Онлайн соңғы қоңырау соғылды

Жалпы білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау салтанаты биыл жылдағыдан ерекше – онлайн режимінде өтті. Әлемді алаңдатқан пандемия дертіне байланысты қолға алынған сақтық шаралары күшейтілген шақта оқу жылының аяқталуы да қатаң тәртіпке байланысты жылдағы дәстүрінен ажырап отыр.

Дегенмен, бұл биыл мектеп бітіріп отырған түлектердің көңілін жасытпауы тиіс. Себебі, біздің өңірімізде облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаевтың мәлімдеуі бойынша түлектер үшін соңғы қоңырау салтанаты маусымның алғашқы күндерінде аттестатты тапсыру шарасымен бірге ұйымдастырылады. Ал, өзге сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау салтанаты жоғарыда айтып өткендей, кеше, мамырдың 25-і күні онлайн режимде өтті. Қазақстандық оқушыларды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы құттықтады.

Ал, Түркістан облысының мектеп оқушылары мен ұстаздарын тағы бір оқу жылының аяқталуымен құттықтаған облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев алда атқарылар іс-шаралармен бөлісті.

– Білім және ғылым министрлігінің республика көлемінде ұсынған «Birgemiz: ТҮЛЕК 2020» мектеп бітіру іс-шараларын өткізу тұжырымдамасы алдын-ала әзірленді. Ол барлық аудандық, қалалық білім бөлімдеріне таратылған. Әлеуметтік желідегі министрліктен бастап барлық басқарма, бөлім парақшаларында да кеңінен айтылды, – деген Р.Жолаев түлектер үшін салтанатты шара маусымның 3,4 күндеріне белгіленгенін атап өтті.

Жалпы, Түркістан облысында биыл 11-сыныпты 24658 оқушы бітірді. Ал, 9-сыныпты 39261 оқушы аяқтады.

Бітіруші түлектердің 1541-і «Алтын белгімен» марапатталды. 1240 түлек «Үздік аттестат» алды.

Алда Ұлттық бірыңғай тест тапсыру сынағы бар. ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерін түлектер алдын-ала онлайн түрде тіркегенімен, сынақты тапсыру жылдағы дәстүрмен арнайы орталықтарда өтеді. Еліміз бойынша ҰБТ-ға қатысуға 131 471 адам ниет білдірген. Оның 111 017-сі биылғы оқу жылының мектеп түлектері, 20 454-і – колледж және өткен оқу жылдарының мектеп түлектері.

Мамандар ҰБТ өтетін орталықтарда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталғанын алға тартып, ата-аналар мен түлектердің ешқандай уайымға салынбауын айтуда. Олай болса, біз де биылғы түлектердің қадамына ақ жол тілейміз! Сынақтан сүрінбей өтіңіздер, жас түлек-2020!

 

Пікір қалдырыңыз