Адасып қалған балалар үйлеріне қайтарылды

Түркістандық полиция қызметкерлерінің қырағы жұмыстарының нәтижесінде жоғалып кеткен екі бүлдіршін дін аман табылды.

Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару кезінде Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция лейтенанты Берік Падходжаев Сарыағаш қаласы көшелерінің бірінде жылап жүрген баланы байқайды. Тәртіп сақшысы кішкентай баланың жанына келіп, оның ата-анасы қайда екенін сұрайды. Нақты жауап ала алмаған учаскелік инспектор 3 жасар баланы полиция бөліміне жеткізіп, кезекші бөлімге хабарлады. Бір сағаттан кейін Сарыағаш АПБ-не баланың ата-анасы келіп, полиция қызметкері олардың адасқан ұлын өздеріне тапсырды. Бұдан бөлек бір апта бұрын сарыағаштық полицейлер аудан орталығындағы көшелердің бірінен адасып қалған 4 жасар баланы тауып, үйіне қайтарған еді.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болу қажеттігін ескертеді және балаларын қараусыз қалдырмауды сұрайды. Балалар мен жақындарыңыз жоғалған жағдайда тез арада 102 телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет.

Иллюстрациялық фото: ашық дереккөз


Пікір қалдырыңыз