«Абай ескерткіші рух әкеледі»

Ұлы Мұхтар Әуезов «Қаратаудың тәжі» деп атаған Кентау қаласының құрылғанына биыл 65 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде шағын шаһар талай сыннан сүрінбей өтті.

Заманында кентаулық кеншілер талай әлемдік рекордтың қаймағын бұзды. Кеңес өкіметі тараған тұста орын алған уақытша қиындықтарды да жергілікті халық берекелі бірліктің арқасында еңсеріп шықты. Қаланың екінші тынысы ашылып, қайта түлеу үстінде. Қала әкімі Дәурен Махажанов бізбен сұхбат барысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Дәурен Сәбитұлы, Кентау қаласына әкім болып тағайындалғаныңызға жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында қандай жобалар қолға алынды?

– Келген бетте туған жерді түлету мақсатында іске кірісіп кеттік. Ең бірінші көп қабатты тұрғын үй аулаларын жарықтандыру жайы қолға алынды. Нәтижесінде халыққа ыңғайлы орта қалыптасты. Көпшілік әлі күнге дейін ризашылығын білдіріп, алғысын айтып жатыр.

2014 жылы қаладағы жеті көп қабатты тұрғын үйдің шатыры ауысып, қасбеті ретке келтірілген екен. Біз бүгінде осы жұмысты жалғастырудамыз. Өткен жылы 44 үйге қаржы бөлініп, жөндеуден өтті. Қазір 27 үйді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жөндеуді бастадық. Ал, кешенді жоспар бойынша биыл тағы 74 үйдің құрылысына қаржы берілуі керек. Одан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қалған үйлерді де тездетіп жөндеуге мердігерлерді тартудамыз. Сонда қаладағы 350 көп қабатты тұрғын үйді аз уақыт ішінде толығымен жаңартатын боламыз.

Аулалардың да әбден тозығы жеткен. Биыл үш аулаға бюджеттен ақша қарастырылып, бірнеше көшеге асфальт төседік. Жол бойларына көлік тұрақтарын жасадық. Бір аулаға жаңадан балалар ойын алаңшасы орнатылды. Енді қаладағы 44 ауланы қысқа мерзім ішінде ретке келтіруді жоспарлап отырмыз.

Тағы бір айта кетер мәселе, көлік жолдарын толықтай жөндеу мен газдандыру ісі бойынша да көптеген жұмыстар атқарылуда.

– Қаланы газдандыру жайын толығырақ айтып берсеңіз. Жалпы, қала тұрғындары табиғи газды қашан тұтына алады?

– Мамыр айында магистральды құбыр жүргізу толығымен бітеді. Қабылдап алып, жыл соңына жақын қалаға газ беруді бастаймыз. Тұрғын үйлерді сектор-секторға бөліп қосамыз.

– «Көгілдір отын» келген тұста тұрғын үйлер автономды жылыту жүйесіне ауысады деген жоба бар еді?

– Иә, Кентаудағы тұрғын үйлер табиғи газ келісімен автономды жылу жүйесіне қосылады. Яғни жылыту жүйесі әрбір пәтерде орналасады. Тұрғындардың қауіпсіздік шаралары толығымен қамтамасыз етіледі. Мұндағы ерекшелік, әрбір тұрғынның өзі жылудың мөлшерін көбейтіп, азайта алады. Ал, үйде болмасаңыз, өшіріп кете аласыз. Төлем жасаған уақытта тек пайдаланған жылуға ғана төлейсіз. Қазіргі таңда Ясауи көшесіндегі бір тұрғын үйді эксперимент ретінде іске қостық. Ол қысы бойы газбен жылытылды. Енді айырмашылықты жақын арада есептеп шығарамыз.

– Әлеуметтік желіден шахтаға түскен фотоңызды көріп қалдық. Жалпы, Кентаудағы шахталардың іске жарамдысы бар ма?

Шахталардың жай-күйімен танысып шықтым. Ондағы 33 горизонттың отызын су басып қалған. Біршама жобаларға жарап қала ма деген оймен зерттеп көрдім. Әзірге нақты жоспар жоқ. Нысан көптеген жылдар бойы қараусыз қалған.

– Қалаға қарасты ауылдарда қандай проблемалар бар?

– Бұрын Кентау қаласына төрт ауыл қарайтын. Халықтың саны 90 мыңның жобасында еді. Облыс орталығы Түркістанға көшкен тұста он екі ауылдық округ Кентаудың қарамағына өтті. Халық саны енді екі жүз мыңнан асты. Бұрын өндірісті саналып келген қалада ауыл шаруашылығы қатар дами бастады.

Бүгінде ол ауылдардың да жағдайы – басты назарда. Барлық ауылды аралап, халықпен кездесіп шықтым. Проблемаларын тыңдадым. Ауылда түйткілді мәселе көп екен. Ең бастысы, инфрақұрылымды дамытуымыз қажет. Мектеп пен медицина нысандары көп көңіл бөлуді қажет етеді. Міне, осының барлығын зерттей келе, әр ауылға кешенді даму жоспарын жасадық. Қазір осының негізінде біршама жұмыс жүзеге асып жатыр.

Егіндікке су үнемдейтін технологияларды қолдануды жоспарлап отырмыз. Тамшылатып суаруды қолға алмақпыз. Арық-атызды ретке келтіріп, су қоймаларын жөндеуден өткіземіз. Жаңадан су қоймаларын салу да жоспарымызда бар.

Сонымен қатар, Оранғай ауылынан арнайы экономикалық аймақ ашылады. Бұл мақсатқа 395 гектар жер бөлінді. Онда құрылыс кластеріне жататын кәсіпорындар орналасады деп күтілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында азық-түлік белдеуі құрылады. Индустриалды аймақта да үлкен жобалар жүзеге асады.

Бұрындары мәдениет ошақтарын, мектептер, балабақшалар салатын болсаң, тек бюджетке ғана арқа сүйейтін едік. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұл мәселелерді тездетіп шешуге мүмкіндігіміз бар.

– Алдағы күнгі жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Алда жоспарлар өте көп. Қаладан ұлы Абайдың ескерткіші ашылады. Сондай-ақ, Абай даңғылының бойынан «Ұстаздар аллеясын» салудамыз.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Төлеби көшесі мен Ясауи даңғылының қиылысында орналасқан монумент болатын. Халық сұранысына сәйкес оны алып тастадық. Ол жерге үлкен субұрқақ пен еліміздің картасы бейнеленген демалыс орнын жасаймыз.

Жастар жылының жалғасы ретінде биыл Еріктілер жылы басталды. Осыған орай қаладағы Жастар саябағын күрделі жөндеуден өткіздік. Онда да жастарға серпін беретін түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз.

Қалада көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алды. Биылдың өзінде 60 пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Жалпы, 2017 жылдан бері қалада 360 пәтер пайдалануға берілген болса, 2021 жылға дейін 1560 пәтер ел игілігіне тапсырылады деп жоспарланып отыр. Мұның баршасына тұрғын үй кезегінде тұрған кентаулықтар қоныстанады.

Кентауда ауысымына 500 келушіні қабылдайтын жаңа емхана бой көтерді. Мұнда емханамен бірге жедел жәрдем стансасы да орналасады.

Қоғамдық көліктер бойынша халықтың наразылығы көп. Әзірге бұл бағытта мамандар жұмыс істеп жатыр.

– Кентаудың төл перзентісіз. Балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Иә, мен Кентауда дүниеге келдім. Әкем Сәбит көптеген жылдар бойы медицина саласында абыройлы еңбек етті. Анам Сәуле мәдениет саласында қызмет атқарды. Өзім М.Әуезов атындағы

№22 мектепте білім алдым. Біраз ұстаздарым әлі күнге сонда еңбек етіп жатыр. Оларға алғысым шексіз. 1997 жылы мектепті бітірген соң жоғары білім алу үшін үлкен қалаға кеттім. Әр адам өзінің туған жерінің шынайы патриоты бола алу керек. Туған жерінің патриоты бола алған адам мемлекетінің де патриоты бола алады деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

Пікір қалдырыңыз