Жұмыс жанданып келеді

Сайрам ауданында жаздық маусымда жиналатын көкөніс пен жеміс-жидек сатылымға шықты. Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков Манкент, Қарамұрт ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барып, көкөністерді саудаға шығару жағдайымен танысты.

Аудандағы «Камран» шаруа қожалығы құлпынай, таңқурай, картоп өсірумен және мал бордақылаумен айналысады. Диқандар құлпынайды дер кезінде сатуда қиындық болмағанын, тек ауа райының қолайсыздығынан өнім жылдағыдан аз болғанын айтуда.

Ал, Аққала елді мекеніндегі «Шерзад-1» сүт бағытындағы ірі қара және мал бордақылау шаруа қожалығы жұмысын 2008 жылы 10 сиыр асыраудан бастап, бүгінде сауын сиырының өзін 127-ге жеткізе алған.

Сапар барысында аудан басшысы «Ибтикар» өсімдік майын сығу цехы мен «Южанка-5» ЖШС-нің жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеу цехына ат басын бұрды. Кәсіпкерлердің және ондағы жұмысшылардың жағдайын білді. Серіктестік директоры Сайрам ауданынан фирмалық дүкен ашуға қолдау көрсетуді сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы тиісті сала басшыларына мәселені шешу жолдарын қарап, нақты ұсыныс жасауды тапсырды.

Жұмыс тобы мектеп әжетханаларын реттеу, жол құрылысы және орталық көше бойындағы кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін тәртіпке келтіру мәселелерін де назардан тыс қалдырмады.

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Пікір қалдырыңыз