Сынақты жеңе білу – ортақ міндет

Жуырда ардагерлер бірігіп, тасқын судан зардап шеккен ағайынның хал-жағдайын сұрап қайттық. Жүрегінде иманы бар кез келген адам Алла алдындағы қасиетті парыздың бірі қайырымдылық деп біледі. Мақтааралға сапарымызда, біз әрине, ең алдымен қиындыққа тап болған жандарға жақсылық жасауды басты мақсат еттік. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай бастап, Досыбай Шерімқұлов, Өстемір Битөреев сынды есімдері елге белгілі азаматтар бастамашыл болып, ардагерлер жинаған бір жарым миллион теңгені арнайы қорға аудардық, тұрғындардың жағдайын өз көзімізбен көрдік. Еліміздегі қандай да бір қиындық біздің бірлігімізді нығайтады, бауырмал ел екенімізді көрсетеді. Бұл біздің өңір халқының басына түскен ауыр нәубет, үлкен сын, ал, сынақты жеңе білу – баршамыздың міндетіміз һәм парызымыз.

Мырзашөл өңірі мен үшін ерекше ыстық мекен. Халқы да, сол халқы тер төгіп, нәпақасын тауып жүрген жері де жаныма жақын. Олай дейтінім, сонау 1985 жылы сол кездегі облыс басшысы, еліміздің ардақты ұлы Асанбай Асқаровтың сенім артуымен «Мақтаарал» совхоз-техникумында директор болып қызмет еттім. Жергілікті жұртпен бірге талай табыстарға қол жеткіздік. Бір жылда 26-27 мың тонна мақта, күніне 17 тоннаға дейін сүт өндіруші едік. Көп жыл халыққа қалтқысыз қызмет еттік. Ол енді бөлек әңгіме. Айтайын дегенім, еліміздегі ең еңбекқор, ең бейнеткеш те қонақжай мырзашөлдіктер бүгінде бастан өткеріп отырған ауыр сынақ менің де қабырғамды қайыстырады. Әсіресе, ерте көктемнен егістіктің қамымен жүретін диқан қауымның жағдайы алаңдатады.

Осы орайда кешегі сапардан түйген ойымды да айта кетейін. Жерді күтімге алып, оған жанашырлықпен қараудың маңызы зор. Агротехникалық шаралар, сор шаю, жерді тыңайтып отыру, ауыспалы егіс айналымын қолдану да тұрақты әрі қажырлы еңбекті қажет ететін шаруа. Жердің тұздануына жол бермеу, жер асты суларын реттейтін дренаждарды тиімді жұмыс істету тіптен де маңызды. Міне, осындай жұмыстарды жүйелі жүргізуге ықпал ететін ауданға гидротехник-су мамандарын, агрономдар, ауыл шаруашылығы инженерлерін көптеп тарту да жергілікті жағдайдың жақсара түсуіне оң әсер етері анық. Осындай жәйттер ескерілсе, биыл енапат шығынға ұшыраған шаруаларға қаржылай да, басқа да көмек көптеп көрсетілсе. Аудандағы академик Ибадулла Үмбетаев басқарған ғылыми институт та жәрдемін аямайды деп ойлаймын.

Әбдіжаппар ОҢАЛБАЕВ, «Мақтаарал» кеңшарының соңғы директоры.

 

Пікір қалдырыңыз