Мақтааралдық өрендер «Балдәуренде» демалуда

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің ресми сайты


 

Түркістан облысындағы «Балдәурен» Республикалық оқу – сауықтыру орталығы филиалында Мақтаарал ауданынан келген балалар «Жылы жүректен» отбасы құндылықтарының акциясы атты 7 ауысымда жазғы демалыстарын көңілді өткізуде. Естен кетпес естеліктер, жарқын сәттерге толы ауысым өз жалғасын табуда.

Орталықта балалардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау үшін екі күнге созылған «Намыс дода» спорттық мерекесі болып өткен болатын. Спорттық сайыстың ашылу салтанаты -  өткеннің өнеге – үлгісіне толы сөздермен, түрлі спорт түрлерін наисхаттаған арнайы прологпен жүргізілді. Рух берер спорттық әнмен жалғасын тапқан іс – шара жоғары деңгейде өткізілді. Топтық ойын түрлерінен, ұлттық спорт түрлерінен жекелей біріншіліктерде сынға түскен ауысым қатысушылары бар күш – жігерін жұмсап жеңіске деген құштарлығын танытып жатты.

Жас ерекшеліктеріне байланысты жоғары және кіші топтар арасында қызу ойын, тартысты бәсеке жүрді. Ұлттық ойындар арқылы ұлттық салт – сананы насихаттап, қазақылықтың қаймағын дәріптеп жаттық. Топтық ойын түрлерінде бәсекеге түсе отырып, ауысым қатысушылары өздерінің жетістіктерін көрсете отырып топпен, қоршаған ортамен қарым – қатынасы анықтала түсті.


Рух, жігер, өзіне және жолдастарына деген сенімділік сыйлаған спорттық сайыстардың бала тәрбиесінде, оның дамуы мен өзін жетілдіруінде берері мол. Алдыңғы арба ағалары жүрген жолмен жүріп, көк байрағымызды әлем ареналарында желбіретіп, Әнұранымызды қалықтата шырқатуға ниет пен мақсаттары осы бір ойындардан соң туындап жатты.


Сайыс соңында жеңімпаз топтарды және жас спортшыларды марапаттау үшін үлкен сахнада «Намыс дода» ойындарының салтанатты түрде жабылуы болып өтті. Көпшіліктің қошеметіне бөленіп еткен еңбегі мен төккен тердің жемісі, кеудені керген мақтаныш сезіміне толы болған алаңда жоғары көңіл – күй орнады.

Жас спортшыларымызға сәттілік әрдайым серіктері болсын!

 

 

Маржанай Қызметова ,

Түркістан облысы «Балдәурен» Республикалық оқу – сауықтыру орталығы филиалының әдістемелік бөлім әдіскері 

Пікір қалдырыңыз