Жаңа госпиталь пайдалануға берілді

Қазіргі таңда түркістандықтар мен шымкенттіктер үшін коронавирустық инфекцияны жұқтыру қауіптілігі өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Еліміздің үшінші қаласы мен өңіріміздің аумағында басқа да аса қауіпті инфекциялардың таралу қаупі сақталып тұр. Таяуда Шымкент қаласында жұқпалы ауруларға арналған госпитальдің құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Оның ашылуына қатысқан еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа госпитальдің жабдықталуы өзге қалалармен салыстырғанда, жоғары деңгейде екендігін атап өтті. Құрылыс кезінде қауіпсіздік шаралары толық ескерілген.

Жаңа емдеу мекемесі Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты «Ақжайық» шағынауданында орналасқан. Ғимарат 20 төсектік реанимация бөлімшесі бар 200 төсек-орынға арналған бір қабатты, модульдік үлгі бойынша салынды. Құрылысты бас мердігер «BI Industrial» ЖШС жүргізді. Аталмыш госпиталь қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы болып табылады. Яғни тек коронавирустық инфекцияға күдікті барлық пациенттер қабылданады.

Емдеу мекемесінің жалпы ауданы 6 353 шаршы метрді құрайды. Стационарда барлығы 300-ден астам білікті маман жұмыс істейтін болады.

Жаңа емдеу мекемесі қажетті заманауи медициналық техникамен толық жабдықталған. Ғимаратта компьютерлік томограф, сандық рентген аппараты, 20 ИВЛ аппараты бар.

Реанимациялық залдар «open space» қағидаты бойынша ашылған. Бұл медициналық персоналға пациенттердің жағдайын жіті бақылауды жеңілдетеді. Госпитальде барлығы 160 жұқпалы ауруларға арналған төсек, 20 боксталған палата, 20 реанимациялық орын бар.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз