Әрекетке – берекет!

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Үнемі қат-қабат шаруаның арасында жүретін Аңсаған ағамызды бидай алқабынан жолықтырдық. Күнге күйіп күреңіткен қоңырқай өңінен өз кәсібіне шүкіршілігі, адал еңбектің табы сезіледі.

Аңсаған Әлімбаев – Түлкібас ауданының төл тумасы. Ауылда өсіп, қайнаған еңбектің қызық-шыжығын, риятын көріп, жұмысқа төселіп өскен ұл мектеп бітіргенде-ақ, несібесін ауылдан табатынын жүрегімен сезінген. Қолында дипломы да бар, біраз уақыт кеңселерде отырып қызмет істеді. Бірақ, қарекет еткен сайын адамның несібесі молая түсерін жан жүрегімен түсінді. Түсінді де, әкеден қалған шаруаны одан әрі дөңгелетуге бел шеше кірісті, яғни әкесі Сұлтанның шаруашылығын әрі қарай жалғастыруға бел буды. «Арман» шаруа қожалығы 1996 жылы құрылған. Қарамағында 30 гектар жері бар. Мақсары, жоңышқа, бидай егеді. Қоныстары – шаруаға жайлы, суы таза, шөбі шүйгін Кемербастаудағы тау етегінде. Қарамағындағы трактор, комбайнмен жерін жыртады, ешкімге жалынбай бидайын орады. Диқан да өзі, тракторшы да өзі, комбайншы да өзі. Үнемі ізденісте жүретін кейіпкеріміз биыл «Бастау-бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздері бойынша білімін жетілдірді. Мамандардың көмегімен бизнес-жоспарын әзірлеп, «Агробизнес» бағдарламасы аясында жергілікті несие серіктестігінен тиімді несие алды. Ол қаражатқа 30 сауынды сиыр, 13 бие сатып алып, кәсібін жандандырды. Бүгінде олар өндірген табиғи таза өнімнің игілігін аудан тұрғындары көруде. Аңсаған Әлімбаевтың айтуынша, Құдай қосқан қосағы Мая мен бес бала-шағасы кәсібінің дөңгелеуіне өз үлестерін қосуда. Ағамыз сонымен қатар, ауылдағы төрт азаматты жұмыспен қамтып, бала-шағаларының нәпақасын табуына себепкер болуда. Осылай кейіпкеріміз әрекет еткендердің берекеті арта түсетінін дәлелдеп отыр.

Түлкібас ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз