Демократияға бағытталған батыл қадам

Президент Қ.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі экономикалық өсудің жаңа сапасына қол жеткізу әлеуметтік-саяси ілгерілеуімен қатар жүруі тиіс деген еді. Жолдауда экономиканы елдің саяси-қоғамдық өмірін жаңғырту арқылы іске асыруға болатыны айтылған. Осыған байланысты Президент Жолдауында митингілер туралы заңнаманы жетілдіру туралы тапсырма берген болатын. «Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс» деп атап көрсеткен еді. Елімізде жақында митингілер, сайлау және саяси партиялар туралы заңдардың қабылданғаны белгілі.

Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңның қабылдануы елдің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Жаңа заң демократиялық қоғамның талаптарына сәйкес митингі өткізудің мәдениетін қалыптастырып, қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін арттыруға көмегін тигізеді.

Жаңа заңда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы мен қатысушының құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Бейбіт жиналыстарды өткізуге еліміздің астанасында, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетін қалалар мен аудандарда арнайы орындар бөлінеді. Бұл азаматтардың өз ойын білдіруге қатысты мүмкіндіктерін кеңейтеді. Әрі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі уақыт талабынан туындаған демократиялық үдерісті жалғастыруға бағытталған батыл қадам.

Заң «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың бір көрінісі болады. Осы заңның қабылдануымен билік пен қоғам арасындағы байланыс кеңейе түспек.

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ, зейнеткер ұстаз. Төлеби ауданы.

 

Пікір қалдырыңыз