Кітапқа қызыққан бала... жақсылыққа жақын болып өседі

Дүниені дүр сілкіндірген жаман індеттің елімізге тигізген зияны аз емес. Төтенше жағдай кезіндегі ахуал кімге де болса оңайға тиген жоқ. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың ой-өрісіне кері әсер еткені жасырын емес. Мектепке барып, сабақ оқып, достарымен емен-жарқын араласудан қалды. Жеткіншектер ғана емес, үлкендердің де оқшауланып, үйде отыруларына тура келді. Білім беру ұяларында оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жаңа форматта оқыту бағдарламасы қолға алынды. Қашықтан оқыту мен онлайн сабақ өтудің көптеген қиындықтарына қарамастан ұстаздар қауымы бірден іске кірісіп кетті. Шәкірттерінің білімі мен біліктілігін алдыңғы орынға қойған мұғалімдердің жанкешті жұмыстарын бейбіт күннің ерлігіне жатқызуға болады.

Иә, карантин кезінде оқушылардың дені кітаппен жиі жұмыс істеді. Міне, осы кезде мектеп кітапханашылары да босқа қарап отырмай, ватсап желісі арқылы балаларды түрлі әдеби кітаптар, газет-журналдар оқуға шақырып отырды. Мектеп кітапханалары да заман ағымына қарай бейімделіп келеді. Кітапхана қызметкері жеткіншектерге тәрбие берумен қатар рухани асыл қазынаны қалай табуға, қайдан іздеуге болатынын үйретіп отыруға міндетті. Кітапханашылар жас оқырмандармен жұмыс істей отырып, келешек мықты мамандардың қалыптасуына өз үлестерін қосады. Кітап оқуды дағдыға айналдырған бала білімді тез игереді, жылдам қабылдайды. Осыған орай, қашықтан оқыту кезінде балалардың үйде бос уақытын тиімді пайлану мақсатында мектеп кітапханашылары да ұстаздармен қатар тынымсыз еңбек етуде. Оқушының кітапқа қызығушылығын ояту, оқу мәдениетін қалыптастыру, шығармашылық ойлау қабілетін дамыту үшін кітапханашыға, әрине, әртүрлі әдіс-тәсілдердің көмегіне жүгінуіне тура келеді. Осы орайда, оқушыларға жас ерекшеліктеріне қарай қызықты кітаптардың топтамаларын виртуалды кітап көрмесі ретінде ұсынып, ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінді оқытып немесе онлайн «билиокараоке» ұйымдастырып, «Менің сүйікті кейіпкерім», «Мен оқыған бір кітап..» сияқты тақырыптарда онлайн сурет байқауларын ұйымдастырып, сонымен қатар электронды кітаптармен қамтамасыз етуге тырысты. Білім алушыларды түрлі сайттармен таныстырып, оқушының рухани байлығы мен қабілетін дамытты.

Тәрбие мен білім егіз ұғым демекші, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Kundelik.kz-те ата-аналарға жариялаған хатында: «Ата-аналардың балаларды кітап оқуға баулығаны өте маңызды. Егер бала Сіздің кітап оқып отырғаныңызды жиі байқайтын болса, өзі де қолына кітап алатын болады» деген болатын. Осы тұрғыда, баланы кітап оқуға баулу, жол көрсету барысында мектеп кітапханашылары сынып жетекшілері арқылы ата-аналармен байланысып, ақпараттық көмектерін ұсынып, қызықты кітаптардың онлайн нұсқаларын насихаттауда.

Әрине, қазіргі жастардың көбі ақпаратты интернет желісі арқылы алатынын ескерсек, оларды дұрыс жолға бағыттап, желінің тиімді жақтарын насихаттау әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз деп білемін.

Маржан ШАРАФИ, №131 жалпы орта мектебінің кітапхана меңгерушісі, Шымкент қаласы.

 

Пікір қалдырыңыз