Ерікті жастарға ел риза

Тасқын судың тақсыретін тартып отырған Мақтаарал ауданындағы тұрғындардың жай-күйі тек Түркістан облысын ғана емес, бүкіл қазақ елін қамықтырды. «Ақ алтынды» өңірдегі күнкөрісі тек егіс пен азын-аулақ малға қараған ағайынның басына түскен қайғыны бөлісуге асыққан азаматтардың мейірімге толы жүрегіне, адамгершілігіне сүйсініп, риза болдық.

Судың астында қалып күйзелген мақтааралдық бес ауыл тұрғындарына көмек қолын созуға еріктілер тобы алғаш болып көмекке келді. Ауданда шұғыл түрде еріктілер тобын құрдық. Ертесіне Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Өміртай Амалбектің бастамасымен Жамбыл ауылдық округіне қарасты №36 жалпы орта мектебінде «Еріктілер тобы» жұмысын бастады. «Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлар штабының ұйымдастыруымен тасқын су салдарынан қиын жағдайда қалған ауыл азаматтарына көмектесуге және апат зардаптарын жоюға 500-ден астам еріктілер тартылды. Волонтерлар облыстық төтенше жағдай штабы ұйымдастырған барлық жұмыстарға күн-түн демей белсенді түрде қатысып, көмек беруде. Атап айтқанда, ерікті жастар тасқын суда қалған ауыл азаматтарын эвакуациялауда, оларды мектеп, колледж, мешіт, тағы басқа жайларға орналастыруда аяқтарынан тік тұрып қызмет етті.

Сондай-ақ, Атакенттегі орталық қоймаға өткізілген гуманитарлық көмек тауарларын түсіру, оны эвакуациялық пункттерге жөнелту, мұқтаж жандарға үлестіру секілді қат-қабат жұмыстарды тынымсыз атқаруда. Еріктілер эвакуациялық бекеттерде күштік құрылымдардың шаруасына да қолқабыс жасауда. Ауданда төтенше жағдай орын алған алғашқы күндері жергілікті ауыл жастарынан ұйымдастырылған еріктілер тобы 12 шақырым қорғаныс бекеттерін тұрғызу кезінде аянбай еңбек етті. Волонтерлардың күшімен 10 мыңнан астам медициналық бетперде мен антисептикалық құралдар таратылып берілді. Қазірге дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жастары мен волонтерлық ұйымдардан, республикалық «Jas Otan» жастар қанатынан Мақтааралға гуманитарлық көмектер келді.

Еріктілер қатарын толықтырып жатқан жастар өте көп. Ел басына күн туған шақта бір кісідей жұмылып, көмек беруге ұмтылған ерікті жастарға ел риза, алғыстарын жаудырып жатыр.

Сүндет КЕНЖЕБАЕВ, Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры.

 

Пікір қалдырыңыз