Дәрігер бәріне дайын болуы керек

Басты байлық – денсаулық. Қазақ халқының осы бір қанатты сөзінің байыбына биыл еріксіз көз жеткізіп келеміз. Дүние жүзін дүрліктірген дүлей кесел халықты сергелдеңге салып қойды. Қауіпті індеттен әлемде миллиондаған науқас көз жұмды. Бүкіл әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы Түркістан облысына да ауыр салмақ түсірді. Жасыратыны жоқ, дәрігерлер бұл вирус инфекциясымен тұңғыш рет бетпе-бет келіп, мылтықсыз майдан басталды. Өңіріміздегі барлық медицина қызметкерлері арнайы оқытулардан өтіп, олардың қауіпті дертпен күресу дайындығы барынша күшейтілді. Өкініштісі сол, бұл аурудың алдын алу оңайға түспей тұр. Өйткені, ауру шипасы әлі күнге дейін табылған жоқ. Бізге тиімдісі — ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу.

Түркістан облысы бойынша аталған індетті анықтайтын үш вирусологиялық зертхана жұмыс істейді. Зертханаларда тәулігіне 200-ден астам сынама алуға болады. Ал, Сарыағаш ауданында жылжымалы зертхана қызмет көрсетуде. Мұнда шекара асқан барлық азаматтар тексеруге алынып, талдама қорытындысы шығарылады. Зертханалар қауіпті індет вирусын анықтайтын қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдармен, ал, қызметкерлер жеке қорғаныш киімдерімен және залалсыздандыру мақсатында қолданылатын антисептиктермен толық қамтамасыз етілген. Жалпы, өңірдегі жұқпалы аурулар бөлімшелерінен 590 төсектік және карантиндік орталықтарда 1500-ге жуық арнайы орын әзірленген.

Коронавирус індетімен күрес мақсатында биыл Түркістан облысының барлық аудандық, қалалық ауруханалары Германияда шығарылған «Jenny» маркалы өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етілді. Облыстық бюджет есебінен өкпені жасанды желдететін 26 аппарат сатып алынды.

Халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын жақсарту мақсатында Түркістан облысының медициналық ұйымдары мақсатқа сай жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының тікелей бақылауында тұр.

Атап айтқанда, «Кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау» бағдарламасы бойынша 2020 жылдың 5 айында 823 маман өз біліктілігін жетілдірді. Оның ішінде 44 маман Ресейдің Новосибирск, Санкт-Петербург қалаларында шеберліктерін арттырып, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Биылдың өзінде мамандардың жоғары кәсіби деңгейлерінің арқасында Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 17 және облыстық балалар ауруханасында 80 күрделі ота жасалған. Дәрігерлер осылайша талай науқасты аман алып қалды. Жетісай, Келес, Сарыағаш, Сайрам, Шардара, Түлкібас аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында және облыстық клиникалық аурухана базасында ашылған инсульт орталықтарында науқастарға емдік-оңалту шаралары көрсетілуде.

Маман тапшылығына тоқталар болсақ, өңірде жалпы тәжірибелі дәрігер, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, акушер-гинеколог, педиатр, дәрігер-лаборанттардың жетіспеушілігі байқалады. Жыл басынан бері шалғай ауылдарға 24 жас маманға (жалпы тәжірибелі дәрігер, хирург, терапевт, педиатр) жолдама беріліп, олардың барлығы әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілді.

Биыл медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуына 2,5 млрд. теңге бөлініп, 5 айда емдеу мекемелерінің бұл көрсеткіш бойынша тапсырманың орындалуы 71,61%-ды құрады. Бірінші кезекте ана мен бала денсаулығына, жансақтау, ота жасау, жедел жәрдем қызметін күшейту мәселелеріне баса назар аударылған. Атап өтер болсақ, жансақтау бөлімшелері 7 лапороскопиялық хирургияға арналған видеоэндоскоптық жиынтықпен, 9 ультрадыбыстық жүйемен,

38 наркоз аппараты және өкпеге жасанды дем беру құрылғысымен жабдықталып, бір компьютерлік томограф құрал-жабдығы сатып алынды.

Денсаулық сақтау нысандарының барлығы компьютерлік техникамен толық қамтылған. Қала мен аудан орталықтарындағы медициналық ұйымдар интернет желісіне қосылған. Ал, ауылдық округтер онымен 73% қамтылған. Алдағы екі жылда бұл межені 100 пайызға дейін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Түркістан өңірі тұрғындарының денсаулық күзетінде жүрген, Гиппократ антына адал болып қажырлы қызмет етіп келе жатқан барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Олардың отбасына бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін.

Марат ПАШИМОВ,

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз