Білікті маман – болашаққа қадам

Қазіргі кезде кітапхана қызметі күн сайын жаңаруда. Кітапханашылар мектеп оқушыларын, студенттерді ақпараттық сауатты, рухани жетілген тұлға етіп тәрбиелеу жолында оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Қалалық жасөспірімдер кітапханасы осы бағытта қаланың және облыстың оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Ұзақ жылдан бері М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Жалпы тарих және мұражай ісі» кафедрасы «Кітапхана ісі» мамандығының студенттері білім ордасында алған теориялық даярлығын нығайту әрі тереңдету мақсатында кітапханамызда өндірістік практикадан өтеді. Білім беру үрдісімен бірге кітапхананың ақпараттық және шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту үшін көпшілік іс-шаралар, семинарлар бірге өткізіледі. «Темірқазық» түнгі кітапхана клубының ұйымдастыруымен дендросаябақтың жастар аллеясында арнайы іс-шара, «Кітапхана жастармен бірге» кітапханалық «Non-stop!» өткізіліп, оған студенттер белсене қатысты.

Өз қызметімізді уақыт талабына сәйкес қалыптастыра отырып, оқырманды рухани тұрғыдан жетілдіріп қана қоймай, өзіміздің де кәсіби шеберлігімізді үнемі шыңдаймыз. Кітапхана қызметкерлерімен бірге болашақ мамандар да оқырмандар мүддесін, қызығушылығын зерттейді. Оқырмандарға қызмет көрсетуге байланысты процестерді жүзеге асырады. Көпшілік іс-шараларға, библиографиялық қызметтерге жарнама ұйымдастыруға және кітапхана бөлімдерінің барлық ішкі жұмыстарына қатысады. Биыл 2019-2020 оқу жылына аталмыш оқу орнының бітіруші студенттері Д.Серікбай, Г.Нәліхан іс-тәжірибеден өтіп, болашақ мамандығына деген қабілет-қарымдарын таныта білді.

Сонымен қатар, аталмыш оқу орнының студенттері кітапхана ұйымдастырған әдеби, мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысып жүр. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде кітапхана оқырмандарға онлайн қызмет көрсетуге көшті. Бейне поэзия, бейне құттықтаулар, ақын-жазушылармен тікелей эфирде сыр-сұхбат алаңы, тұрақты оқырмандарымыздың поэзиялық тартуы, әдеби-теориялық сараптама бойынша ғылыми мақалалар мен кітаптар насихатталды. Шымкент қаласының 2200 жылдығына орай «Қайырымды қала – Шымқала» атты жас ақындар байқауын өткізіп, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «75 жыл – 75 шығарма» бейне шолуы жасалды. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жарияланған «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттерімен және жалпы көпшілік оқырмандармен бейне байқау конкурсы өтті. Болашақ жастардың қолында десек, білім мен тәрбие беру, жаңа инновациялық технологияларды меңгеру – білікті мамандар даярлап шығарудың тиімді жолы.

Гүлмира ЖАНЫСБЕКОВА, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары.

 

Пікір қалдырыңыз