Биыл азалы жиын өткізілмейді...

Дәстүрлі қазақ қоғамында жас ұрпаққа тәрбие беру бір шаңырақтың ғана емес, бүкіл ағайынның қастерлі парызы деп саналады. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген қанатты сөз дана халқымыздың терең өмірлік тәжірибесінен туған болу керек. Алаш зиялыларының, Кеңес өкіметі тұсындағы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің тарихы — отандық ғылым үшін қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Ұлтының мәңгілігін ойлаған ұлы азаматтардың жүріп өткен жолын, ерлікке татырлық еңбектерін бағалау – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін ең қымбат құндылық. Ұлттық тарихымызды санаға сіңірмей, толық мемлекеттік көзқарас қалыптаспайтыны белгілі. Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген мұрағат қорлары ашылды.

Халықаралық байланыстар нығайып, тарихымыз түгенделе бастады. Жоғары оқу орындарында, колледждерде, мектептерде еліміздің ертеңі — жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде. Дегенмен, ұлттық тарихты оқытуда әлі де көп жұмыстар атқаруымыз керек.

Сталиндік қуғын-сүргінде, тіпті одан да ертеректегі «байлар мен кулактардан» тазарту науқаны кезінде Шымкенттің шетіндегі терең сайда адамдарды сотсыз, тергеусіз атып тастаған, олардың өзін-өзі қорғауына да мүмкіндік бермегені түсінікті.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында «Албастысай» (Лисья балка) атанып кеткен шатқалда жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткен жандардың жаппай көмілген сүйектері табылды. Сол себепті, ол маңда барлық құрылыс жұмыстары тоқтатылып, сот-медициналық сараптамалар жүргізіліп, архивтегі қолжетімді құжаттар зерттеле бастады. Сол кездегі облыс әкімі Қалық Абдуллаевтың тапсырысы бойынша редакторлық алқа құрылып, оның құрамына Дархан Мыңбай, Мархабат Байғұт, Сейдахмет Байдәулетов, Тасқынбай Бүрлібаев, Қуандық Оразбекұлы, Қылышбек Ізбасқанов, Манап Өтебаев, Сәкімбек Қалғынбай, Исмайылбек Шалабаев, Күмісбек Дүйсенбиев және Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкерлері Жәмилә Сейданқызы Мұсаева, Жанар Амантұрқызы Мұсаева, Вячеслав Попков (суретші) кірді. Сол кезде табылған құжаттардың негізінде 1998 жылы атылған 1 568 адамның тізімі анықталып, ол «Зерде» баспасынан «Азалы кітап» деген атпен 2000 дана болып басылып шықты. Ал, табылған сүйектер «Бауырластар зираты» деп аталып, бір жерге көмілді.

1998 жылдың 31 мамырында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні «Қасірет» мемориалының төменгі жағы «Темір тор» және қақ айырылған «Қара гранит тас» (авторлары – Ғ.Садырбаев, Ж.Төлтеев) кейпіндегі ескерткіш ашылып, көпшілікке арналған еске алу митингісі өтті.

1999 жылдың 2 маусымында «Қасірет» мемориалының жоғары жағында азаматын күтіп тұрған «Ана мен бала» ескерткіші мен (авторлары – Н.Рүстемов, Ф.Әлдеков), «Қасірет» мемориалының ашылу рәсімі өтті.

Сол уақыттан бері 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, «Қасірет» мемориалында азалы митингтер жыл сайын өткізілуде.

2001 жылдың 2 қарашасында ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай облыс орталығы Шымкент қаласында Елбасы–Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ТМД елдерінде алғашқы рет «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі ашылды. Музей ғимараты ерекше, арнайы дизайнмен жобаланып (авторы – А.Найманбаев) салынды. Қазіргі таңда музей қорында 16 мыңдай құжат сақталған. Музей қызметкерлері мен ҚР Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаменті қызметкерлерінің атсалысуы арқасында «азалы» тізім толықтырылды. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңы атылса, біздің оңтүстік өңірінде 7 мыңдай адам қуғындалып, соның 4001-іне ату жазасы кесілген.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын басшылыққа алып, көптеген іс-шаралар өткізумен қатар, музей қызметкерлері әлі де көп зерттеле қоймаған ХХ ғасырдың бірінші жартысында болған ашаршылық нәубеті туралы деректер жинақтауда. Сонымен қатар, кешегі кеңестік тоталитаризм зардабын тартқан ұлтымыздың асыл ұлдары Н.Оңдасынов, Ж.Тәшенов, А.Асқаров және т.б. туралы бұрыш ашамыз деп жоспарлап отырмыз.

Әрине, жазықсыз кеткен Алаш қайраткерлерінің әрқайсысына бір-бір музей арнаса да көптік етпейді. Тәуелсіз қазақ елінде Алаш ардақтыларын ұлықтауда көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын есте сақтауымыз керек. Бұл игі жұмысты тарихшыларымыз бен ғалымдарымыздың, музей қызметкерлерінің одан әрі жалғастырып, өткеніміздің ақтаңдақтарын әлі де ашып, зерттеуге үлкен үлес қосатынына сенім мол.

ХХ ғасырдағы бұл зұлмат халқымыздың жартысынан көбін жалмап кетті десек қателеспейміз. Сол үшін де осындай мемориалдар мен музейлер күні кеше зардап шеккен олардың ұрпақтарының тағзым ететін орындарына айналғаны белгілі. Сондықтан «Қасірет» мемориалының ішіне шейіт кеткен азаматтарымыздың аты-жөндері жазылған тақтайшалар орнатып, Бәйдібек би даңғылының «Қасірет» мемориалы орналасқан бетіне сағатына 15-20 шақырым жылдамдықпен жүретін жол белгісі қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұның өзі қала жұртшылығы мен қонақтарына, жас ұрпаққа рухани тәрбие берумен қатар, адами тұрғыдан да үлкен әсер қалдыратыны анық. Сол маңнан өтетін адамдар күніге тағзым етеді деген сөз.

Дүние жүзінде таралып жатқан коронавирус дертіне байланысты қауіпсіздік сақтап, биыл біз де 31 мамыр күні енгізілген карантин шектеулеріне мойынсұнып, азалы жиын өткізуден бас тартып отырмыз. Сондықтан әркім өз отбасында жазықсыз жапа шеккен боздақтарға Құран бағыштап, еске алса, дұрыс болар еді.

Бұл өткінші шектеулерге түсіністікпен қарап, сабыр сақтайық, ағайын!

Батырғазы СЕРҒАЗИЕВ, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры.

 

Пікір қалдырыңыз