Композитор Кеңес Дүйсекеев: «Шөмішбай екеумізді түрмеге отырғызып қоя жаздаған...»

Сабақ бергеннен рахаттанамын деп ойламаппын!

Сұхбатымыз мэтрдің «Астана» атты симфониясын тыңдаудан басталды.

– Симфонияны қойған себебім – осыдан он жылдай бұрын, Мәдениет министрлігі Астана тақырыбына симфония жазуға тендер жариялаған. Мен «симфонияға тендер жариялағаны несі, біреу арзанға жазсын дей ме екен?» деп аң-таң болдым. Сонда да болса қатысып көргім келіп, өз ойымды бір парақ қағазға жазып жібердім. Жеңімпаз атандым. Министрлікпен шарт жасастық, симфонияны бір жыл отырып, жазып бітірдім. Маған тиісті тиын-тебенін төледі. Оған да шүкір дедік, қазір бұрынғыдай қаламақы жоқ. Ал, кеңес заманында біз «миллионер» бола жаздадық қой.

– «Миллионер» десе қазақтың көз алдына хан сарайындай үй, үйге бергісіз саяжай, керемет көлік елестейді ғой. Басқа сипаттарын айтпағанда...

– Ондай дүние болу үшін адамның жаратылысы соған сай болуы тиіс. Ал, менің болмысым оған келмейді. Мінезім шатақ, шындықты жасырмайтын адаммын. Сол себептен менің досым да көп, қасым да жеткілікті.

Симфонияны тыңдатқан екінші себебім – қазақ халқы мені тек ән жазады деп ойлайтын шығар. Бірақ, менің салмақты шығармаларым дүние жүзінде орындалып жүр. Жақында Бельгияның астанасы Брюссель қаласында менің «Токката» дейтін фортепьяноға арналған шығармам орындалды.

– Мен осы сұхбатқа дайындық үстінде сіздің «Ноктюрніңізді» интернеттен тауып алдым. Адамды еріксіз баурап әкететін дүние екен!

– Ал, сен айтқан «Ноктюрн» осыдан бір жыл бұрын Лондон қаласында орындалды. Тарихы да қызық. Алматы консерваториясынан жас мұғалима Лондонға біліктілігін арттыру курсына барыпты. Қайтар кезде ректор, жасы келген кісі екен, бітірушілердің бәріне өз елінің бір шығармасын орындауын өтініпті. Әлгі мұғалима менің шығармамды орындап болған соң, алдыңғы қатарда ұйып тыңдап отырған ректор сахнаға шығып, рахметін айтып, «мына шығарма менің жастық шағымды есіме түсірді, өмірге деген құштарлығымды қайта оятты. Маған нотасын беріп кетсеңіз» депті. Біздің мұғалима «мен жатқа ойнап едім, барған соң салып жіберейін» деген екен.

– Консерватория демекші, Сіз Алматыда сол оқу орнында жұмыс істеп, сабаққа келмейтін студенттерді көріп, кетіп қалдым деген екенсіз. Мен одан да сұмдығын айтайын – мединституттарда да коммерциялық білім беру бар екен... Ал, өнер университетінде сабаққа қатыспайтын студенттер бар ма?

– Жоқ. Жалпы, мен ұстаз боламын деп ойлаған емеспін. 1979 жылы Қазақ теледидарының музыкалық редакциясына бас редактор болып жұмысқа алындым. Телеарна ол кезде біреу-ақ болатын. Сол кезде консерватория ректоры Ғазиза Жұбанова «ертең біз кетеміз, орнымызға кім келеді, соларды бүгіннен дайындайық» деп ұстаздыққа шақырумен болды. Мен бармадым. Айтқан уәжім: «Мен теледидардың жұмысының көптігінен, шығармашылықпен айналысуға, ноталарымды жазуға уақытым жетпей жүргенде, қалай сабақ беремін?!» Шынында да, телевидениеге сағат 9-да кіргеннен түнгі 10-нан аса бір-ақ қайтамын. Үйге барып, тамағымды ішем-дағы, 3-4-ке дейін нотамды жазамын, 8-де тұрып, қызметіме кетемін...

Қанша жыл сондай кестемен жұмыс істедім. Талай дүнием сол кезде жазылды. Жастық шақтың арқасы ғой. Ал, консерваторияға кейін, екі мыңыншы жылдары ұстаздыққа бардым. Қыркүйектен жаңа жылға дейін студент көрмедім. Қаңтардың басында бардым да, арызымды жазып кеттім. Ал, Айман Мұсақожаева қарындасымыз 1998 жылы Астанада Өнер академиясы ашылып (2009 жылы университет болды), соған басшы болып барғаннан мені астанаға шақырумен болды. 2011 жылы жазда, жұма еді, «абитуриенттерден емтихан қабылдауға келіңізші, ертең жетіңіз» деді. Сенбідегі бірінші рейспен ұшып бардым. «Мен өзімнің композиторымды күтіп алайын деп ректордан сұранып шықтым» деген университеттің оқытушы жас жігіті қарсы алды. «Қалай сенің ғана композиторың боламын?» десем, ол менің, жаңа айтқан фортепьяноға арналған токкатомды орындап, Ресейде, Чехияда, Англияда, Италияда жеңімпаз атанған екен...

Түсте емтихан бітті. Ректор шақырды. «Келмейсіз бе?» деді. «65 жасымда қайда барам? Үйдегі жеңгеңізбен ақылдасайын». «Аға, қойыңызшы, мен сіздің шешімді өзіңіз қабылдайтыныңызды білемін». «Жарайды». 31 тамыз күні марқұм Әшірбек Сығай екеуміз бірге келдік. Осылайша, ұстаздық жолға түсіп кеттім.

– Айекең ағасына сай болып, айтқан уәдесінен шыққан екен! Керемет!

– Арада бірнеше жыл өтті, менің шәкірттерім композиторлардың халықаралық конкурстарында лауреат бола бастады. Ресейде, Германияда, Австрияда, Канадада. Айман риза: «Біздің студенттеріміз композиторлықтан да лауреат болып жатыр!» Ал, мен сабақ бергеннен рахат сезімге бөленем деп ешқашан ойламаған едім. Бұл бір үлкен бақыт екен. Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Кеңес Дүйсекеевтен дәріс алсақ екен» деп келетін абитуриенттер пайда бола бастады...

Енді екінші «сұмдығымды» айтайын. Мен бес-алты жыл бұрын немеремнің сүндет тойын жасағанда, әншілердің тойда да жанды дауыспен айтпайтынын сонда ғана біліппін.

– Концерттердің бәрінде сол ғой!

– Қызық...

– Әншінің даусын фонограммаға жазуға Ресей, т.б. елдер секілді заңмен тыйым салуға бізге не кедергі?

– Кедергінің бір себебі - біз бар дүниемізден айрылып қалып отырмыз ғой. Мен Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып істеген бірінші қазақпын. 1984 жылдан бастап. Соны қысқартып тастады Үкімет! Баяғыда «Алматы – менің алғашқы махаббатым» деген фестивальді біз ашқанбыз. Ол фестивальде әншілердің бәрі оркестрдің сүйемелдеуімен тірі дауыспен айтты.

Оркестрді айтып отырған себебім, 1986 жылы Ставропольде өткен бүкілодақтық фестивальге бізді шақырды. Мықты деген композиторлар мен әншілердің бәрі болды. Біздің оркестр А.Пахмутовадан бастап, сол кездегі мықтылардың бәрі мақтаған Орта Азиядағы ең мықты ұжым еді! Оркестр болуы керек! Оркестр болмаса фонограмма да құрымайды. Әншілер де, ең болмаса оркестрдің сүйемелдеуін фонограммаға жазып, әнді өзінің тірі даусымен айтса болады ғой! Бізде де Ресейдегідей фонограммаға тыйым саламыз деген ниет бар, бірақ, одан әріге жылжи алмай келеміз...

Мен Қызылордада 2006 жылдан бері екі жылда бір өтетін менің атымдағы «Туған жер» атты байқаудың, бірнеше халықаралық балалар байқауының төрағасымын (Қостанайдағы «Алтын микрофон», Алматыдағы «Бозторғай»). 7-ден 17-ге дейінгі балалар тірі, таза да тұнық дауыстарымен ән салғанда қандай керемет! Таң қаласың!

 

Талантты адамдарда қызғаныш, көре алмаушылық болмайды

– Өмір бойы басшы болғаныңыздың шығармашылығыңызға пайдасы көбірек тиді ме, зияны көбірек тиді ме? Және шығармашылық адамы мүмкіндігі болғанша ғұмырының көбін таза шығармашылықпен айналысуға жұмсағанына көзқарасыңыз қалай?

– Жас кезде жұмысты күн көру үшін істедім. Екінші жағынан, жұмыс адамды ширатады. Бәйгеге шабатын аттай бабыңда жүресің үнемі. Түнгі 12-ден кейін пианинода ойнай алмайсың. Және ойыңа келген дүниені қанша көп ойнағаныңмен нотаға түсірмесең, оның нәтижесіз, өнімсіз тірлік болып қалады. Сондықтан мен өзімді консерваторияның соңғы курстарынан бастап, үстелге отырып, нота жазуға үйреттім. «Солай жұмыс істеп өткен Чайковский, Бетховен, Моцарттан қай жерім кем?» Таңертең тұрамын да, түнде жазғандарымды бір қарап шығамын. Арасында түкке тұрмайтындары да кездесіп жатады. Жыртып-жыртып, лақтырып тастаймын. Бұлай ету адамды тәртіпке үйретеді. Менің осыған қалыптасып қалғаным сондай, мен бір күн жұмыс істемей отыра алмаймын...

Ал, басқа ешнәрсені ойламай шығарма жазатын мүмкіндік жасаса жақсы ғой. Біздің ақсақалдар солай ететін. Симфония жазамын деп бір жылға министрлікпен шартқа отырады. Ол шамамен төрт мың-бес мың сом тұрады (Опера одан да қымбат). Соның төрттен бірін бірден қолыңа береді. Ол ақшаға бір жыл өмір сүруге болады. Шығарманы жазса, қалғанын сол кезде алады, жазбаса, ана алған ақшасы өзінде қалады. Мен елуге келерде кеңес өкіметі құлап қалды, біз олай жұмыс істеп үлгермей қалдық...

– Ал, осы өнер сізге қай жағыңыздан келді?

– Оны өзім де білмеймін... Үйде үлкен ағам ғана баян тартатын. Мен мектепті үздік бітіріп тұрып, институтқа барудың орнына музыкалық училищенің дайындық курсына түстім. Бұлай ету кімнің қолынан келеді? Апам «жын-перінің оқуын қайтесің?» деді. Бес жылдан кейін консерваторияға түскенімде «мектепте сенімен бірге оқыған балалар институт бітіріп, ауылда бастық болып жатыр» деді. Ол кісі көп сөйлемейтін, кесіп бір-ақ айтатын (мен әкемнен бес жасымда қалдым). «Апа, шыдаңыз, жемісін көресіз!» дедім.

– Ол кісі сіздің бастық, яғни «адам болғаныңызды» көре алды ма?

– Шет жағасын көрді ғой. Мен оқуды 28 жасымда бітірдім. Жазған әндерім елге кең тарала бастады.

– Сіз өнерге «Сәлем, саған, туған ел!» деп айқайлап келдіңіз ғой...

– «Кеңес Дүйсекеев қазақша ән жазбайды» деген мақала жариялаған мырқымбайлар болды. Сол мақала «Социалистік Қазақстанға» шыққан соң бір айдан кейін, 1975 жылы Бүкілодақтық байқаудың іріктеу жарысына Ташкентке «Қаракөз-айым» атты әнімді айтып Нағима Есқалиева барды. Сол байқаудан кейін маған композитор ретінде бөлек «За претворение национальных корней в современную эстраду» деп жазылған грамота берілді. Қазақтың әні екенін сырттағылар түсініп, бағалады. Ал, әлгілердің жазғанын оқитындардың кесірінен ғой маған біраз уақыт жұрт алған атақты бермей қойды... Сол мырқымбайлар уақыт өте келе «Кеңес Дүйсекеев жетпісінші жылдары қазақ эстрадасында революция жасады» деп жазуға мәжбүр болды. Мен өз басым ешкімді сынамаймын. Кімнің жақсы, кімнің жаман екенін ертең халық айтады. Құдай берген құдыреті бар адамдар өздерін өнерде ертелі-кеш танытып жатады.

Мені өзімнің буыным қатты таңғалдыратын. Жолан Дәстенов, Тілес Қажығалиев, Сейдолла Бәйтереков бәріміз бірге жүргенде не жазғанымызды бір-бірімізге көрсетеміз, ой бөлісеміз. «Мына жерді қалай тапқансың?» деп риза боламыз. Талантты адамдарда қызғаныш, көреалмаушылық болмайды. Мұны сол достарымнан айрылып қалғаннан кейін ойланып, толғанып, түсініп жүрмін. Әрқайсысы бір-бір шың еді.

– Бұрын өнерпаз өзі ақын, өзі әнші, өзі композитор еді. Бүгін үшеуі үш бөлек жан. Ал, әннің бағы жануы үшін ән де, өлең де, әнші де бір-біріне сай қосылуы керек емес пе? Сіз «алдымен ән жазамын, соған өлең іздеймін, менің талабыма көнген, мені жақсы түсінген ақын Шөмішбай Сариев болды» дейсіз. Сондай бір кездерде «шіркін, композиторлығыма қоса өзім әнші де болғанымда ғой...» дегендей сәттер болмай ма?

– Болып қалады кейде... Бір рет көңіліме қонбай қойғаннан кейін өз даусыммен Роза Рымбаеваға «былай айт, былай айт» деп көрсетіп бердім. «Аға, әп-әдемі даусыңыз бар екен ғой, неге айтпайсыз?» деді. «Мен ән айтсам, сендер жеп жүрген нандарыңнан айрыласыңдар» деп әзілдедім. Негізі, әркім өз ісімен айналысқаны жөн деп білем.

Мен көп әншілермен жұмыс істедім. «Музыканың өзінің заңы бар, оның «фраза» дегені бар, оның мәнісі былай» деп талай рет айтып, түсіндіргенімде, түсінбейтіндігіне ашуланған кездерім де болды. Олар соған шыдады. Міне, мына әнді тыңдашы. Бұрын есіттің бе, есітпедің бе...

– Тыңдадым, Майра Дәулетбақова орындаған «Ана зары» атты әніңіз ғой.

– Мен бұл әннің аранжировкасын алты ай іздедім. Майраның орындағаны еш көңілімнен шықпайды. Сосын аямай ұрыстым. Майра жылап жіберді. «Бол, тез, енді айт!» дедім...

– Сіздің әніңізге өлеңі жүз пайыз сай келген шығарма «Қарағым-ай» мен «Өкінбе, сен» деп ойлаймын. Осыған сәл тоқталыңызшы.

– Менің кей әніме өлең жазу үшін Шөмішбайдың он нұсқаға дейін жазған кезі болды. Қашан менің ойымнан шыққанша. Мен әке туралы ән жаза алмай жүргенмін. Ана туралы он шақты әнім бар. «Жан әке» деген ән туды. Жол үстінде. Үйге келіп Тұманбай Молдағалиев ағамызға қоңырау шалдым. «Сен әкеден бес жаста айрылсаң, мен әкемнен бес айлығымда қалғанмын» деді. Мен әнді ойнап бергеннен кейін, әуен ұнаған болу керек, «сен ойнай бер, мен жарты сағатта өлеңін жазып беремін. Сен түгілі, Нұрғиса Тілендиев ағамызбен де осылай жұмыс істейтінбіз» деді. Расында жазды. Бірақ, қайырманың бір ғана қатары үшін екеуміз екі күн айтыстық. Ақыры, менің ұсынған нұсқам өтті. «Өзің ақын екенсің ғой!» деді Тұмағам. «Сенсің менің тірегім, Лүпілдеген жүрегім» деген жолдар осылай туды...

 

Жаңалық туды ма, енді оны қайталауға болмайды

– «Тұңғыш орындаушы» деген ұғым бар. Әннің бағын ашуда оның рөлі үлкен екені белгілі. Осы жайлы да айта кетсеңіз.

– Мен әзірге бұл жағынан ешқашан қателеспеген адаммын. Оның себебі, мен ән жазып отырғанда әншінің даусына лайықтап жазуға, әншінің табиғатын түсінуге тырысып отырып жазамын. Сонда ғана ол әншіге барып қона қалады. Бірақ, кейде тұңғыш орындаушының түрлі себеппен аты шықпай қалатыны бар. «Өкінбе, сен» әнін алғаш айтқан әнші Айжан Тәженова еді. Кейін күйеуге шықты да, әйтеуір көрінбей кетті.

– Осы тұста композитор мен әншінің әріптестігі деген тағы бір мәселе. Орыстарда Алла Пугачеваға ғана арнап, София Ротаруға ғана арнап жазатын композиторлар болды. Мен осы Роза Рымбаеваға обал жасадық-ау деп ойлаймын. Роза өнерге жарқырап 1975 жылы келді.

– Маған Алматы облыстық филармониясынан әнші Галина Невара ән сұрап келді. Бүкілодақтық байқауға қатысайын деп едім деді. Мен «Домбыра туралы балладаны» ұсындым. Ұнатты. Ансамбльдері бар екен. Аранжировкасын жасап беріп, «бұл әнді кіжініп айту керек!» дедім. Ташкенттегі іріктеу турына Қазақстаннан баратын әншілерді таңдадық. Мен жюри мүшесімін. Галина шығып, орыстың қызы, тура мен айтқандай шырқап берді. «Күй ойнайды қазағымның қанында, Күй ойнайды қазағымның жанында» дегенде тыңдаушыға қатты әсер берді! Роза жүгіріп келді: «Аға, мына әнді мен айтуым керек!» Тасқын қасымда отыр. «Мен сендерге көрсеттім ғой «Сәлем, саған, туған ел», «Еркеледің сен» деген әндерімді алдыңдар, «Домбыраға» көңіл бөлмедіңдер. Мен кінәлімін бе соған?..» Галина Невара өтпей қалды... Нағима өтті. «Домбыраны» Розаға бердім. Аранжировкасын Мәскеуде жазатын болдық. Роза Түркиядағы халықаралық «Алтын микрофон» байқауына «Домбырамен» баратын болған. Мәскеуде түрік тіліне аудардық. Төрт сағатта жазылуы тиіс дүниенің аранжировкасын оркестр ойнай алмай, бір апта отырдым Мәскеуде! Өзіміздің оркестр бірден ойнап кеткен. Аналар ойнағысы келеді, қолдарынан келмейді. Шығыстың сарыны ғой өйткені. Оған тағы да джаз-рокты қосқанмын. Джаз-рокты бізде тыңдауға болмайтын, америкалық радиостансаны түнде тыңдайтынбыз.

Содан Роза Түркиядан «Алтын микрофонды» алып қайтты! Алдыңғы орында отырған қазақтар орындарынан тұрып кеткен! Оларға түріктер қосылған! «Сәлем, саған, туған ел» әніне бүкіл зал болып билеп кеткен! Роза маған да грамота алып келді: «За претворение национальных традиций в современную эстраду». 1979 жыл, біздің мырқымбайлар «Дүйсекеев қазақша музыка жазбайды» деп жүрген кез.

– «Сол екі ән дара күйде қалсын деп ары қарай сол сарынмен әндер жазбадым» дейсіз. Бүгін де сол пікіріңізде қаласыз ба?

– Қаламын. Шынына келгенде, ойландым: «Жаңалық туды ма? Енді қайталауға болмайды! Сен мамансың ғой, ізден әрі қарай».

– Дара екі әніңізді аты «терме» деген атауы біреу ғана болғанмен, мақамы алуан түрлі дүние секілді етіп, әсіресе, рухты көтеретін, патриоттық әндер жазуды ойлап жүрген жоқсыз ба? Дәл сондай рухты көтерер әнге халық сусап отыр ғой, қазір.

– Ойлап жүрмін. Баяғыда 1979 жылдан 1984 жылға дейін Қазақ теледидарына термені, айтысты шығарған өзім едім. «Домбыра» әніміз үшін Шөмішбай екеумізді түрмеге отырғызып қоя жаздады ғой... КГБ бір жыл бойы әурелеген бізді. «Шовиниссіңдер, националиссіңдер» дейді. Біз «жоқ, біз бар болғаны халқымызды жақсы көреміз» дейміз.

– Бүгінге соңғы сұрақ. Ерекше әсер еткен бір-екі үлкенді-кішілі оқиғаңызды еске түсіріңізші.

– Өзбекстанның «Үшқұдық», «Тамды» аудандарынан бір топ ақсақал мені арнайы іздеп келіп, қаракөлдің терісінің «алтын сұр» деген сортынан бөрік тігіп әкеліп, кигізіп кетті. «Біздің қазақтар сізді қатты қастерлейді. Ақсақалдар құрылтайының шешімімен сізге сыйлап отырмыз» деді.

Мына оқиға да есімнен кетпейді. Бір күні жұмысқа келе жатсам, жолда бір келіншек мені тоқтатып амандасты. «Сіз Кеңес Дүйсекеев емессіз бе?» деді. Танымайтын адамның маған айтқаны: «Сіздей адамдар жер бетінде бірен-саран. Сізге зор денсаулық, қуат тілеймін. Сіздің әндеріңізге жететін әндер жоққа тең» деп мені таң қалдырды. «Рахмет!» деп кете бердім.

Мен көрмеген, білмеген, естімеген азаматтар! Қалай тебіренбейсің, қалай рахат сезімге бөленбейсің?!

– Рахмет! Күш-қуатыңыз қайтпаған күйі, еліңізге еңбек ете беріңіз!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,

«Ońtústik Qazaqstan».

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз