Қазақстанда шектеу шаралары күшейтіледі

Қазақстанда демалыс күндері — 20-21 маусым аралығында шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысында айтылды.

Қазақстанның бірқатар өңірінде эпидемиологиялық жағдайдың өршуін және коронавирус инфекциясымен ауыру көрсеткішінің артуын ескере отырып, ВАК биылғы 20-21 маусым, демалыс күндерінде бірқатар қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады:

1. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қараганды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалалары бойынша:

• сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және басқа да базарлардың қызметі тоқтатылады;

• қоғамдық тамақтану орындары тек далада әрі әлеуметтік арақашықтықты сақтап қана жұмыс істеуі тиіс;

• қоғамдық көліктердің қызметі шектеледі;

• қоғамдық демалыс орындары мен фитнес-орталықтарының, сондай-ақ тұрғындардың саны 50 мыңнан асатын елді мекендерде қоғамдық орындардың жұмысы тоқтатылады.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне қысқа мерзім ішінде медициналық ұйымдар базасында қосымша зертханалар ашу арқылы халықты ПТР-тестілеумен қамтуды кеңейтіп, ауруханаларда инфекциялық және провизорлық орындар санын көбейтуді, науқастарды КТ-зерттеумен және жедел медициналық жәрдем стансаларының шұғыл және кезек күттірмейтін шақыруларға уақтылы қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, үйлерінде жатқан пациенттерге амбулаторлық-емханалық көмек деңгейінде сапалы динамикалық бақылау жасау (қашықтан, мобильді бригадалардың көмегімен) міндеттелді.

Ал, Шымкентте карантиндік шектеу шаралары 6 шілдеге дейін созылды.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз