Рухсыздық дерті немесе «Бұл кездейсоқ хаос емес!»

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Бұрын да айтқанбыз, қазір де қайталауға тура келеді, бүгінгі әлем үлкен өзгерістердің қарсаңында тұрғандай әсер қалдырады. Ол өзгерістер жақсы жағына қарай бола ма, жоқ, керісінше бола ма, оны ажыратып бере алатындай қауқарымыз жоқ. Мойындаймыз. Бірақ, пенде болған соң жақсыдан үміттенеміз, әрине.

Кешегі сексенінші жылдардың ортасына дейін бүкіләлемдік саясатты КСРО және АҚШ дейтін екі алпауыт держава жасайтын. Америка тоқсаныншы жылдардың басында кеңестік империяның жаназасын шығарды да «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болатын жалғыз державаға айналды. Сол сол екен, Сэм ағай дүниенің төрт бұрышына «демократия» таратқыш болып алды. Қай мемлекет мұның саясатымен жүргісі келмейді, соған қарай «демократиясын» ала ұмтылады. Қалай «демократияға» қолы жетеді, әлгі елдердің астаң-кестеңі шығады. Несін айтасыз, Америка мызғымастай көрінетін. Сөйтсек, шын демократия оның өзіне керек екен ғой...

Сол алпауыттың бүгінде басына қара түнек орнаған сыңайлы. Әншейінде жұрттың ішкі-сыртқы саясатына араласып, өзін әлемнің жалғыз билеп-төстеушісіндей сезінетін АҚШ-тың килікпейтін жері жоқ еді. Оның негізгі стратегиялық мақсаты да сол, төңіректегі елдерге өздерінің әлем алдындағы мықтылығын сезіндіру. Айналасындағы Ресей, Қытай және Иран тәрізді мемлекеттерге өздерінің мықты екендіктерін көрсеткісі келетін де тұратын. Бүкіл дүние жүзіне ықпалын күшейту үшін АҚШ алдымен әскери базаларын көбейтті. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, қазіргі уақытта 140-тан астам ел мен аймақта АҚШ-тың үлкен-үлкен 374 әскери базасы бар. Ал, АҚШ-тың өз ішінде 871 әскери база бар, оның 242-сі теңіз флотына арналса, 384-і әуе күштерінің әскери базасы. Ауғанстанға жасаған соғысынан кейін ғана АҚШ Орта Азияға тұрақты әскер орналастыратын болды. Қазіргі кезде Ауғанстанға көршілес жатқан 9 елде АҚШ-тың 13 әскери базасы бар. Оның төртеуі Орта Азияның өзінде орналастырылған. Қырғызстандағы АҚШ-тың «Манас» авиабазасы 2014 жылы өз жұмысын тоқтатқаны белгілі. Осыған орай кейбір сарапшылар Бішкектегі АҚШ авиабазасының жабылуын «Орталық Азиядағы АҚШ ықпалын күшейту экспериментінің аяқталуы» деп бағалаған болатын.

АҚШ-тың өзін демократияны жақтаушы ел ретінде қарастырып әрі осыны желеу ете отырып, әрдайым басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласумен келе жатқанын айттық. БҰҰ-ның негізгі қағидаты «мемлекет территориясына қол сұғуға болмайды» деген болса, осы қағидат бұзылғалы қашан. Алдымен АҚШ ауған жеріне басып кірді, Иракты бомбалады.

Кезінде АҚШ Иракқа қарсы соғыс ашқанда көптеген елдер арасында оны қолдаушылар да, соғысқа ашық қарсылық білдіргендер де болды. Ол Иракқа ядролық қару-жарағы бар деген айып таққан. Алайда, ол жарылғыш зат Ирактан табылмады. Соның салдарынан ел ішінде ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар көбейді. Дегенмен, АҚШ-тың басты мақсаты сол жердегі мұнай құбырларын бақылап, аймаққа өз үстемдігін орнату болғанын өзгелер сезбеді емес, сезді. АҚШ пен Иран қақтығысы да Таяу Шығыстағы ахуалға қауіп төндірген. АҚШ Украинаның аузына да «демократияның» емізігін салып қойып, ақырында сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ мемлекеттердің біріне айналдырып жіберді. Бүгінде Украина ішкі бірлігінен айрылған. Ішкі бірлігінен айрылған мемлекеттің бәрінен айрылатынын білу үшін соншалықты ақылды болудың қажеті жоқ.

«Көп асқанға бір тосқан» демекші, сыртқа жалын күжірейтіп жүрген АҚШ билігі енді міне, өз мемлекетінің ішіндегі жағдайды бақылай алмай, бір-ақ күнде әбіржіп қалды. Американың ондаған қаласында болып жатқан ереуілдер АҚШ-тың өзге елдерге жасаған қиянатшыл әрекеттерінің өтеуі сияқты болып та көрінеді. Әрине, қара нәсілді күдіктінің ақ нәсілді полицейдің қолынан қаза табуы – үлкен қайғы, алайда, орын алып жатқан қарулы қақтығыстардың себебін жалғыз фактіден іздеу аңғалдықтың үлкені болып табылады. Бұл қақтығыстардың шын сыры құмның суы сияқты тереңде, тым тереңде... АҚШ-та президент сайлауы таяп келеді, оның үстіне қазіргідей күрделі экономикалық дағдарысты пайдаланып, афроамерикандықты феномен қылып, зорлық-зомбылық пен атыс қаруын қолдана отырып жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру сәтін былайғы жұрт қалт жібермей бақылап отыр.

Бұрындары ішкі саяси қақтығыстарды шешу үшін «түрлі-түсті революциялардың технологияларын» пайдалануға АҚШ ішінде мүлдем жол берілмейтін еді. Қазір ешқандай шектеулер жоқ. Содан да Трамп әкімшілігі мен ескі билік арасындағы келіспеушіліктер қақтығысқа ұласты. Ал, бұдан кейін тек бір тарап қана өміршеңдігін, еркіндігін сақтап қала алады. Демек, елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мәселелері осы қақтығыстағы саяси ставкалардың аясында ешкімді алаңдатпайды деген сөз. Соның салқыны емес пе, күні кеше наразылық білдірушілер АҚШ президенті резиденциясының айналасында полиция қоршауымен соқтығысуды бастады. Тіпті, жақын маңда орнатылған қоршауды бұзды. Бұлай деуімізге себеп, басқаша жағдайда наразылық білдірушілер әлдеқашан тұтқынға алынып, америкалық арнайы қызмет өкілдеріне түсініктеме беріп отырар еді. «Бірақ, бүгінгі Вашингтон ұлы империяның астанасына емес, 2013 жылғы Киевке ұқсап кетті» дейді ресейлік сарапшылар. Сол қақтығыстан полиция қызметкерлері арасында құрбан болғандар да бар. Ал, жараланғандардың санын есептеу қиын. Миннеаполис пен Портлендте коменданттық сағат енгізу тек қана жергілікті биліктің дәрменсіздігін көрсетті. Бәрібір тәртіпсіздіктер жалғасып жатыр. Өртелген дүкендер, қиратылған автокөліктер нағыз соғысты еске түсіреді. Ереуілдің қолдан әдейі ұйымдастырылғанының бір мысалын американдық журналистер де жазыпты. Олар бұл жәйтке өздері қатты таң қалғандарын жасырмайды. Мәселен, әлдебіреулер аяқ астынан полицейлермен кезекті қақтығыс орын алатын жерге алдын ала кірпіш түсіріп кетіпті. «Далластағы жанжал алдын ала жоспарланған болатын. Ұйымдастырушылар жиналған топқа қалай қарай баруды бағыттады. Ол жақта тәртіпсіздікке қатысушылар пайдалану үшін жүздеген кірпіш дайын тұрған. Олар еліріп алған шерушілерге «солға қарай жүріңдер, сол жерде 100 кірпіш жинаулы тұр» деп айқайлады. Бұл кездейсоқ хаос емес еді» деп жазды бір журналист. Тіпті, наразылық білдірушілерге қолдау көрсетіп, ұсталып қалғандарды босату үшін кепілдікке ақша беретіндер де бар. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі алдағы күзгі сайлаудан кейін басталатын дүрбелеңге дайындық сияқты. Америка бүгінде жәй адамдар мен элита болып екіге бөлінген. Осы екі бөліктің бірі сайлау нәтижелеріне анық риза болмайтындар.

Айта кету керек, осы жолы коменданттық сағат режимі АҚШ-тың кем дегенде 25 қаласына енгізілді. Ұлттық гвардия күштері 12 штатта жұмыс істеді. Ел бойынша барлығы 1400 адам түрмеге қамалды. Наразылық шерулері Америкада ғана емес, Берлин мен Лондонда да өтті. Трафалгар алаңындағы наразылық акциясына қатысушылар «әділдік пен бейбітшілік жоқ» деп ұрандап, парламент ғимаратының маңынан өтті. Наразылық акциясы АҚШ елшілігінің алдында аяқталды. Ал, Берлиндегі АҚШ елшілігінің алдында өткен шеруге 2 мыңға жуық адам қатысты.

Президент сайлауы алдындағы қитұрқы саясатқа Белоруссиядағы ахуал да мысал бола алады. Сайлауға екі ай уақыт қалды. Мұнда оппозициялық кандидаттарды қолдауға қол жинау барысы шерулер мен ереуілдерге ұласып кетті. Әсіресе, Минскіде жағдай ушықты. Бұрынғы банкир Виктор Бабарикоға және басқа да балама кандидаттарға қол қою үшін мыңдаған адам жиналды. Олар Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап етіп ұрандатты. Мемлекет басшысы Александр Лукашенконың мәлімдемесін тыңдасаңыз, елдегі жағдайға көңілі толмайды. Оның айтуынша, кейбір саяси күштер соңғы он жыл ішінде республикада қол жеткізілген игіліктердің бәрін жоққа шығарғысы келеді. Ол президенттік сайлау алдында елде оппозиция шынымен де Украинадағы оқиғаны қайталағылары келеді деп есептейді. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары да Белоруссиядағы жағдайды Украина мен Армениядағы оқиғалармен салыстырады.

Белоруссияда президент сайлауы 9 тамызда өтеді деп жоспарланған. Кандидат болуға ниет білдірушілер кемінде 100 мың азаматтың қолдауына ие болуы тиіс. Президенттің айтуынша, барлығы заң бойынша, әділ, адал болуы тиіс. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, ешкімге өз көзқарасын ашық айтуға кедергі келтірмейтініне, бірақ заң сақталуы қажеттігіне назар аударды. «Біз ешкімнің аузын жаппаймыз. Минскіде және басқа барлық қалаларда ойын еркін білдіруге болатын орындар анықталды. Минскіде осындай алты орын белгіленген. Біз тек сіздерге тым шектен шығып кетпеуді ескертеміз. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті полициямен бірге қандай жағдайда да заңды бұзуға жол бермеуі тиіс. Елде адамдардың бір-біріне кедергі келтіріп, тәртіпті бұзуына жол жоқ. Жұрт арасына іріткі салатын басбұзарларды ауыздықтау қажет» деп атап өтті Беларусь көшбасшысы.

Ал, біздің Қазақстан билігі мұндай ашық диалогқа дайын ба? Жуырда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға қол қойды. «Егер бейбіт акциялар заңды бұзуды, азаматтардың тыныштығына кедергі келтіруді көздемесе, түсіністік танытып, оларды өткізуге рұқсат беру керек» деді Президент.

Сонымен, әлем дүрлігіп тұр. АҚШ-тағы жаппай ереуілдерден кейін коронавирус пандемиясының өзі екінші орынға сырғып кеткендей. Вирустың ең қатерлісі – демократияның тонын киген рухсыздық деген вирус болып тұр. Құдай қазақты осы рухсыздық дертінен сақтасын.

 

Пікір қалдырыңыз