Су қоймалары бақылауда

«Шымкент қаласы аумағында орналасқан су қоймаларынан келер қауіп жоқ. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды» деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков су қоймаларының қазіргі жағдайы жайлы егжей-тегжейлі баяндады.

Мәселен, 1983 жылы салынған «Текесу» су қоймасының қазіргі сыйымдылығы – 481 млн. текше метр. Бүгінгі таңда оған 50 пайыз ғана су жиналған. Абай ауданы аумағында орналасқан «Ақжар» су қоймасы 723 млн. текше метр суды ұстап тұра алады. Су қоймасында бүгінге дейін 68 пайыз ғана су жиналған.

«Мұнан бөлек, Елтай елдімекені маңында орналасқан «Бадам» су қоймасының сыйымдылығы – 61,5 млн. текше метр. Қазір онда жиналған су 90 пайыздан асқан. Жағдай мамандардың тұрақты бақылауында. «Тоғыс» су қоймасы толса, 4,6 млн. текше метр су жинай алады. Қаладағы Тоғыс тұрғын алабында орналасқан су қоймасында дәл қазіргі таңда 19 пайыз ғана су бар» дейді мамандар.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласында биыл ұзындығы 134,4 шақырым болатын 11 канал қайта жаңартылады. Асқар Қаныбеков суармалы жердің ирригациялық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі жайын да баяндады. Шымкентте жалпы ұзындығы 241,24 шақырымды құрайтын 27 канал бар. Биылғы жаңаратын 11 каналдың бірі – «Өтеміс» каналы. Оның ұзындығы – 10 шақырым. Қазір дәл осы каналды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүруде. Оған 545 млн. теңге қарастырылуда.

Суармалы жердің инфрақұрылымын жаңғырту арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына айрықша серпін беретінін айтқан қала әкімі М.Әйтенов ирригациялық инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту жобаларын іске асыруды тездетіп бастауды, сондай-ақ қаражаттың тиімді игерілуіне тиісінше бақылау жүргізуді тапсырды.

Айта кету қажет, «Шымкент қаласының өзен және канал арналарына механикалық тазалау бойынша сервистік қызмет көрсету» мемлекеттік жекешелік-әріптестік жобалары бойынша 2020-2024 жылдарға 850 млн. теңге қаралған. Яғни тағы 16 канал арнасын (117,3 шақырым) механикалық тазалау көзделіп отыр.

 

Пікір қалдырыңыз