Билік жастарға мойын бұрды

Пернебай Сапаров, «Оңтүстік Қазақстан».

Мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. "Бұл заң қоғамдық-саяси қатынастардың демократиялық жолмен одан әрі дамуына ықпал етеді деп ойлаймын", - деді Президент Ұлттық сенім кеңесі отырысында.

Енді жаңа заңға сәйкес Парламенттегі депутаттар санын 30 пайыздан 100 пайызға дейін әйелдер мен жастар құрайды. Бұл мемлекеттік басқару мен шешім қабылдау процесіне халықтың түрлі тобын тартуға жасалған қадам болмақ. Және азаматтық қоғаммен диалог жасаудың ауқымын кеңейтеді. 30 пайыз ең төменгі көрсеткіш қана, одан жоғары болуына ешқандай шектеу жоқ.

– Саяси партиялардың тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 40, 50, 70 пайыз болса, оған ешкім шектеу қоймайды деген ұсынысқа тоқталдық, – дейді «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков.

Кез-келген елді алға жігерлі жастар жетелейтіні белгілі. Жастардың заң шығарушы органда отыруы қуантарлық жағдай. Партиялардың сайлау тізімінде жастар үшін міндетті квота белгіленуі олардың саяси белсенділігін танытуына берілген үлкен мүмкіндік. Парламент пен жергілікті өкілетті органдарға келген жастар замандастарының мәселесін көтеріп, тиімді шешім қабылдауға ықпал етеді. Мәжіліс пен мәслихатта саяси мәдениетті меңгеріп, заң жобасы мен жергілікті бюджетті талқылауға қатысады. Саяси мектептен сабақ алып, пікірталаста шыңдалады.

Әлем елдерінде жас кезінен билікке жетіп, өз елінде біршама өзгерістер жасаған азаматтар көптеп табылады. Мәселен, Украина, Армения, Эстония мен Грузия сияқты елдерде Еуропа мен АҚШ-тың  жоғары оқу орындарында білім алған білікті жастар көптеп билікке келді. Әрбірінің саяси карьерасы әртүрлі мерзімде болғанымен, олар сол елдің жүйесі мен мемлекеттік басқару тәртібіне біршама өзгеріс енгізе білді. Жастардың батыл қадамы ел ішінде тың серпіліс туғызып, болашаққа деген сенім ұялатты.

Айталық, 36 жасында Грузияның премьер-министрі қызметіне келген Бахтадзе Мамука ең шағын әрі әсерлі үкімет құрды.

Армениялық Никол Пашинян 43 жасында билікке келіп, Армения мен Еуроодақ елдері арасында визасыз жүріп тұру тәртібін енгізу мәселесін батыл көтерді.

Ал отызға толмаған Владимир Гройсман әкім болған Винница қаласы 2013 жылғы статистика бойынша Украинадағы өмір сүруге қолайлы қалалар ішінде 1-ші орын алды.

Тізе берсек мысал көп. Шетелдікке еліктемей-ақ өзімізден де таланты, дарынды, іскер жастар шығары бесенеден белгілі. Тек оларды баптай отырып дүбірге қосу – ел еншісінде. Заңға енген өзгеріс осы мәселеде оңтайлы келіп тұр.

Сонымен қазіргі уақытта партиялардың жастарды көтермелеуіне жағдай туындап отыр. Заңдағы түзетулер заңнамалық процеске жастардың қатысуына ықпалын тигізеді әрі олардың демократиялану жолына басар нақты қадамы болмақ. Сондықтан алдағы сайлауда жастарды саяси мәселелерді шешуге белсенді пайдалану еліміз үшін тиімді болмақ.

Жастарға әлеуметтік қолдау көрсету кезек күттірмейтін мәселе. Олардың білімді, бәсекеге қабілетті болуы үшін қоғам мен мемлекеттің қамқорлығы ауадай қажет. Кейінгі буын арасындағы жұмыссыздық, әсіресе ауыл жастарының екі қолға бір күрек іздеп шетел асып кетуі ойланарлық жағдай. Осы тұрғыдан алғанда билікке қолы жеткен өрендеріміз белсенді әрекетке көшіп, нәтижелі жұмыстар жасайды деген үміт бар.

 

 

Пікір қалдырыңыз