Той бизнесіндегі тоқырау біраз былықтың бетін ашты

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Пандемия талай нәрсенің «бетпердесін шешті». Әсіресе, кәсіпкерлік саласындағы біраз былықтың беті ашылды. Бүгінге дейін қоғамда ірі кәсіпкерлердің табысын, жұмысшылар санын азайтып көрсетіп, табыс салығын өте аз құятыны туралы әңгімелер жиі айтылатын. Ал, елдегі үш айдан бергі карантин кәсіпкерлерді шындықты мойындауға мәжбүр етті. Карантин әбден титықтатса керек, «миллиондаған табысымыздан айырылдық, қарамағымыздағы пәленбай адамның аштан қалатын түрі бар» деп шырылдады олар. Сөйтіп, мемлекеттен көмек сұрады. Олардың арасында тойхана иелері де бар... Ал, тойхана – біздің оңтүстікте бизнестің «төресі».

Шымкентте 1 мамырдан бастап бірқатар кәсіпкерлік нысандар жұмысын бастады. 11 мамырдан бастап базарлардың қақпасы ашылды. Ал, тойханалар қызметіне рұқсат берілген жоқ. Бұл той бизнесі ғана емес, шоу-бизнесте жүргендердің де қалтасын әбден жұқартқаны анық.

Оңтүстікте той қыс-жазға, бұрынғыдай жеміс-көкөніс піскенге қарамайды. Жыл бойы бір тоқтамайды. Миллион халқы бар қаладағы 120-дан аса тойхана мен 700-дей мейрамхана, дәмхананың есігі бір күн болсын жабылған емес. Тіршілігі қайнап, қызып жататын. Шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, сырға салу, үйлену той, мерейтойға соңғы жылдары «тілашар», «папкі той», «шәпкі той» өткізу дәстүрге айналып, тойды тоқтатуға ешкімнің қауқары жетпей жүрген. Міне, әлемді шарпыған індетке байланысты карантин жарияланған тұста, амал жоқ, біздің тойшыл қауымның да аяғына тұсау салынып, тойханалардың есігі тарс жабылды.

Рас, карантин ешкімге оңай соққан жоқ. Әлеуметтік желіде жұрт айтқандай, тойхана иелерінің мұртын балта шаппағанымен, күнделікті нәпақасын тойханадан айырып жүрген әнші мен аспаз, даяшы, тойхананы безендіруші мен фотограф, асаба, операторлардың мына үш ай карантинде қиналыңқырап қалғаны анық. Продюсерлік орталықтар, әншілер мен той көйлек салондары, тіпті сән салондарында жұмыс істейтін тағы қаншама адамның тағдыры осы той бизнесіне байланған.

Жуырда Шымкенттегі той және шоу бизнестің төңірегінде жүргендер тойханалардың ашылуын талап етіп, әкімдікке жиналды. Қалалық әкімдік алдында өткен митингке тойхана иелерінің өздері болмаса да, әкімшілері келді. Оларға шоу-бизнес өкілдері қосылды.

«Тойхана ашылсын!» деп талап қойды олар. Тойхана әкімшілері екі-үш айдан бері күнделікті табыстан қағылып, жағдайларының тым ауырлап кеткенін, даяшы, аспаздарының да мүлде жұмыссыз, күнкөріссіз қалғанын алға тартты. «Бір тойханадан кемі 60 шақты адам нәпақа табатын, сонша адам жұмыссыз қалды» деп шырылдады олар.

Тоқтаңыз… Қайдағы 60 адам?! Тойхана иелерінің табыс салығын төлерде бар болғаны бес-алты адам жұмыс істейді деп көрсететіні қайда?

Өткен жылдың күзінде қалалық қоғамдық кеңестің отырысында Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Н.Құлымбетовтің кә­сіпкерлердің, оның ішінде тойхана иелерінің мемлекет игі­лігі үшін тиісті салықтан жалтарып, табысын дұрыс көрсетпейтіні туралы ашына айтқанын әлі ұмытқан жоқпыз. Баяндамашы мұндай салық төлеушілер қатарында халық сенім артқан мандат иелері де бар екенін айтқанда залдағы біраз депутат етіне біреу ине сұғып алғандай шоршып түскен. Әріптестері туралы айтылған сынды қабылдағылары келмей, «мұндай мәселені кабинетке жеке шақырып айтуға болмай ма?» деп қарсылық білдіргендері де болды. Жасыратыны жоқ, депутаттардың басым бөлігі – кәсіпкер, кәсіпкерлердің көпшілігінің тойханалары бар. Таяқтың бір ұшы өздеріне тиіп кететінін сезді ме, әйтеуір шар ете қалған.

Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінде жүргізілген жалпырейдтік шара аясында 2564 кәсіпкердің табысын жасырып келгені анықталып, мемлекетке 64 млн. 700 мың теңге өндірілген. Ал, 1055 кәсіп иесі әжептеуір айналымы бола тұра жеке табыс салығы декларациясын нөльдік көрсет­кішпен табыс еткен. Әкімшілендіру жұмыстарының арқасында олардан 144 млн. теңге өндірілген. Салықшылар былтыр қаладағы 11 ірі базарды тексеру арқылы 155 млн. теңге көлеміндегі резервті анықтапты. Ал, 118 тойханаға жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде олардың жылдық табыс көрсеткіші 3-4 есеге өскен. Яғни 379 млн. теңгеге дейін табыс түсетіні белгілі болған.

Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тойхана, мейрамхана мен дәмхана иелерінің көзге көрініп тұрған миллиондаған та­бысы бола тұра салықты өте төмен мөл­шерде құятынын айтып қынжылады. Тіпті, арасында «айына бір-ақ рет той болды» деп есеп беріп, артынша той істейтін жеке тұлға ретінде телефон шал­саңыз, демалыс күндері былай тұрсын, тіпті алдағы екі-үш айдағы жұмыс күндерінде де бос болмайтынын естисіз» дейді олар.

Тойхана, мейрамхана, қонақүйлер мен монша кешендері сияқты табысын және жалдамалы жұмысшылар санын азайтып көрсеткен салық төлеушілерге жүр­гізілген 19 хронометраждық зерт­теулер нәтижесі олардың кірісте­рінің есептегіден 5 есеге дейін жоғары екенін көрсеткен. Яғни тексерудің алдында олар­дың кірістері 208 млн. теңге деп көр­сетілген болса, зерттеу жүргізілгенде 1 млрд. 180 мың теңге екені анықталған. Есепке енгізілмей жүрген 133 жалдамалы жұмысшы бар екен. Міне, осылай! Салықшылар осынша кемшілікті анықтап, тойхана иелеріне ескертеді, бірақ ешқандай нәтиже жоқ.

Шымкент қалалық кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Жұлдыз Бейсенбаева бүгінгі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын айтады. Мәселен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Президентінің Жарлығы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 3 жылға дейін барлық табыс салығынан босатылды. Елдегі төтенше жағдайға орай ірі кәсіпкерлік нысандар да жыл соңына дейін салықтан босатылды. Мүлік салығы кешірілді. «Осылайша бірінен соң бірі мемлекетке түсетін түсім төмендеп жатыр. Кәсіпкерлерге қойылатын жалғыз талап – табыс көзін жасырмай көрсету. Табыс «көлеңкелі» болмасын десек, әр азамат, әр салық төлеуші алған тауары мен қызметіне чек талап етуі керек. Осылайша халық келешекте болатын декларация тапсыру шараларына бейімделе береді» дейді басқарма басшысы.

Енгізілген өзгерістерге сай басқарма басшысы бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандардан мемлекет қоржынына түсетін 3 млрд. теңгеден астам қаржы жоғалып отырғанын айтады.

Бірді айтып бірге кетпейік. Жалпы, біздің айтпағымыз – тойханалардың өз өтіріктерін өздері әшкерелеуі. Кезінде салықтан жалтарып, табысын аз көрсетіп жүрген кәсіпкерлер «карантин салдарынан миллиондаған табыстан қағылдық, бір айда пәленбай миллион теңге табыс түсетін...» деп дабыл қағып, той бизнесіндегі уақытша тоқыраудың арқасында бұл саладағы біраз былық су бетіне қалқып шықты.

P.S. Осынау тақырып төңірегінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тойхана иелерімен кездесті. Әкім тойхананы мейрамхана ретінде пайдалана тұруға кеңес берді. Ал, күні кеше Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында тойхана иелерімен қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаев және палата директоры Нұрлан Қабыштаев кездесіп, шаһардағы эпидемиологиялық жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды. Тойхана иелері карантин талаптарын орындауға әзір, тек тойхананы ашуға рұқсат беруін сұрады. Әзірге екі тарап мәмілеге келген жоқ, алдағы уақытта бұл мәселені арнайы комиссия қарайды.

 

 

Пікір қалдырыңыз