Алғабастағы «Айғаным қымыз»

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Төлеби ауданы – бал қымызымен аты шыққан аймақ. Мұндағы Қаратөбе, Қасқасу, Қоғалы, Алатау, Аққұм, Кемеқалған және Бірінші мамыр ауылдары қымыз өндіруді жолға қойған ауылдар деп саналады.

Бірінші мамыр ауыл округіне қарасты Алғабас елді мекенінің тұрғыны Айғаным Әбдікерімқызы келін болып түскелі бие сауып келеді. Бүгінде «Қазығұрт дәмі» өндірістік кооперативін құрып, үлкен шаруашылықты дөңгелетіп отырған 6 баланың анасы қымызын берісі Шымкент қаласына, арысы Қытайға дейін жөнелтіп отыр.

Біздің кейіпкеріміз қымыз өндірудегі 35 жылдық тәжірибесімен бөлісті. «20 жасымда осы үйге келін болып түскенімде 40 сиыр, 20 бие бар еді. Таңалакеуімнен тұрып сағат 9-дарға дейін 20 шақты сиырды сауып, 70-80 литр болатын сүтті сүт тасымалдайтын көлікке өткізіп жіберген соң, 20 биені әр 2 сағат сайын сауатынмын. Бір күнде 20 бие 100-150 литрге дейін сүт береді. Қазанға киікотын қайнатып, төгіп тастаған соң қазанды әбден кептіріп, киікотымен ыстап, саумалды құйып, қымыз дайындаймыз. Ертесіне таң ата енем қымызды екі меске құйып алып есекке артып, Шымкентке апарып сататын. Әрине, арасында қайынсіңлілерім де жәрдем береді. 10 жылдан соң еншімізді беріп, бөлек шығарды. Еншімізге 8 жылқы, 10 сиыр, 30 шақты қой беріп, осы отырған үйімізге орналастырды. Міне, содан бері осы кәсіпті дөңгелетіп отырмыз» дейді Айғаным Әбдікерімқызы бізбен әңгімесінде.

Айғаным Әбдікерімқызы «Қазығұрт дәмі» өндірістік кооперативін құрып, аяққа тұрғызған. Бүгінде кооператив құрамына кірген 26 отбасы мүшесінің басым бөлігі бие ұстап, қымыз сауады. Жалпы, шаруашылықта кооператив мүшелерінің биелерін қосқанда барлығы 200 бие бар екен. Бие саууды кәсіп еткендер жаңа сауған қымызды өндірістік кооперативке өткізеді. Ал, мұндағылар оны әбден бабына келтіріп дайындап, фирмаларға, сауықтыру орталықтарына, үлкен-үлкен дүкендерге жібереді. Одан бөлек, бұл отбасының Шымкент қаласында бірнеше сауда нүктесі бар. Айғаным апаның тәрбиесін көрген үш келін 3 сауда нүктесін ашқан. Мәселен, Байтұрсынов көшесінің бойындағы Студенттер қалашығы аялдамасы маңындағы қымызханадағы балдай тәтті қымыздың Айғаным апаның қолынан шыққанын біреу білсе, біреу білмес. 40 шақырым қашықтықта орналасқан Шымкент қаласына таңалакеуімнен алып кеткен өнімі кешке дейін тұрақты клиенттерден-ақ артылмайды екен. Мұнда тұтынушыларға қымыздан бөлек, чикен, сүт, айран, бәліш те ұсынылады. «3 ұл, 3 қызым бар. Қыздарым тұрмыста. Ұлдарым үйлі-жайлы болған, барлығы да жылқы шаруашылығымен айналысады. Келіндерім де бие, сиыр сауып, құрт-май дайындайды. Бір ұлым Еркебұлан кооперативке мүше болып кірген. Оның өзі де бие сауады. Біз мүшелерімізден саумалды литрін 166 теңгеден қабылдап алып, бабын келтіріп дайындап алған соң тонналап алатын фирмаларға 200 теңгеден, өзіміз тасымалдайтын жеке тұлғаларға 300 теңгеден сатамыз. Жалпы, фирмалар негізінен сүттей алады. Олар қымызды өздерінің технологиясымен дайындайды. Кейбіреулері аз мөлшерде киікотын қосуымызды сұрайды. Енем қымыздың жиі-жиі пісуден, яғни ары өтсең де, бері өтсең де күбіні бір пісіп кете бергеннен бабы келеді деп үйреткен. Сол тәсілмен әлі күнге дейін қол күбіні пайдаланамыз. 120 литрлік күбіміз жөндеуде тұрғандықтан 40 литрлік күбіні пісіп жүрміз» дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде. Жолдасы Орынбасар ағай да көлігімен қымыз тасып, кәсіп істеп жүр.

Бұл отбасының қымызды бабын келістіріп дайындайтынын бүгінде бүкіл ауыл-аймақ біледі. Сондықтан осы үйде жатып, саумал ішуге келетіндердің де қатары қалың. Жыл сайын көктем мезгілінен бастап Шардара, Жетісай, Сарыағаш аудандары мен тіпті Алматыдан келіп 10 күн жатып саумал ішетіндер көбейеді. «Оларға нақты баға қоймаймыз, бергенін ғана аламыз» дейді қанағатшыл Айғаным апа.

Осыдан 3 жыл бұрын шаруашылықты кеңейту үшін ауыл шаруашылығы қолдау қорынан сыйақы мөлшері 6 пайызбен 10 млн. теңге несие алған отбасы оған құлынымен 30 бие сатып алады. Бүгінде жылқылары тайлы-тұяғымен 98-ге жетіпті.

«Әзірге тапқан табысымызды мал басын көбейтуге және несиені жабуға жұмсап жатырмыз. Бір жылда 2 миллион теңге құямыз. 5 жыл мерзімге берілген несиені толық өтеп, өз кәсібімізді өркендетуді ойлап жүрміз. «Біркөлік» санаторийінің маңынан саумал ішетіндерге арнап нүкте ашу ойда бар. Ол кезде біраз биені сонда байлайтын боламыз. Оған сұраныс та көп» дейді ол.

Жалпы, мұнда жылқыдан бөлек, сиыр, қой шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Мүшелікке енген 26 отбасыға мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер мен субсидия алып беру де өндірістік кооперативтің мойнында. Мемлекеттен қымыздың шыққан өніміне, кеткен шығынына субсидия төлейді. Айғаным апаның айтуынша, кооператив мүшелері қайырымдылық іс-шаралардан да сырт қалмайды. Былтыр алған 2 миллион теңге жеңілдікті арыстықтарға қайырымдылық ретінде жолдапты.

Қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кооперативте шешімін күтіп тұрған проблемалар да жоқ емес. Ол – жайылымдық жердің тарлығы. Алайда, қандай проблема болмасын, оның бәрін кооператив мүшелерінің еңбекқорлығы жеңіп кетуде.

 

Пікір қалдырыңыз