Бейбіт шеру өткізу енді заңмен реттелетін болды

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойды. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңы да бар. Осы маңызды құжатқа байланысты азаматтардың митинг өткізуіне мемлекеттік органдар тыйым сала алмайды. Заңда халықаралық тәжірибелер ескерілген. Бейбіт шеру ұйымдастыруға бекінгендер әкімдіктен бұрынғыдай рұқсат сұрап жүрмейді. Бірақ, жергілікті билік өкілдерін 5 күн бұрын ескертіп қоюы керек.

Біздің елiмiздегі «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Заң тәуелсiздiк алған алғашқы жылдарда, 1995 жылы 17 наурызда мемлекеттiң қалыптасу кезеңiнде қабылданған болатын. Содан бері арада сырғып ширек ғасыр өтті. Ендігі жерде ол қоғамның бүгiнгi сұраныстарына жауап бере алмайтын еді. Мұның өзi қоғамда наразылық пен түсiніспеушiлiктердiң тууына себеп болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегінде халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанда бейбіт митинг өткізуге рұқсат берілетінін айтқан болатын. «Егер бейбіт акциялар заңды бұзуды, азаматтардың тыныштығына кедергі келтіруді көздемесе, түсіністік танытып, оларды өткізуге рұқсат беру керек. Қала сыртында емес, арнайы жерлерде өткізе алатындай аймақ болуы қажет. Конституцияға қайшы кез келген іс-әрекеттерге шақыртулар, бұзақылық акциялар заңға сәйкес тоқтатылады» деп еді Мемлекет басшысы. Соған орай биыл ақпан айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиын туралы заң жобасын әзірлеп, қоғам талқысына ұсынған болатын. Бұрынғы заңға толықтырулар мен түзетулер енгізгеннен гөрі, жаңа заңды қабылдау әлдеқайда жеңілірек көрінеді. Сол себепті жаңа заң бастан-аяқ қайта әзірленді. Президент қол қойған жаңа заң үш тараудан және 21 баптан тұрады. 1995 жылғы заңда 12 бап болған. Екі заңды салыстырғанда тұжырымдамалық тұрғыдан да, құқықтық тетігі жөнінен де айырмашылық көп. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есиннің айтуынша, бейбіт жиынды өткізуде әкімдіктің келісімі талап етілмейді. Жергілікті атқарушы орган хабарламаны алғаннан кейін бейбіт жиналысты өткізуге көмек көрсетеді. Егер бейбіт жиналысты өткізу мақсаты заңға қайшы келсе, әкімдік үш жұмыс күні ішінде оны өткізуден бас тартуы мүмкін. Бірақ, бас тартудың нақты негізі болуы тиіс. Сенат депутаты С.Еңсегеновтің пайымдауынша, жаңа заң халық-аралық нормаларға, Конституциямыздың талабына толық сәйкес келеді. Алайда, жұрт пікірі әрқилы. Бірі заң пандемия кезінде асығыс қабылданды десе, енді бірі бұрынғысынан айырмашылығы шамалы дегенді айтады.

Өзге өркениетті елдер сияқты қазақстандықтар да митингіге шығу арқылы билікке көкейде жүрген ойларын жеткізуге тырысады. Әрине, елдегі саяси жүйеге өз талаптарын айтып, наразылығын білдіру азаматтардың құқығы мен еркіндігіне жатады. Бейбіт шеруге шығуда бүгінде біздің халықтың мәдениеті қалыптаса бастады десек те, әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін тұстары кездеседі. Ұлы Абайдың «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деген сөзінің ақиқаттығын дәлелдейтін жайлардың куәсі болып қалатынымыз бар кейде. Көнбістікке салынып, әлдебіреулердің жетегінде кете бермей, әр адам өзіндік ой-пікір, ұстанымына адал болуы тиіс.

Ел іші болған соң жоғары билік жүргізіп отырған саясатқа көңілі толмайтындар кездесіп қалып жатады. Ол кеше де солай болған. Мәселен, менің бір танысымның митингте шаруасы жоқ. Өзбекстаннан отбасымен өз бетінше көшіп келген жігіт осында тірлігін дөңгелетіп отыр. Тандыр самса жауып сатып, бір-екі жылдың көлемінде пәтерін де, көлігін де, жер телімін де алды. Несиеге жолаған жоқ. Адал кәсіпті игерген еңбекқорлығының арқасында бәріне өзі қол жеткізе білді. Ол біреу «митингке шығайық, жүр» десе «кешіріңіз, ағасы, қолым тимейді» деуі мүмкін. Себебі, ол өзінің кәсібімен айналысқанды дұрыс көреді. Ал, тағы бір танысым осыдан 15 шақты жыл бұрын «менің үйім жоқ, маған қалалық әкімдік пәтер бермей ме?» деп бұрқан-талқан болған. Оның тегін пәтер сонау келмеске кеткен кеңестік кезеңмен бірге көзден ғайып болғанын әлі түсінбей жүргеніне таңмын. Сол көкеміздің бүгінде жасы біразға келсе де пәтер жалдап тұратынын білемін. Егер сол кісіге тағы біреу: «шеруге шығайық, билікке мұң-мұқтажыңды жеткіз» десе, сөзге келместен ере жөнелетініне күмәнім жоқ. Демек, ереуілге көп адамды әлеуметтік жағдайы итермелейді, ал, саясат жасағысы келетіндер жағдайды мүмкіндігінше өзіне қарай икемдей береді. Рас, жұрттың бәрінің бірдей жағдайы керемет, ешкімнің халі соншалықты мүшкіл емес деуден аулақпыз. Көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, асыраушысынан айырылғандар, қараусыз қалған қариялар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар тағдыры... ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық.

Бейбіт шеру дегеніміз не өзі? Қарапайым жұрт тек мұң-зарымызды ғана айтамыз да қайтамыз десе қателеседі. Кейбір кездері мұның артында үлкен қитұрқы саясаттың тұратынын түсінбейді. Сондықтан арандап қалудан сақтану қажет. Жат пиғылдылар сонау бір қиырда отырып алып, жұртты отқа итеріп салудан тайынбайды. Олардың ортаға іріткі салып, не болмаса адам өліміне соқтыратын қылмыс жасап, қақтығысты әдейі өршітіп, көзден таса болатын жандайшаптары да жоқ емес. Міне, қоғам үшін өте қауіпті топ – осылар. Олардың мақсаты – қоғамның тыныштығына сына қағу, халықты бір-біріне қарсы қою. Осылайша бірлігі мен тұтастығы мызғымастай көрінетін бейбіт елді жан-жақтан талап, берекесіздікке ұрындыруды көздейді. Мұның сыртында қыруар қаржы тұратыны жайлы қауесет те барын жасырып қайтеміз. Не десек те, бәрі өзімізге, өзіміздің сауаттылығымызға, санамызға байланысты. Билікке наразылығымызды мәдениетті түрде білдіруді меңгерсек, қоғамдық тәртіпсіздікке соқтырар жиындардан сақ болсақ, ауызбіршілігіміз бен татулығымызға сұқ көзін қадаған сырттағы дұшпанға дес бермесіміз анық...

 

ӘЛЕМДЕ МИТИНГІЛЕР ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Францияда хабарламалар 3 күн бұрын және 15 күннен аспайтын мерзімде коммунаның жергілікті мэриясына беріледі. Онда ұйымдастырушылардың аты-жөні, мекенжайы, орналасқан жері, уақыты, күні және егер шерумен жүретін болса – қозғалыс бағыты туралы ақпарат болуы қажет.

Францияның Қылмыстық кодексіне сәйкес, қатысушылар заңсыз жиналысты тоқтату туралы 2 бұйрықты назардан тыс қалдырса, оны құқық қорғау органдары таратуы мүмкін.

Германияда бейбіт жиналыс өтетіні туралы хабарламалар жергілікті полицияға 48 сағат бұрын жіберілуі керек. Ұйымдастырушы демонстрацияны уақтылы тоқтатуға, шеру болған жерден адамдардың тарқауына және тәртіпті қамтамасыз етуге жауап береді, сонымен бірге ол кәмелет жасқа толған болуы және тек ақ таңғышпен жүруі керек.

Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция адамдардың жиналуына тыйым салуы мүмкін.

Ұлыбританияда шеру немесе жиналыс өтетін күні, уақыты, бағыты, оны ұйымдастырушының аты-жөні мен мекенжайы туралы хабарлама 6 күн бұрын жергілікті полиция бөлімшесіне беріледі. Егер жергілікті полиция қызметінің басшысы бұл жиналыс қоғамдық тәртіпсіздікке алып келеді деп санаса, ол округтік кеңеске шағымдана алады және мемлекеттік хатшының келісімімен барлық бұқаралық шараларға 3 айға дейін тыйым салу туралы бұйрық шығара алады.

Ресейде хабарламалар бұқаралық іс-шарадан 15 күннен ерте емес және 10 күннен кешіктірмей Ресей Федерациясы субъектісінің жергілікті атқарушы органына немесе жергілікті өзін-өзі басқару органына шерудің мақсаты, формасы, өту орны, көлік құралдарын пайдалану қажет болған жағдайда көлік құралдары туралы ақпаратты көрсете отырып жіберіледі. Жиналыс өтетін күні, басталу және аяқталу уақыты, сондай-ақ қатысушылардың болжалды саны, ұйымдастырушының қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және медициналық көмекті ұйымдастыру формалары мен әдістері міндетті түрде көрсетілуі керек. Қатысушылар туралы, олардың тұратын жері немесе орналасқан жері, телефондары, ұйымдастырушы уәкілетті тұлғалардың тізімі, бұқаралық іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге уәкілеттік берген адамдардың тізімі туралы, дыбыс зорайтқыш техникалық құралын қолдануға ниетті екенін білдіретін ақпараттар көрсетілуі қажет.

Ресейде қоғамдық жиналыстар өткізу үшін арнайы орындар белгіленген.

АҚШ-та әр штаттың өз ережелері бар. Барлық жерде дерлік митинг өткізуге арнайы рұқсат қажет. Ол үшін жергілікті полиция департаменттерінің немесе ұлттық парк қызметінің ресми веб-сайттарында орналастырылған бланкты толтырып, өтініш беру керек.

 

 

1 пікір

Пікір қалдырыңыз