АҚ пен ҚАРА айқасы

Қазір әлем жұртшылығы АҚШ-та енді не болады деген сұрақтың жауабын іздеп жүр. Мұхиттың арғы бетіндегі дүрбелеңнің басталғанына 2 аптадан асты. Қара нәсілді азаматтың полиция қолынан қаза табуына байланысты басталған ереуіл жалпыхалықтық бүлікке әкеліп соқты. Жалпы, Америкада нәсілшілдік дертінің асқынып тұрғанына жүздеген жылдар болды. Оның ішінде саясаттың бір құралына айналып кеткен спорт саласы да бар. Біз бүгін спорттағы ең алғашқы нәсілшілдік дерті туралы әңгіме өрбітбекпіз.

ХХ ғасырдың басында американдық былғары қолғап шебері Джек Джонсонға төтеп беретін боксшы жоқтың қасы еді. Кәсіпқой рингте қарсылас біткенді қоғадай жапыратын Джек әлем чемпионы атағын иемдене алмай жүрген-ді. Оның себебі де жоқ емес. Джонсон қара нәсілді болғаны үшін оны аяқтан жиі шалып жүрді. Америкалық ақ нәсілділер оның чемпиондық атақты жеңіп алуына барынша кедергі жасап бақты. Джек Джонсон сол күйі әлем чемпионы атанбай кетер ме еді, егер оның бокс-менеджері Сэм Фитцпатриктің қулығы болмағанда...

Тәжірибелі менеджер Джонсонды сол кездегі әлем чемпионы, ақ нәсілді Тонни Бернспен рингке шығармақшы болады. Алайда, кездесу АҚШ аумағында өтетін болса, Джонсонның жеңілетінін жақсы түсінеді. Сол себепті Бернсқа қомақты қаражат ұсынып, жекпе-жекті Австралияда өткізуге келіседі. Бернс салмақ жағынан да, бой жағынан да әлеуеті төмен Джонсонды қалпақпен ұрып аламын деп ойлайды.

Бірақ, рингте Бернс күткен, көпшілік топшылаған кездесу болмайды. Джек бірінші раундтан бастап Тонниды соққының астына алып, қан-жоса етіп сабайды. Бокс көруге жиналған көпшілік кездесуді тоқтатуды сұрап, наразылық білдіреді. Алайда, оған төреші назар аудармайды. Тек 14-раундқа келгенде іске полиция араласып, Тонниды Джектен әзер ажыратып алады. Осылайша Джек Джонсон қара нәсілділер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы боксшы болады. Бұл 1908 жылдың желтоқсан айы еді.

Джонсонның әлем чемпионы белбеуін беліне таққаны АҚШ-та үлкен дау тудырады. Енді саясаткерлер Джонсонды рингте сабайтын ақ нәсілді боксшы іздей бастайды. Алайда, олардың үміт артып, шығарған боксшыларының барлығы Джонсоннан таяқ жеп қайтады. Ақ нәсілділердің ең зор үміт артқан боксшыларының бірі – Джимми Джеффрис еді. Олардың жекпе-жегін көруге 15 мыңнан астам адам жиналған. 5 жыл бойы жеңілістің ащы дәмін сезіп көрмеген Джеффрис те Джонсонның алдында тізе бүгеді. Жекпе-жектен соң сұхбат берген Джеффрис «егер бұл кездесу 1000 жылға дейін жалғасса да мен Джекті жеңе алмайтын едім» дейді. Джонсонның бұл жеңісі АҚШ-тағы ақ нәсілділердің наразылығын үдетеді. Сол жекпе-жекте түсірілген бейнетаспаны штаттарда сатуға тыйым салынады.

1912 жылы Джонсон қуғынға ұшырап, алдымен Канадаға, кейіннен Францияға қашып кетеді. Үш жолақты елде 7 жыл тұрып, АҚШ-қа қайтады. Туған жерінде оны ешкім сағына күтіп тұрмайды. Түрмеге түсіп, ол жерде де бірнеше жекпе-жек өткізеді. Түрмеден шыққан соң жол апатына ұшырап, қайтыс болады.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз