«Әрбір істің қайыры болады»

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, Мақтаарал ауылдық округі мен Атакент кентіндегі эвакуациялық бекеттерде болды. Сонда уақытша орналастырылған тұрғындармен жүздесті. Кездесу барысында азаматтарға ауызашарға арнап «Рамазан тәттісін» ұсынды.

«Апат айтып келмейді. Жаратушы бізге осындай сынақ берген екен. Ендеше, сабыр сақтай отырып, сыннан сүрінбей өтуді жазсын деп тілейік. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің түкпір-түкпіріндегі барша халық барынша көмек көрсетіп, қолдау танытып жатыр. Көмек қолын созып мақтааралдықтармен бірге екенін білдіріп жатқан барлық азаматтарға Алла разы болсын. «Әрбір істің қайыры болады» демекші, Алла қаласа Үкімет тарапынан салынып жатқан жаңа үйлерге қоныстанатын боласыздар. Бұдан кейін қуанышты күндер көп болсын» деді Бас мүфти.

Бас мүфти өзімен бірге орталықтандырылған қоймаға 30 тонна ұн алып келді. Сондай-ақ, ол облыстық қайырымдылық қорына көмек ретінде аударылатын 10 млн. теңгенің сертификатын табыстады.

Сапар соңында Наурызбай қажы Жетісай ауданында болып, «Баспанаға жол» қайырымдылық қоры есебінен салынған 3 бірдей үйдің кілтін әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға салтанатты түрде табыс етті.

 

Пікір қалдырыңыз