Қарбыздан – екінші өнім...

Көксу ауылдық округіндегі «Үкіт» серіктестігі егіс алқаптарына шит себу науқанын аяқтамақ. Биыл серіктестік диқандары меншігіндегі алқаптың 86 гектарына мақта, 16 гектарына бау-бақша дақылдары мен жүгері тұқымын себуді жоспарлап отыр.

Серіктестіктің атқарушы директоры Азамат Дәуренбековтің айтуынша, көктемгі егіске шамамен 7 тонна жанармай жұмсалады.

– Биыл жанармай мен тыңайтқыш бағасы диқандардың қалтасына қолайлы болып тұр. Жанармайдың бастапқы бағасы 165 теңге болса, қазір жеңілдетілген бағамен 162 теңгеге құйып жүрміз. Бұл да болса мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетілген көмек. «Қызылқұм» каналынан ағын су тарту мәселесін аудандық әкімдік шешіп берді. Енді диқанның міндеті – көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып, егіс науқанын уақтылы аяқтау, – дейді Азамат Қалдыбекұлы.

Серіктестіктегі лизингтік әдіспен алған екі трактор, егістік алқапқа, жалпы шаруаға қажетті басқа да техникалар тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. 30 шақты жұмысшының қатары науқан кезінде арта түседі.

Ерте көктемде полиэтилен жамылғы астына бақша дақылдарын егетіндердің көпшілігі өнімді жинап алған соң пленкаларын жалбыратып әлгі жерге тастап кетеді. Ал, Азамат Дәуренбеков жыл сайын осындай әдіспен он гектар жерге қауын-қарбыз егіп, өнімін алған соң ескі пленканы жинап алады. Алқаптағы ескі пәлекті шауып алып тастап, қарбыздың түбіндегі негізгі сабағын бір қарыстай қалдырып кетеді. Содан соң суарып, қайтадан күтім жасауды қолға алады. Нәтижесінде, қарбыздың түбінен қайтадан жапырақ жайылып, көктей бастайды. Күзді күні алғашқыға жетеғабыл өнім алады.

Мұндай әдісті бұрын-соңды естімегендіктен елең етіп, сұрақты жаудырдық.

– Қай уақыттан бері бұл тәсілмен егіп келесіз? Пайдасы мен шығыны қандай? Егер тиімді болып жатса неге мұны кең көлемде насихаттамасқа?!

– Пленка астында қарбыз егуді қолға алғанымызға көп болды. Сонда кейбір түптердің қара күзге дейін көгеріп, түйнектеп жататынын байқайтынбыз. Осыдан екі жыл бұрын аз ғана жерге тәжірибе жасап көрдім. Алқапты ескі пәлек пен сарғайып кеткен пленкадан тазартып, қайта суарып, тиісті тыңайтқышын бердім. Алғашқы өнімдей аса ірі болмаса да, 6-7 келілік қарбыздар пісіп жетілді. Бірінші өнім гектарына кемі 30 тоннадан 50 тоннаға дейін берсе, түбінен қайта өскен екінші өнімнен 20-25 тонна алдым. Есесіне жер айдаған жоқпын. Жаңадан тұқым еккен жоқпын. Мәселен, биыл сәуір айының басында пленка астына қарбыз ексем, оны шілденің 15-іне дейін жинап боламыз. Түбінен қайта көктеген екінші өнім қыркүйектің 15-20-ларына дайын болады. Ең бастысы – артық шығынсыз, бір жерден екі рет өнім аламыз, – дейді ол.

Тірлігін тап-тұйнақтай дөңгелетіп отырған іскер жігітке ел де, ауыл басшылары да дән риза.

Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Баянбай Қайыпназаровтың айтуынша, Азамат ауылдағы белсенді жастардың бірі. «100 гектар алқап дегеніміз аз жер емес. Соны игеріп келеді. Сондай-ақ, кез келген қоғамдық жұмыстың, қайырымдылықтың басы-қасынан табыла кетеді. Әкесі марқұм Қалдыбек Дәуренбеков те еңбекқор еді. Кезінде ауылдың игерілмей жатқан жеріне күріш егіп, өсірген де сол Қалекең болатын. Бұл сол ағамыздың жолын ұрпақтары лайықты жалғастырып келе жатқанының дәлелі» дейді ол.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ. Шардара ауданы.


Пікір қалдырыңыз