Өңір баспасөзінің өрісін кеңейткен

Алаштың арда туған арыстарының бірі, республика шегіндегі халық ағарту, мәдениет пен әдебиет саласының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан, сыншы-көсемсөзші, редактор Сейілбек Үсеновтің әдеби-шығармашылық қызметі зерттеушілердің назарын өзіне аудармай тұрмайды.

Сейілбек Үсенов 1920-1923 жылдар аралығында Шымкентте педагогикалық техникумды, кейіннен Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтын бітіріп шыққан. Жалындаған жас кезінің өзінде-ақ «Кедейшіл жас» жастар газетіне редакторлық етіп, өңір баспасөзінің өрісін кеңейтуге септігін тигізеді. Небәрі жиырма жасында, 1925 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ педагогикалық техникумында оқытушы, оқу бөлімінің меңгерушісі, 1926 жылдан Ахмет атындағы жеті жылдық мектепті басқарған талантты жас 1929 жылдың қараша айында Сырдария округінің «Ленин жолы» газетінің редакторы қызметіне бекітіледі. Жалпы, осыған дейін «Ақ жол» газетінде әбден ысылған Үсеновке «Ленин жолын» белді басылымға айналдыру аса қиынға соқпаған сияқты. Өйткені, кезінде «Кедейшіл жаста» ысылып, педтехникумды басқарған жылдарында «Жас талап» газетін шығаруды қолға алған қаламгердің «Ақ жолда» да «Қосшылар ұйымы жайынан», «Ескеру керек», «Көзіңді ашып қара!» деген сияқты көптеген мақалалары басылған.

Бүгінде аға газет санатындағы «Оңтүстік Қазақстанның» кезінде «Ленин жолы» деген атпен Сырдария округтік комитеті мен кеңес атқару комитетінің және кәсіпшілер кеңесінің баспасөз органы болғаны, тіпті, 1931-1932 жылдарда Қаратас, Қараспан, Шаян, Түлкібас, Арыс аудандарына дейін тарап отырғаны белгілі. Дегенмен де, С.Үсеновтің «Ленин жолына» редакторлық еткен қызметі жайлы мәліметтер тым аз. «Оңтүстікті кімдер басқарған?» атты мақалада: «1925 жылдың шілдесінде Ташкенттен Шымкентке көшіп келген «Ақ жол» газетінің редакциясы қазіргі Түркістан көшесіндегі губерниялық сот ғимаратымен қатар қоныстанған екен. Бұл кездері редакцияда ағайынды Сейілбек, Әшір Үсеновтер, Бақы Молдалиев, Тәңірберген Отарбаев, Әкімәлі Байжасаров, Жанәлі Барқиев, жас тілшілер – Тұрлыбек Райымбеков, Иманәлі Ырсымбетов, Әліхан Сүлейменов қызмет атқарған» деген жолдар ғана бар. Бір әттеген-айы, мұрағат қорларынан оның «Ленин жолындағы» қызметіне байланысты деректер мен төл мақалалары әзірге табылмай тұр. Тек басылымның сақталған бірқатар нөмірлерінен оның редактор болғандығына көз жеткізуге болады. Демек, Сейілбектің «Ленин жолындағы» қызметі таяу болашақта арнайы зерттеледі деген ойдамыз.

Жалпы, сынақ пен сұраққа толы Сейілбек Үсеновтің тағдыр-талайы да сол кезеңнің құрбаны болған барша зиялыларымыздың жазмышымен тікелей байланысып жатыр. «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жалпыға белгілі айыппен тұтқындалған Үсеновтің де атылғанға дейінгі бір жылдан аса уақытта тартқан азабы мен көрген қорлығын сөзбен жеткізудің өзі қиын. Бұл жайттар кейінгі зерттеу мақалаларымыздың арқауына айналса керек.

Сейдехан ӘЛІБЕК, тарих ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің профессоры.

 

Пікір қалдырыңыз