Енесі берген енші береке дарытыпты

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Клара Киікбайқызы – үй шаруасындағы әйел. Жолдасы Талғат екеуі өз арбаларын өздері сүйретіп жүрген еңбексүйгіш отбасылардың бірі. Ерлі-зайыптылар 4 бала тәрбиелеп отыр. Үлкендері жұмыс істейді. Қолдағы екі сүтті сауын сиыр, 2 тана, 4 бұқа, 4 жылқы отбасы несібесін молайтып тұр. Ағарғанды молынан ішіп-жегендерінен бөлек, күніне екі мезгіл сүт өткізіп, қолма-қол ақшасын алады. Сүтінің өзінен айына 60 мыңдай табыс табады. Талғат жұмыс таңдап жатпайды, құрылыста да істеді, жүргізуші де болды, мал да бағып, бір уақ қолына кетпен алып, бау-бақшамен айналысады. Қай уақытта да еңбек еткеннің жүзі жарық. Елімізге дағдарыс келіп, жұмыссыздық жайлаған кезде ағамыз тығырықтан еңбекқорлығымен шыға білді. Ол табан ақы, маңдай терімен табыс тауып үйренді.

Талғаттың жары Клара да бір кезде өздерінің тұрмыстың түрлі қиыншылығын бастарынан кешіп, өмірдің ауыртпалығын аз көрмегендерін айтады.

«2006 жылы Қарақалпақстаннан атамекенге көшіп келдік. 5 жыл төрт баламызбен пәтер жалдап күн кештік. Өзім асханаларда жұмыс істеп, нан таптым, жолдасым да қолынан келген жұмысты істеді. 2008 жылы Үкіметтен оралман ретінде квота алып, 2 бөлмелі сарай (времянка) сатып алдық. Кейін оны кеңейттік. Балаларымыз кәмелетке толып, қалаларға жұмысқа кетті. Енем Кенже еншімізге бір бұқа берген. Сол бұқа берекесімен келді. Өзі береке әкелетін мал болады екен ғой. Ананың адал ниетіне Құдай береке берген болар. Әйтпесе, бұл бұқаның алдында да қой-ешкі ұстағанбыз. Көбейте алмай қойғанбыз. Ал, әлгі бұқаны енем қорамызға байлап, батасын беріп кеткен соң көп ұзамай жолымыз оңғарыла берді. Үлкен екі ұлымның да жұмысы өрге басып, жап-жақсы табыс тауып, маған «жинай беріңіз» деп ақша салып тұрды. Өзім де қосымша жұмыс істеймін. Тәкең де табыссыз емес. Осы жағдайымызға шүкір дейміз. Қолымда күніге батасын беріп отырған қарт анам бар» деп ағынан жарылды.

Берекені еңбектен тауып жүрген Клара мен Талғаттың шаңырағы шаттыққа кенеле бергей деп тілейміз!

Түлкібас ауданы.

 

Пікір қалдырыңыз