КӨНЕ СЫҒАНАҚ ҚАЛАСЫ ЗЕРТТЕЛУДЕ

Көне Сығанақ қаласының орнында «Ортағасырлық Сығанақ қаласының зерттелуі: өткені, бүгіні және келешегі» тақырыбында кездесу өтті.

Маңызды жиынға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ басшылығы, ғалымдар, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосуда Сығанақ қаласының ашық аспан астындағы мұражайға айналуы халқымыздың тарихындағы мәңгі өшпес мәдени мұра болып қалатындығы жайында орамды ойлар айтылды.

Сонымен қатар, келешекте ашық аспан асты мұражайы негізінде осы өңірдің көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға алатын, онда зерттеулер жүргізетін Республикалық археологиялық қорық мұражайы ашылуы жайында атқарылған жұмыстар талқыланды.

Қожа АхметЯсауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Халықаралық Орта Азиялық зерттеулер институты (ЮНЕСКО) бірлескен археологиялық экспедициясы ортағасырлық Сығанақ қаласының көне қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде төрт кесене орны ашылып зерттелді.

Қазіргі таңда ашылған нысандарды сақтап қалу үшін Ханака мен қақпа құрылыстарын «Қазқайтажаңғырту» мекемесі қайта қалпына келтірілу үстінде. Сонымен қатар, ескерткішті сақтап қалу мақсатында бірнеше шаралар да өз жалғасын табуда. 

Айта кетейік, 2003-2019 жылдар аралығында 1 500-ден астам көне жәдігерлер Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізілген. 


Пікір қалдырыңыз