Фотограф Сәбина

Мақпал Төребек, «Ońtústik Qazaqstan».

Адам бала күнінен қандай да бір іске қабілетті болып, сол қабілетін үнемі жетілдіріп отыратын болса, түбінде табысқа жетпей қоймайды. Сәбина секілді. Ол оқушы кезінен-ақ табиғатты тамашалау үшін мектептен үйіне ауылдың сыртымен қайтатын. Оған қоса ойдан оқиға құрастырудың хас шебері еді. Талдың ұшар басына шығып алып, ту-у биіктен айналадағы сұлулықты барлағанға бейіл-тұғын. Бірақ, Сәбина ол кезде осының бәрі болашақ фотографқа керек қасиеттер екенін білмеген де...

Сәбина Әбдімәлік Отырар ауданындағы Шеңгелді ауылында дүниеге келген. «Шеңгелді» шағын жинақтық мектебін бітіріп, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-дің өнер факультетіне оқуға түскен. «Ата-анам дәрігер болғанымды қалайтын. Ал, менің бүйрегім домбыраға, өнерге бұра берді. Тіпті, мені «мектебіміздің Роза Рымбаевасы» дейтін. Сондықтан оқуға түскенде көп ойланбастан ұлт-аспаптар бөлімін таңдадым. Алайда, алты айдан соң режиссураға аңсарым ауа бастады. Әрине, ауылда жүргенде ондай мамандық барын білген жоқпын. Қиындығына қарамастан үй-ішіме айтпай, мамандығымды ауыстырдым» дейді ол. Осылайша 2016 жылы ол «Уақыт банкі» деген тырнақалды қысқаметражды фильмін түсіріп, жас кинорежиссерлерге арналған «КиноАрт» байқауына қатысты. Сәбина ұялы телефонмен сурет, видео түсіруге бұдан бұрын 2015 жылы анасы жаңа телефон әпергеннен бастап әуестене бастаған. Себебі, ол кезде Қазақстанда қарқын ала қоймаған смартфонмен суретке түсіру, яғни мобилография өнері әлемде үлкен сұранысқа ие екенін білетін.

Бастапқыда кез келген затты, құбылысты суретке түсіре беретін. Ал, 2017 жылы Түркістан қаласындағы Наурыз тойда түсірген суреті оған алғашқы жеңісін әкелді. «Байқаудың басты шарты суретті телефонмен түсіру болғандықтан бағымды сынап көрейін дедім. Төңіректі барлап, той өтіп жатқан аумақты араладым. Кенет үлкен оюлы кілемше көзіме оттай басылды. Жан-жағыма қарап сәтті фотоэтюд іздеп тұрғанымда анасына еріп келе жатқан бүлдіршінді байқадым. Баланы анасынан сұрап алып, бірнеше кадр жасадым да ішінен ұнағанын әлеуметтік желіге жүктедім. Сондағы ойым, көктем еркіндік пен үміт мезгілі дегенді білдіру болатын. Арада бір апта өткенде поштама бас жүлде алғаным туралы құттықтау хат келді. 1 cәуір – Күлкі күні болғандықтан алдандым-ау деп қоя салғанмын. Сөйтсем жүлде алған фотоэтюдім Н.Назарбаев университетінен шығатын «Basta Now» журналының мұқабасында жарияланыпты. Журнал қолыма тигенде төбем көкке бір елі жетпей қалды. Бұл жеңіс мені одан әрі шабыттандырды. Ең қызығы, менің сурет түсірумен айналысатынымды ешкім білмейтін» дейді Сәбина.

Бүгінде ол қолындағы 328 мың теңгелік Iphone XR смартфоны арқылы кәсіппен айналысады. Әзірге күнгей жұртшылығы оған күмәнмен қарайтындай... Алайда, басқа қалалардан қоңырау шалатындар аз емес. «Себебі, оларға мобилография таныс. Адамдар бұл өнерге бой үйреткенше төмен бағаға жұмыс істеуге тура келеді. Бір-екі жыл бұрын сағатына 2000 теңгеге сурет түсірген кезім де болды. Қазір еңбекақым – 5000 теңге. Менің кәсіби фотографтардан айырмашылығым, олар техникаға мән береді. Мен әрбір кадрдың астары, айтар ойы болса, яғни түсірген суреттерім тілсіз сөйлеп тұрса деп жанталасамын. Кәсіби фотографтар жұмысына 15-40 мың теңге көлемінде алады. Олар камерасы мен уақыты үшін баға қойса, мен идеям мен уақытымды бағалаймын. Адамдар сурет түсіруге кәсіп ретінде қарайды, мен оны шығармашылық деп білемін» дейді ол.

Фотограф қыздың алға қойған арман, мақсаттары аз емес. Болашақта жеке студия ашсам деп армандайды. «Ондай мүмкіндік туып жатса, студияма кез келген адам келгенін қаламаймын. Суретке түсетін адамға мен ақша төлеуім керек, я болмаса ол маған ақша төлеуі тиіс. Бірақ, суреттер менің идеяммен түсіріледі» дейді. Ал, әзірге оның «студиясы» – кең дала, табиғат аясы, «моделі» – қарапайым адамдар. Солардың күнделікті тіршілігі оның негізгі нысанасы. Оның суреттеріне қарасаң шытырман жұмбақтың шешуін іздегендей ойға кетесің... Ал, ол болса «кез келген адам фотограф бола алады. Алайда, туабітті суретші, қолөнерші сияқты қабілеті, талғамы болмаса тойдың төңірегінде қалып қояды. Сосын, өкінішке қарай, адамдар қымбат телефонды сәнге ғана ұстайды. Ал, оның іші мүмкіндіктерге толы екенін ескермейді. Маған телефонның бағасы емес, камерасы, жұмыс істеуі маңызды» дейді. Сондай-ақ, ол мобилографияны жаңадан меңгергісі келетіндерге үздіксіз суретке түсіре беру керегін айтады. «Қол үйренеді. Көзің бұрын байқамағанды байқай бастайды. Мен 2014 жылдан бастап он бес мыңға жуық сурет түсіріппін. Ол кездегі түсірген суреттерім мен қазіргі түсіргендерім салыстыруға келмейді. Сосын қазір фотосессияға макияж жасатып, әртіс көйлек киіп түсу емес, күнделікті образбен, табиғи түрмен түскен дұрыс» дейді.

Өкінішке қарай, мобилографияны көп адам әлі өнер деп есептемейді. Бірақ, Сәбина секілді идеяға бай, кәсіби мобилографтардың бұл көзқарасты өзгертуі, қатарын көбейтуі әбден мүмкін. Өйткені, сапалы фотоаппараттарды алуға жастардың қаржылық мүмкіншілігі жете бермейді. Ал, смартфон көпшілігінде бар. Ендеше, бұл қолындағы телефонды тиімді пайдаланатын жастардың да қатары келешекте көбеюі мүмкін деген сөз емес пе?!

 

Пікір қалдырыңыз