Біз Сіздерді ұмытпаймыз!

1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Жалпы, зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Кеңес елінде 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың арасында қазақстандықтар да болған. Тұрғындардың 42 пайызы аштықтан көз жұмса, 1 миллион 209 мың адам жер аударылды.

Сталиндік қуғын-сүргінге зерттеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл оқиғалардан төрт жарым миллиондай қазақстандық зардап шеккен, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілді.

Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталған. 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ф.И.Голощекин елдің саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайымен танысып, «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келеді. Сөйтіп, репрессиялық шаралар жүргізе бастайды. Мұның салқыны ең алдымен Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, тағы басқаларға тиеді.

Демограф ғалымдардың дерегіне сүйенсек, 1937-1938 жылдары «халық жауы» болып атылған қазақтар пайыз жағынан грузиндерден екі есе, орыстардан үш есе, татарлардан төрт есе, өзбектерден бес есе көп болған. Цифрға сенер болсақ, КСРО мемлекеті бүкіл соғыс жылдары барысында 600-дей генералынан айрылса, ал, Сталин билігі 1937-1938 жылдары 43 мың әскери басшыны репрессияға ұшыратқан.

Бүгінде еліміздің біраз аймағында сол кездегі репрессияны бейнелейтін ескерткіштер орнатылды. 2001 жылы Шымкент қаласында «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі ашылды. Жыл сайын сол жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, Құран бағыштап, рухтарына тағзым етіліп келеді. Статистика бойынша, оңтүстік өңірде 7 мыңдай адам қуғындалып, 4001-і ату жазасына кесіліпті. Біздің міндет – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпай, оларды мәңгі есте сақтау.

Саясат бөлімі.

 

Пікір қалдырыңыз