Халқымызға мың алғыс

2020 жылдың 1 мамырынан 2-сіне қараған түні көрші Өзбекстанның Сырдария облысына қарасты 2017 жылы іске қосылған, сыйымдылығы 922 млн. текше метр болатын «Сардоба» су қоймасының қабырғасы тоқтаусыз жауған жаңбыр мен күшті дауылдың салдарынан қақырай сөгілдi. Орасан көлемдегі қызыл су Өзбекстанның үш бірдей ауданының елді мекендері мен егістік жерлерін жайпап өтті. Онысымен қоймай топан су біздің Мақтаарал ауданының «Достық» каналының оңтүстік бөлігіндегі бес бірдей елдімекен мен ауыл-аймақты, 7639 гектар егістік жерді басып қалды. Кейбір жерлерде судың биіктігі 2 метрге дейін жетті. Қолына іліккен құжаттарын алғаны бар, ала алмай қалғаны бар, улап-шулаған тұрғындар Мырзакент, Атакент, біршамасы Келес, Сарыағаш аудандарына бас сауғалауға мәжбүр болды. Сол кездегі тосыннан келген алапатты бүгінде еске алудың өзі жан түршіктіреді. Қайсар да төзімді халқымыз бұл жолы да ерекше ерліктің үлгісін таныта білді. Мақтааралдықтар жігер мен сабырдың арқасында бұл қауіпті де жеңді. Ел болып жұмылып баспанасыз, күйсіз-жайсыз, түктен-түксіз қалған мақтааралдық бауырларына қол ұштарын созып, азық-түлікпен, киім-кешекпен, көрпе-төсекпен, қаржылай да көмектерін беріп жатқанын көріп, халқымыздың кең пейіліне шексіз тәнті болдық. Көп ұлтты халқымыз бір адамның баласындай қолдағы барын ортаға салды. Ынтымақ-бірліктің әдемі үлгісін жаһан жұртына тағы да дәлелдеп берді.

«Апат айтып келмейді» дегендей, тосыннан келген су тасқынынан көрші өзбек ағайындардың да қаншама халқы зардап шекті. Орасан шығынға ұшырады. Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеёв бастаған үкімет басшылары су апатынан келген зардаптарды бірігіп жоюға ат салысуда. Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов пен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин бастаған Үкімет басшылары Мақтаарал ауданына келіп, зардап шеккен ауылдар мен елді мекендерді, егістік алқаптарды аралап, апат салдарынан құлаған үйлерді, арықтар мен атыздарды, коллекторларды қайта қалпына келтіруге бірлесіп жұмыс жүргізуге уәделесіп, келісімге келді. Мырзакент кентінде құрылысы басталған үйлердің іргетасын екі елдің Үкімет басшылары құйды. Су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатқан шағынаудан үш көшеден тұрады. Ол екі-үш айда толық салынып бітпек.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы күндерден-ақ мақтааралдықтардың далада қалмайтынын сенімді түрде мәлімдеді. Президентіміздің халықпен бірге екендігін кешегі Арыс қаласындағы жарылыста да көргенбіз. Енді, міне, су тасқынынан зардап шеккендердің жанынан табылып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіп отыр. «Бірде-бір отбасы қолдаусыз, көмексіз қалмайды» деді Президентіміз. Бүгінде мақтааралдықтар Үкімет пен халықтың нақтылай көмектерін сезінуде. Әрбір адамға 100 мың теңгеден қаржылай көмек берілуде. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азық-түліктердің, киім-кешектер мен көрпе-төсектердің, қаржылай көмектердің есебі жоқ. Тұрғын үйлер, мекенжайлар, егістік жерлер, мал-мүліктердің кеткен шығындары арнайы комиссия мүшелерімен есептеліп, бар шығын Үкімет тарапынан өтелетін болды. Бүгінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған комиссия құрылып, су тасқынынан зардап шеккен елді мекендер мен егістік жерлерді шұғыл түрде қалпына келтіру бойынша күндіз-түні тынымсыз жұмыстар жүргізілуде. Облысымыздың түрлі саладағы басшы қызметкерлері апат басталғалы бері осында, бізбен бірге. Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов бастаған әкімдік қызметкерлері зардап шеккен жандардың жанынан табылуда. Облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, генерал Қайрат Дәлбековтің нақты тапсырмасымен және қадағалауымен, Мақтаарал аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Әділбек Сапарбековтің басшылығымен бүкіл құқық қорғау органдары қызметкерлері қараусыз қалған үй-жайларды, мал-мүліктерді талан-таражға түсуден сақтап қалды. Тәртіп сақшыларының жіті қимылына тұрғындар дән риза.

Бұл қиыншылықтарды да артта қалдырып, ауыртпашылықтарды бірлесіп жеңерміз. Қазақстандық барша бауырларға рахметімізді айтамыз! Бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің көк туы әрқашан да биікте желбірей бермек.

Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ, ақын-жазушы, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы.

 

Пікір қалдырыңыз