Білімді шыңдау – өмір талабы

Елімізде пандемияға байланысты оқу жылының соңғы айлары қашықтан оқыту жағдайында өтті. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде шәкірттер де қашықтан оқытудың маңыздылығын түсінді. Әсіресе, бұл процесс күндізгі оқуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға өте тиімді болды. Бүгінде цифрлық технологиялар мен интернет көмегімен кез келген жанның үйден шықпай-ақ білім алуына мүмкіндік туды.

Қашықтан оқытудың тиімділігіне біздің колледж ұжымы да өздерінің жұмыс практикасы барысында көз жеткізді. Студенттер мұғалімнің берген тапсырмаларын жіті тыңдап, өз бетінше мұқият дайындалды. Әрине, қиындықтар да болды. Алайда, ұстаздардың біліктілігінің арқасында, шәкірттерге жан-жақты бағыт-бағдар беру арқылы қашықтан оқыту дұрыс ұйымдастырылды.

Біздің ұстаздар қауымы қашықтан оқыту технологиясының бірнеше түрі бойынша дәрістер жүргізді. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде college snanion.kz негізінде құрылған.

Жалпы білім беруде кездесетін формалар секілді аталмыш жүйенің де артық-кем тұстары бар. Әлемдегі білім беру стандарттарына сүйене жасалған қашықтан оқытудың басты мақсаты – білім алғысы келгендерге зор мүмкіндік туғызу. Білім алушы географиялық орналасуы мен уақыт бірлігіне қарамастан, үйден шықпай-ақ қажетті ғылым-білімге өздігінен іздену арқылы қол жеткізе алады. Бұл, әсіресе, мүгедектерге, сондай-ақ тиісті жоғары оқу орындарының жоқтығына байланысты білім алу мүмкін емес аймақтарда тұратын адамдар үшін тиімді болды. Болашақ маман сабақ кестесін құру арқылы өзіне берілген тақырыпты қажетінше зерттей алады және ой-өрісін дамытуға қосымша уақыт табады. Оқу үрдісінде заманауи технологияларды пайдалану студенттің өз еркінде. Қазіргі кезде білім жетілдірудің сан алуан түрі ғаламторда толып тұр. Алайда, оның бәрі пайдалы бола бермесі анық. Сондықтан да мұғалімдер ғаламтордағы тек пайдалы ілім-білімді іріктеп, шәкірттердің білімге қызығушылығын арттырудың сан түрлі әдіс-тәсілдерін ұсына білді. Тағы бір айта кетерлігі, ақпараттық сауатсыздық, техникалық жабдықтарды жою және қашықтан оқыту бағдарламаларын іске асыру кезінде пайда болатын электронды жұмыстар студенттердің ғана емес, мұғалімдердің де цифрлық технологияны әлі де жетік меңгеруді талап ететіндігін көрсетті.

Алдағы уақытта Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі бұл бағытта оқу процесін тереңдете отырып, ақпараттық технологияны жан-жақты оқытуды қолға алмақ ниетте. Бұл үшін арнайы жоспарлар түзіліп, нақты жұмыстар ұйымдастырылуда.

Сондай-ақ, біздің ұжымның қашықтан оқыту жүйесі енгізілгенге дейін білім беру саласында жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен, колледжде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2019 жылы Жастар жылының ашылу салтанатында берген бұйрығына сәйкес «Жас маман» жобасы әзірленген болатын. Жобаның мақсаты – еліміздегі 180 колледж бен 20 университетті модернизациялау және нарықта сұранысқа ие 100 мамандық бойынша білікті, бәсекеге қабілетті, халықаралық деңгейде талап етілетін мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Осы жоба аясында шәкірттеріміз үлкен додаға қатысып, республикадағы оқу орындарының арасында «автокран және ағаш шебері біліктіліктері» бойынша жүлделі орынды иеленді. Ендігі кезекте аталмыш білім ордасы «Жас маман» жобасын ары қарай жүзеге асыра отырып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 2021 жылдан бастап академиялық дербестікті енгізу, шетелдік әріптестерді шақыру арқылы білім беру процесін «DALA-CONSTRUCTION.KZ» ЖШС мекемесімен бірлесіп жаңарту, оқытушылар мен өндірістік-оқыту шеберлерін қайта даярлау, сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сәйкес оқу бағдарламаларын құруды көздеп отыр. Сондай-ақ, биыл шілде-қыркүйек айлары аралығында колледждің педагогикалық-инженерлік құрамы Назарбаев интеллектуалды мектебінің біліктілікті арттырудың «Жаңартылған білім мазмұнымен оқыту» тақырыбында курстардан өтеді.

Шәкірттерімізді қашықтан оқытуды «COLLEGE Smartnation.kz» платформасы арқылы қамтамасыз еттік. Студенттер де өз кезегінде бағдарламаны оңай игеріп, кері байланысқа еркін шықты. Дегенмен, ауылды жерлерде ғаламтор желісі қарқынының төмендігіне байланысты кейбір студенттер WhatsApp желісі арқылы оқыса, ұстаздар білім беру жүйесіндегі жаңалықтардан хабардар болу үшін ZOOM бағдарламасымен жұмыс істеді.

Бүгінде білім берудің сан түрлі жолдары қарастырылған. Шәкірттердің біліктілігі мен білімі, ой-танымының жоғары болуы отбасында, мектепте қалыптасады. Арнаулы және жоғары оқу орындарында ұстаздар тек бағыт-бағдар бере отырып, өмір жолын дұрыс таңдауына жол ашады. Қашықтан оқыту студенттердің ғана емес, ұстаздар қауымының да білімін жетілдіруді талап етеді.

Нұрсұлу ҚАЛИЕВА, Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі директорының міндетін атқарушы. Шымкент қаласы.

 

 

Пікір қалдырыңыз