Үкіметтік комиссия – Мақтааралда

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында су басу салдарынан зақымдалған тұрғын үйлерді, әлеуметтік мақсаттағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын тексерді.

Роман Скляр мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ТЖ салдарын жою жұмыстарымен танысып, Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында зардап шеккен елді мекендердің тыныс-тіршілігін тез арада қалпына келтіру үшін билік тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданындағы су басқан аумақтарды аралап шықты.

Сапар барысында Мырзакент кентіндегі жекеменшік тұрғын үйлердің құрылысын салуға бөлінген 70 гектар жер учаскесіндегі жаңа шағын-ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары тексерілді. Үкімет резервінен тұрғын үй салу, инженерлік-инфрақұрылымдық шығыстарды қамтамасыз ету, су құбыры желілерін қайта жаңарту және көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін қаражат көзделген.

Жаңа шағынауданның құрылысына 32 мердігерлік ұйым тартылған, 313 үйде құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс алаңында 900-ге жуық құрылысшы мен 70 арнайы техника құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде.

Роман Скляр тиісті мамандарға зақымдалған үйлерді, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру, су басқан аумақтардан суды сору жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді тапсырды.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

 

Пікір қалдырыңыз