібемді адал еңбектен табамын деген адамға мүмкіндік мол. Мәселен, Келес ауданының тұрғыны, көп балалы ана Бибігүл Абдуллаева тандыр пеш жасап, пайда тауып отыр. Бұрын ауылдық жерлерде «көгілдір отын» бола бермеді ғой. Әйелдер, қыз-келіншектер ошаққа тамақ, тандырға нан жабатын. Қаншама өркениет биігіне көтерілдік дегенмен, әлі де тандар жабатындар көп. Бибігүл апайдың тандырын тек Келес ауданындағы елді мекендер емес, сонау Шардара, Жетісай, Сарыағаштан келіп алып кетеді.

Бибігүл апай тандыр пеш жасауды өзінің ата кәсібі деп біледі. Келін болып түскен кезде қайынатасы тандыр жасаумен айналысып, соны күнкөрісіне айналдырған екен. Қазір шаруаны үйіндегі отағасы мен балалары атқарады. Тандыр пеш жасаудың да өзіндік қыр-сыры, қиыншылығы бар. Бір күнде 7-8 тандыр қалыбын әбден илеуі қанған лайдан жасайды. Оның толық кебуіне 5-6 күн кетеді. Сапалы тандыр жасау үшін сары, қызыл топырақ керек. Бір тандыр пештің бағасы 2,5-3 мың теңгеден. Сапасына қарай бағасы жоғарылай береді.

– Тандыр пеш жасауды атамыз Өзбекстаннан үйреніп келген. Ол кәсіпті үйдегі отағасы, бала-шағамызбен үйреніп алдық. Қазір ол күнкөріс табысымызға айналды. Әрине, бұл жаз мезгілінде ғана атқарылатын тірлік. Осы кезде біз бар күшімізді саламыз. Күніне 10 тандырға дейін жасаймыз. Кейде тапсырыс көбейген кезде 1 айда 150-200 тандыр пеш жасап шығарамыз. Әр жұмада күйеуім тандырды базарға алып шығады, – дейді Бибігүл Абдуллаева.

Өткен жылы кәсіпкер атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасына қатысып, 800 мың теңге алған болатын. Дайын тандырларды базарға жеткізу үшін көлік керек. Олар мемлекеттен төмендетілген несие алып, бұл мәселені де оңтайлы шешіп алмақ.

Ауданда атаулы әлеуметтік көмек алған 11 мыңдай отбасы болса, шартты ақшалай көмек алған отбасылардың ішінде 7214 отбасы мал шаруашылығымен, 29 отбасы құс шаруашылығымен айналысады, 38 отбасы өзінің жеке кәсіптерін ашқан. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта кәсіпкер қыз-келіншектердің қатары арта түспек.

Келес ауданы.

 

 

 

1 пікір

  • Қазыбек
    Қазыбек

    Бұл Апамызбен қалай байланысуға болады. Теллфон номері болса

Пікір қалдырыңыз