Теңіз түбінде қалған арман

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Есімін спорт тарихына алтын әріптермен жазған даңқты тұлғалар қаншама?! Футболшылар, боксшылар, теннисшілер... Ұзын-сонар жалғаса беретін бұл тізімді бүгін-ертең түгендеп біте алмаспыз. Бүгін біз аты да, заты да көпшілікке беймәлімдеу спорт түрі жайлы әңгіме қозғамақпыз. Су спортына құмартатындар беске білсе керек, фридайвинг деген спорт түрі бар. Қазақшалап айтар болсақ «суға сүңгу». Бүгінгі айдарымыздың басты кейіпкері осы спорт түрімен айналысып, 41 рет әлемдік рекордты жаңартқан орыс қызы Наталья Молчанова болмақ.

 

Наталья МОЛЧАНОВА (1962-2015)

Лақап аты: Фридайвинг ханшайымы

Туған жылы: 1962 жыл, 8 мамыр

Туған жері: Башқұртстан, Уфа

Спорттық өмірбаяны:

13 жылдық спорт мансабында 41 әлем рекордын орнатты.

23 рет әлем чемпионы атанды

2013 жылы Сербияда су ішінде дем алмай, 9 минут 2 секунд шыдады.

2013 жылы Сербияда су ішінде дем алмай, 234 метр қашықтықты жүзіп өтті.

2012 жылы Египетте дем алмай, 127 метр тереңдікке дейін сүңгіді.

Спортшы жайында «Жалғыз дем» атты кино түсірілген.

Оның ұлы Алексей Молчанов та фридайвинг спортымен айналысады.

 

Наталья Молчанова Уфа қаласында 1962 жылы дүниеге келген. Жастайынан спортқа қызыққан балғын қыз алғашында мәнерлеп сырғанау үйірмесіне барып жүрген. Кейін өз өмірінің бір бөлшегіне айналған су спортына аңсары ауып, 20 жасына дейін кәсіби түрде жүзумен айналысады. Алайда, тұрмыстық жағдайына байланысты спортты тастауға тура келеді. Дегенмен, спортты тастағанымен, қызығушылығын тастай алмады. Теңіз жағасында демала жүріп, жаттығуын жалғастыра береді. Оның фридайвинг спортына келуіне теңіз түбінде қалған қалдықтар себеп болған. Сол қалдықтарды жинаумен айналыса жүріп ол өзінің түпсіз тереңге сүңгу қабілетін дамытады.

Араға 20 жыл үзіліс салып, Наташа үлкен спортқа қайта оралады. Әлем ХХІ ғасырға енді аяқ басқан тұста Наталья фридайвинг спортының қыр-сырын меңгеріп жатқан-ды. 2002 жылы оның үлкен спорттағы алғашқы дебюті орын алады. Ол кезде Молчанова 40 жаста болатын. 40-қа келген Наташадан ешкім жоғары нәтиже күтпеген де еді. Кенет...

Айналдырған 2-3 жылдың көлемінде әлем жұртшылығы Наталья Молчанованы тани бастайды. 2005 жылы Швейцарияның Лозанна қаласында өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, спортқа 40 жасында бекерге қайта оралмағанын дәлелдейді. Ол мұнда ұзақ қашықтыққа және тереңдікке сүңгу, сонымен қатар су астында демсіз ұзақ тұру жаттығулары бойынша чемпион атанып, 3 бірдей алтын алқаны иемденген. Сол жылы Ниццадағы әлем чемпионатында да өзінің мықтылығын дәлелдеген. Үлкен спорттағы 3 жыл ішінде ол әлемдік 9 рекордты жаңартып үлгереді.

2007 жылы Марибор қаласында Лозаннадағы жетістігін қайталап, 3 алтын иеленеді. Жалпы, Молчанова қатысқан жарыстарда өзге спортшылар тек күміс жүлде үшін таласқан. Наташа өзі қатысқан жарыстардан тек алтын медальмен оралған.

Кәсіпқой спортта өткізген 13 жыл ішінде Наталья Молчанова 23 рет әлем чемпионы атанған. 41 әлем рекордының иесі де осы Молчанова. 2012 жылы 8 мамырда, өзінің 50 жасқа толған күнінде ол кезекті әлемдік рекордты орнатты. Суға сүңгитін арнайы жабдықтың көмегінсіз ол 66 метр тереңдікке дейін жеткен. Содан бір күн бұрын ғана америкалық суға сүңгуші Эшли Футрал-Чепмэн 65 метрге дейін сүңгіп, рекорд жасағанын тойлап жатқан-ды. Сол жылы Египеттегі кезекті жарыстардың бірінде орыс қызы 127 метр тереңдікке дейін сүңгіп, әлемдік рекордты жаңартты. Одан кейін бұл рекордты жаңартқысы келгендер ол нәтиженің маңайына да жолай алмады. 2013 жылы Белградта суға сүңгуден әлем мықтылары жиналған. Бұл жарыста да Молчанова өзінің шоқтығы биік спортшы екенін дәлелдеді. Су астында 234 метр қашықтықты жүзіп өтіп, кезекті рекордын тіркесе, су астында 9 минут 2 секунд тұрып, әлемдік рекордты тағы бір мәрте жаңартты.

– Суды еркіме бағындырамын деу бос әурешілік. Сумен дос болу керек. Сонда ғана қалаған нәтижеңе қол жеткізе аласың, – деген еді журналистерге берген бір сұхбатында.

Ресей спортының бетке тұтар тұлғасына айналған ол біраз жыл бойы сол елдің фридайвинг федерациясын басқарды. Өзінің спорттық мансабы, жетістікке жету жолдары жайлы бірнеше оқулық жазды. Ол өзінің кітаптарында спортқа қалай келгенін де жазып қалдырған. Жаттығулар мен жан-жақты ізденістің мұндай күрделі спорт үшін аздық ететінін ерте бастан білген ол йогамен айналысқан. Әсіресе, тыныс алу жолдарына жасалынатын «пранаяма» деген жаттығуды көбірек істеген екен. Соның арқасында ол су түбінде демсіз ұзақ шыдауға бейімделген. Наталья Молчанова өзінің ұлы Алексейді де осы спорт түріне баулыған.

Атлант мұхитының ортасында тереңдігі 120 метр болатын «Үлкен көгілдір ойық» деген ұңғыма бар. Наташа ұлы екеуі осы ұңғыманы бір деммен бағындырған алғашқы ресейлік спортшылар. Айта кетерлік бір жайт, Наталья осы ұңғыманың түбіне дейін жеткен тарихтағы алғашқы әйел. Әзірге оның бұл ерлігін қайталайтын төрткүл ғаламда ешкім болмай тұр.

Бір қызығы, Ресейде Наталья Молчанованы танитындар аз. Мұның себебін фридайвинг спортының солтүстіктегі көрші елде соншалықты танымал еместігімен түсіндіруге болады. Есесіне оны әлемнің спортсүйер қауымы өте жақсы таниды. Тіпті, оның осы ұлы жетістіктеріне қарап «Фридайвинг ханшайымы» деп атап кеткен. 2019 жылы Молчанованың құрметіне «Жалғыз дем» атты фильм түсірілді.

2015 жылы Ресей чемпионатында Наталья Молчанова өзінің соңғы рекордын тіркеді. Сол жылы тамыз айында Испаниядағы теңізге өзінің достарымен бірге демалуға кеткен даңқты спортшы қайта оралған жоқ. Сүңгуші достарымен бірге 2 тамыз күні теңізге түскен Натальяны қайтып ешкім көрген жоқ. Қаншама құтқарушы техникалар жұмылдырылғанымен, Наташаның денесі табылмады. 4 күнге созылған іздеу жұмыстары өз нәтижесін бермей тоқтатылды. Ол теңіз түбінде мәңгіге қалып қойды. Оның ешкімге айтпай жүрген арманы да сол ма еді?! Кім білсін...

 

Пікір қалдырыңыз