Бірінші кезекте – ұлт болмысы

Кез келген мемлекеттің жүйелі дамуы ортақ мүдделерден тұратын белгілі бір бағдарламалар, стратегиялық жобалар мен жоспарлар арқылы іске асады. Оған жер бетіндегі сандаған мемлекеттердің тарихы куә бола алады. Ішкі және сыртқы күштер, заман мен қоғам тарапынан тасталған шақыртуларға, сындарлы ескертулерге жауап беру үшін ортақ идеялар арқылы жол табу, уақыт талабына икемделу секілді ұстанымдар орнықпай ешқандай билік алға қойған мақсаттарына жете алмайды. Яғни ортақ идеяларсыз бірде-бір мемлекет өрлеу жолына түсе алмайды, даму жоспарларын жүзеге асыра алмайды.

Осыған орай бүгінде мемлекетімізде жүріп жатқан «рухани жаңғыру» идеясы да дер кезінде көтерілген идея болды. Бұл еңбекте туған жер мен ұлттың біртұтастығы, ұрпақтар сабақтастығы, адам мен табиғаттың туыстығы идеялары өзара қабысып жатыр. Бұл идея ұлттық болмыстың мемлекет өмірінде маңызды орын алатындығын көрсетеді. Осындай өміршең идеялар жеке адамды, ұлтты және әртүрлі буын өкілдерін біріктіре алады. Ал, өміршең идеялар жүзеге аса бастаған сайын халықтың руханияты кемелдене түседі, мұның өзі іргесі берік мемлекет қалыптастырудың кепілі болып табылады.

Кез келген реформаның халықтың табиғатын, өзіндік болмысын және әлеуметтік рухани негіздерін сақтай отырып жүргізілгені, іске асқандығы абзал. Мемлекеттің, ұлттың болмысы тасада қалса, ондай реформа, қанша жерден әлемдік тәжірибелерге сүйеніп жасалынса да, әлеуметтік жіктелулерге, саяси-құқықтық дағдарыстарға, басқа да түрлі күйзелістерге әкеледі. Мұны аксиома деп қабылдауларыңызға да болады.

Рухани жаңғыруға ден қойған кез-келген мемлекеттің өзегінде әрдайым жеке адам, тұлға және халық тұрады. Жасампаздыққа қол жеткізген жекелеген тұлғалар (батыр, шешен, би, т.б.) рухты көтеріп, оны биіктетеді. Соған байланысты өскелең ұрпаққа жекелеген тарихи тұлғалар бейнесі арқылы да ұлттық тәлім-тәрбие беруге болады. Түрлі талант иесі болған тұлғалардың арттарында қалдырған өнегелі істері жетерлік. Солардың негізінде жас жеткіншектерге ұлттық тәлім-тәрбие беру қоғам алдында тұрған міндет болып табылады. 

Елді әлсірететін және оның тұтастығына нұқсан келтіретін түрлі ағымдарға, жаһандық жат пиғылдар мен өзге де «құндылықтарға» тосқауыл қою үшін «рухани жаңғыру» сынды бағдарламаларды дәріптеп, оның негізінде ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіру қазақ жастарының рухани деңгейін өсіреді. Яғни, біз кез келген жасты ұлттық мүдде деңгейінде ойлана алатын дәрежеде тәрбиелеуіміз қажет. Ұлттық руханият өзегімен тыныс алып, өмірімен етене байланысып өскен ұрпақ қана өз-өзін сақтап қала алады, бойындағы барлық күш-жігерін, қабілетін, өзге де мүмкіндіктерін елдің болашағына арнайды. Мұның өзі тәуелсіздігіміздің үнемі баянды болып тұрақтап тұруына, мемлекеттің қарқынды түрде дами беруіне жол ашады. 

Ұлттық қасиеттер мен құндылықтарды дәріптеу рухани жаңғырудың негізі. Ол – алға дамудың кепілі. Ұлттық сана мен тәрбие, тарихи білім, имандылық, тектілік, бекзаттық қазіргі жастардың бойынан табылса деген мұратымыз бар. Мұның өзі бүкіл қоғам болып осы бағытта жұмыс істеуді қажет етеді. 

Досбол Байғонақов, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры.


Пікір қалдырыңыз