Түйреуіш

Титімдей ғана түйреуіш көңілімді алай-дүлей етіп, балалық шағыма деген сағынышты оятады деп еш ойламаппын. Ойлау тұрмақ, соңғы пәленбай жылда түйреуіш дегенді мүлде пайдаланбаппын. Кәдімгі түйреуіш. Күнделікті тұрмыста қолданатын. Перде, дорбаға резеңке, дамбалға ыштанбау өткізу үшін пайдаланатын... Кішкентайлардың қалпағына көзмоншақ өткізіп, тағып қоятын түйреуіш... Аналарымыздың көйлегінің омырау тұсын қымтап қоятын түйреуіш...

Мына бір бума түйреуішті қай кезде сатып алғаным да есімде жоқ. Бірақ, өзім күнделікті өмірде бұл затты мүлде пайдаланбайды екенмін. Соған қарағанда табаныма тікен кірмей кеткен ғой.

Бала күнімде менің ең сүйікті ісім – табанға кірген тікенді шұқып тұрып алу еді. Тіпті, кейде тікенді жерді іздеп жүріп жалаңаяқ басып, табанға тікенді әдейі кіргізетінмін. Рас айтам. Дәрігер боламын деп ойлайтынмын...

Түйреуіш-инені спиртпен сүртіп, не отқа күйдіріп стерильдеп алу керек екенін де кейін біліп жатырмыз...

Ол кезде әр үйде көрінетін жерде ине, түйреуіш секілді заттар ілініп тұратын кішкентай ғана жастықша болатын. Қазір барып жүрген үйлерімнен ондай жастықша көрмейді екем. Өзімде де жоқ (оны баяғыда өзіміз-ақ тігіп алатынбыз). Тіпті, үйде ине бар ма екен, бар болса қай жерде тұр екен деп ойлап отырмын.

Сол жастықшадан біреуін жұлып аласың да, табан шұқи бересің. Үйге кіруге ерінгенде, далада жұмыс істеп жүрген апама жетіп барам. Апамның көйлегінде міндетті түрде кемі бір түйреуіш болады...

Ойлап отырсам, аналарымыз осы титімдей түйреуішпен омырауын қымтап, ар-ұятын сақтаған екен ғой. Қалың матадан тігілген көйлектің ішінен де іш көйлек киіп алатын заманның әйелдері ғой олар. Осы тұста көз алдыма подиумға онсыз да үлбіреп тұрған мөлдір матаның ішінен іш киім кимей шығатын сәнқой Динагүл Тасова елестей кетті. Ол енді сән әлемінде жүрген қыз, басқаларымыздың да жетісіп тұрғанымыз шамалы.

Қазір ашық-шашық киіну, омырауды ашып жүруді тренд санаймыз. Тренд деп жүріп, омырауды қымтауды, әуретті жерді жасыруды ұмытыппыз. Тренд деп жүріп, түйреуішті ұмытыппыз...

Г.БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.

 

Пікір қалдырыңыз