«Пойызда жүріп өмірдің шын бет-бейнесін көрдім...»

Есімі елімізге танымал сатирик ақын Алпысбай БОРАНБАЙҰЛЫ мамыр айында жетпіске толады. Шығармашылығының ширек ғасырын сатира әлеміне арнаған талант иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Мамыражай мамырда табан тіреген жетпіс жасыңыз құтты болсын, аға! Әңгімемізді артта сағымдай болып қалып бара жатқан өмір жолыңыздан бастасақ.

– 1950 жылы 10 мамырда Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылында дүниеге келгенімде әкем Боранбай алпыс жасты алқымдап қалса керек. Содан есімімді Алпысбай қойыпты. Марқұм інім, талантты ақын Байзақ Нысаналиев айтқандай, бесікте жатқанда-ақ өзге сәбилер сияқты іңгәлаудың орнына әлденені күбірлеп:

Тұрғызып өлең боранын,

Толысамын, толамын.

Оспанхан, Шона секілді

Мен сатирик боламын, – дейді екем. 1967 жылы Түлкібас ауданының орталығындағы Абай атындағы орта мектепті күміс медальмен бітірген соң Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының инженер-механик факультетіне оқуға түстім. Еңбек жолымды облысымыздағы Қазығұрт ауданы, Жданов атындағы кеңшарда механик болып бастап, сосын Ванновка гидромелиоративті техникумында ұстаздық еттім. Ақбиік халық театрының тізгінін ұстаған кезім де болды. Еліміз егемендігін алған тұста өтпелі кезеңнің екпініне шыдамай көптеген жұмыс орындары бірінен соң бірі жабылып жатты. Мен де нартәуекелдің желқайығына мініп, кітаптарымды сату үшін пойызға шығып кеттім. Бұдан жаман болған жоқпын. Уақыт өте жеке табысым молайды. Пойызда көптеген елге танымал азаматтармен танысып, көңіл көкжиегім кеңейді.

– Әдебиет әлеміне, оның ішінде әзіл-сықақ ауылына қалай келіп жүрсіз?

– Оқушы кезімде «Ара» журналы, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті мен басқа да басылымдардың бетін бермейтін А.Тоқмағамбетов, Ш.Смаханұлы, О.Әубәкірұлы, О.Иманәліұлы секілді сатира сардарларының сықақтарын жаттап алып, сахнадан орындап жүрдім. Студент кезімде төрт-бес сатира кітабын қолтықтап алып троллейбуста кетіп бара жатсам қарсы орындықтағы жұпынылау киінген кісі қолымдағы кітаптарыма жармаса кетті.

«Қай дүкеннен алдың? Өзің сатиралық шығармаларды жақсы көресің-ау деймін» деп іші-бауырыма кіріп барады. Сөйтсем бұл кісі Шона Смаханұлы екен. «Өзің сықақ жазасың ба?» деген сауалына «жоқ, жазбаймын, бірақ сықақшылардың шығармаларын сахнада орындағанды жақсы көремін» дедім. Шона ағам айтқаныма сене қоймады. «Ендеше, жазуды қолға ал, сосын маған әкеліп көрсетіп тұр. Сен баладан түбі бірдеңе шығады» деп үйінің адресін берді. Күтпеген кездесу әсер етті ме, 1969 жылы Ресейдің Алтай өлкесінде практикалық жұмыста жүргенде «Мен, мен едім...» атты тұңғыш сықақ өлеңімді жаздым. Осылайша басында кіруге жүрексініп жүрген сатира ауылына қалай атойлап кіріп кеткенімді білмей қалдым.

– Өмір бойы ауылда тұрсаңыз да Жазушылар одағының мүшесісіз. Біраз адам Алматыда тұрып, одаққа өте алмай жүр...

– Әрине, мүшелікке өту оңай емес. Баспадан жарық көрген бірнеше кітабым мен атақтары дардай үш жазушының пікірін жинап қойғанмын. Бір жолы пойызда кітап сатып жүріп Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловқа жолығудың сәті түсті. Менің «бизнесіме» риза болған Қалекең «нарыққа бейімделгенің дұрыс, бір жағы әдебиетті насихаттау ғой мұның» деді. Әңгіме арасында менің мүшелікке өтпегенімді біліп, көмектесетінін айтты. Қалекеңнің қолдауымен бірер аптаның ішінде Жазушылар одағына мүше болып шыға келдім.

– Шыныңызды айтыңызшы, пойызда жүріп байып кеткен жоқсыз ба?

– О-о, байығанда қандай! Отарбада жүргенде он шақты кітабымды шығарыппын. Оның біреуі жерлес ақын В.Барановскийдің тәржімасымен орыс тілінде басылды. Менің бар байлығым – кітаптарым. Пойызда жүріп өмірдің шын бет-бейнесін көрдім. Көргендерімді жүрегімнің елегінен өткізіп, өлең етіп төгілттім. Өз қаржыма жарық көрген кітаптарымды «сатып бер» деп ешкімді мазаламадым. Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Қостанай, Көкшетау, Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қалаларына, еліміздің барлық облыстарына іштен шыққан «шұбар жыландарым» мәлім болды. Пойызда жүрген 6-7 жылда 140 мың данаға жуық кітабым оқырманның қолына тиіп, олардың рухани азығына айналды. Мақтанғаным емес, туындыларымды Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді өнер тарландары да сатып алды. Ал, енді Мәжіліс депутаттары, министрлер, әкімдер, жазушылардан жинақталған оқырмандарымның жөні бір бөлек. Оқырмандарымның ішінен сықақтарымды жатқа оқитындарды да кездестірдім. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының халық театры менің «Тұрыңыздар, сот келеді...» атты сатиралық поэмамды сахналапты. Міне, мұның бәрі мен үшін үлкен байлық емес пе?!

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Мархабат достың жылы лебізін есіттіргеніңе рахмет. Шынымды айтсам, қолыма қалам ұстамағалы көп болды. Жетпіс жастың жартысын әдебиет әлеміне, әзіл-сықақ саласына арнаппын. Сатира жанрында біраз шараны атқарыппын. Жиырма шақты кітабым жарық көріпті. Ойымда әлі пісіп жетілмеген дүниелер аз емес. Бір өкінішім, әзіл-сықақты серік еткен қаламгерлер ауданымызда некен-саяқ. Бұрын осы Түлкібас өңірінде Айдарбек Пірімұлы, Алпыс Байғұлов, Байзақ Нысаналиев сынды сатира сарбаздары бар еді. Бүгінде тек Мұхтар Шерім мен өзің ғана қалам тартып жүргендерің болмаса, жастардан бұл салаға ешкім бет бұрмады... Дегенмен, келешекте сатираға жастардың көбірек келетініне сенімдімін.

– Сұхбатыңызға рахмет! Жазар көбейсін!

Сұхбаттасқан Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Пікір қалдырыңыз