«Елге ел қосылса – құт»

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Осыдан жеті жыл бұрын республикамызда жұмыс қолы жетіспей жатқан солтүстіктегі облыстардың проблемасын реттеу мақсатында оңтүстіктен солтүстік облыстарға қоныс аудару мәселесі қолға алынды. Әйтсе де, баспанасыз, жұмыссыз жүргендер жылы орнынан бірден қозғала қоймады. 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы іске қосылып, ел ішінде бастаманың мақсаты мен міндеті түсіндірілді. Осыдан кейін ғана адамдар бірте-бірте қоныс аударуға бейіл танытып, көшіп барушылар қатары жыл санап көбейіп келеді.

Бүгінде солтүстік облыстарға орныққан ағайын елге, жерге, ауа райына үйренді ме? Жұмысқа орналасып, баспаналы болды ма? Бала-шағаға қиыр шеттегі ауылда білім алу қиынға соғып жатқан жоқ па? Алдағы уақытта солтүстікке көшетіндерді қандай өмір күтіп тұр? Көкейде жүрген осындай сауалдарға жауап алу мақсатында төрт жыл бұрын солтүстікке қоныс аударған алғашқы алты отбасының бірі, өздерінен кейін 150 отбасының көшіп баруына мұрындық болған Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің бас кеңесшісі Нұржамал ТАМБЕТОВАМЕН тілдескенбіз.

Нұржамал Тамбетованың айтуынша, 2016 жылдан бері «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына бірнеше өзгерістер енгізілген. Мәселен, алғашқы жылдары субсидия тек көшуге ғана берілетін. Қазір жалдамалы пәтерақысын төлеу үшін бала санына байланысты 53-73 мың теңге аралығында ақша бөлінеді. Былтыр ауданда 36 үй бой көтерсе, биыл 57 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлер жалдамалы пәтерде тұрып жатқандарға беріледі. Сонымен қатар биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 530 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлетін болды. Енді солтүстікке көшіп келген әрбір отбасы облыс әкімдігінен осы қаржылай көмекті де алады.

Мағжан Жұмабаев ауданы – әсіресе, егін шаруашылығымен айналысуға қолайлы аймақ. Қазір мұнда трактор, комбайн жүргізетін механизатор кадрлар тапшы. Цифрлық жүйемен жұмыс істейтін жаңа техникаларды меңгеру үшін мамандар арнайы оқытылады. Сондықтан механизатор болуға ниеті бар, бірақ білімі жоқ жастар «қолымда жүргізушілік куәлігім жоқ қой» деп жасқанбай, есікті батыл қағуларына болады. Куәлігі жоқ болса, оқып алады. Бұрын бағдарлама бойынша тек қана дипломы бар мамандар ғана қажет болса, қазір дипломы жоқтарға да бұл аймаққа келуге мүмкіндік бар. Одан соң кардиолог, акушер, анестезиолог мамандар да аса қажет. Егер олар Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келсе, мемлекет тарапынан бір реттік 1,5 миллион теңге, медбике мен фельдшерлерге 270 мың теңге, көшуі мен жалдамалы пәтеріне қосымша қаражат тағы бөлінеді.

– Басында қиын болғаны рас. Бір түсінгенім, жан аямай тірлік істеген адам жан рахатын сезініп, адамдық қасиетін жоғалтпайды екен. Ауыл жайлы айта бастағаннан адамдар «мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер бар?» деген сұрақ қояды. Жеңілдік жоқ, мүмкіндік бар. Көшіп баруға, үй алуға, жұмысқа орналасуға берілетін мүмкіндік. Икемі барлар сол мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Ептей алмағандар бір жыл тұрып, ақшасын шашып, сосын кері қайтып, кері қайтқанымен қоймай, «адам тұратын жер емес екен» деп әңгіме таратып жүр. Алғашқы жылы өзімізбен бірге барған отбасылардың тең жартысы қайтып кетті. Келесі жылы барған отыз отбасының он шақтысы оңтүстікке қайта оралды. 2018 жылы қоныс аударған 60 отбасының екеуі, былтыр 62 отбасының біреуі қайтты. Ал, қазір қайтатындар жоқтың қасы. Ең жақсы жетістік, ауданда көп балалы отбасылар көбейіп келеді, – дейді Нұржамал апай.

Нұржамал Тамбетованың келген ізімен кері қайтпауына үш жағдай себеп болыпты. Оның бірі ат арытып алыстан келгенінде сонда тұратын өзге ұлт өкілдерінің бірі оған «не үшін келдің?» деген сұрақ қояды. Шымкентте ағайын-туысын, дос-жаранын, үй-жайы мен жұмысын тастап келген оған әуелде бұл сөз ауыр тиген. Көп ұзамай ауылдағы Наурыз тойға барғанында, кілең өзге ұлт өкілдерін көріп, өзін басқа елде жүргендей сезініпті. Бұл жолы оған күйеуі «Нұраш, бұл жерді қалайда қазаққа толтыруымыз керек!» дейді. Кетерлерінде «білмеген жердің ой-шұқыры көп» деп солтүстікке көшулеріне қарсы болған ағайын-туыс та біраз әңгіме айтқан еді. Ол осы сөздердің бәрін ақылымен зерделегенде, енді кері қайтуға болмайтынын түсінген. «Кейде жақындарым «қашан қайтасыңдар?» деп сұрайды. Қайтамын деген райымнан қайтқалы қай заман?! Бүгінде егер менің төрт ұлым болса, Қазақстанның төрт бұрышына жіберер едім деп ойлаймын. Себебі, біз қазақ қайда тусақ, сол төңіректі айналып, қазақтың ен даласын көзімізге елестете де алмай өмірден өтіп кетеді екенбіз» дейді ол.

Солтүстік Қазақстан облысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жас талғамайды. Нұржамал Тамбетованың отбасы осы бағдарламамен үй алған. Отбасындағылардың әрқайсысы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. Енді қосымша жылқы байлап, мал шаруашылығын өркендетсем дейді. Өйткені, мал басын көбейтемін деген адамға мұнда мүмкіндік мол. Жері от. Ауыл маңындағы шөпті қар түскенше орып үлгере алмайсыз.

Бүгінде оңтүстіктен солтүстікке бет түзеген керуеннің көшін бастап жүрген оның ендігі жалғыз тілегі – қазағы жоқ ауылдарды қазақпен көбейту. Себебі, 40 мың тұрғыны бар Мағжан Жұмабаев ауданында Қоскөл, Бәйшілік, Дүйсеке, Құралай секілді мектебі жоқ ауылдар бар. Сарытамыр, Бейнеш ауылдарындағы мектепте 20-50 бала ғана оқиды. «Мектеп жоқ деген сөз – ауыл жоқ деген сөз. Адамдар жұмыссыз, үйсіз-күйсіз де күнелтуі мүмкін. Ауыр, өте ауыр. Бірақ, оның бәрі Отансыз күнелтудің қасында жәй нәрсе болып қалады. Қазір жүрген жерімде ең алдымен осыны айтамын. Оңтүстікте де жаз жайлауда, қыс қыстауда айдалада күнелтіп отырғандар бар. Сондайлар солтүстікке көшіп барса, мал шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, қазақтың ен даласының құрып кетпеуіне себепкер болар еді. Бір қуанарлығы, жағдайы жақсы болса да, қазақ даласын қазаққа толтыру керегін түсінген, ұлттың, ұрпақтың болашағын ойлағандар көп ойланбастан тәуекел етіп жатыр. Бұл бағдарламаның қиындықтарға қарамай алға жылжуының бір себебі осы» дейді Нұржамал Тамбетова.

Сондай азаматтардың бірі – Нұркен Нұрсейітов. Аудандағы мектепте әйелі екеуі де мұғалім болып жұмыс істейді. 2017 жылы бес бала-шағасымен көшіп келген. Балаларының алды жоғары оқу орнына түскен соң балалар үйінен тағы төрт бала асырап алған. Бүгінде олар тоғыз баланың ата-анасы. Ауылдағы үлгілі отбасы. «Оңтүстікте жүргенде мыңның арасында «шапқан» мұғалім едік. Мұнда келіп жүзден жүйрік болдық. Оңтүстікте ұлтарақтай жер таппай қиналған бес-алты ағайындылар бұл жақта ұлан-ғайыр жерге иелік етіп отырмыз. Батыр Баянның табаны тиген топырақты осыған дейін жерсінбегеніміз дұрыс болмапты. Әу баста бес бала-шағамен солтүстіктің қысынан қорыққан едік. Сөйтсек, суық деп қорқып жүргеніміз саф таза ауа екен ғой. Мұнда келгелі ісім алға басты. Балаларымның екеуі грантпен оқуға түсті. Аудан орталығынан 800 мың теңгеге даңғарадай үй сатып алдық. Жаман болған жоқпыз. Біреулер көшейін десе бала-шағасы үшін алаңдайтын көрінеді. Біз, керісінше, солардың болашағы үшін көшіп келдік. Нағыз қазақтар оңтүстікте ғана жасайды деп ойлаушы едім. Мұнда таудай биік кісілер арқаңнан қағып, «бауырым, келдің-ау...» деп қаусыра құшақтағанда қазақ даласының қай бұрышы да өзіңнің туған елің екенін сезінеді екенсің, – дейді ол.

Үш жылдың ішінде аудан келбеті айтарлықтай өзгерген. Алғашында банкке, халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда ауылдағы адамның аздығы байқалатын. Ал, қазір қайда барсаңыз да ұзын-сонар кезек.

Ал, Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Игілік» шаруа қожалығының иесі Балабек Оралов елдің алды болып Солтүстік Қазақстан облысына табан тіреген. Диқаншылықпен де айналысады. Ол кезде қазіргідей мемлекеттен көл-көсір көмек жоқ. Тек қана көшіп келген жолына ғана жететін қаржы берілген. «Бізге ен дала зор байлық болып көрінді. Он шақты адам бірлесіп, серіктестіктің негізін қалап, несие алып, әрқайсысымыз он жылқыдан байлап отырмыз. Басында ауа райына үйренісу, кілең орыстың арасында тіл сындыру қиын болды. Бірақ, уақыт бәрін орын-орнына қойды. Оңтүстіктегі «маршрутымыз» «үй – базар – тойхана» ғана болушы еді» дейді ол.

Солтүстікке көшкен ағайынның айтары осы. Ал, сіз жұмыссыз, үйсіз-күйсіз қиналып жүре бергенше қазақтың кең жазира даласын мекен етуге тәуекел жасап көрсеңіз қайтеді?! Кім біледі, бағыңыз жанып тұрған шығар. Анда-санда жер ауыстырып та тұру керек қой...

 

 

 

Пікір қалдырыңыз