Санитарлық талап сақталуы тиіс

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің ресми сайты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты кезекті рет мәлімдеме жасады. Онда Президент елдегі жағдайдың тұрақталып келе жатқандығын атап өтті. Елімізде төтенше жағдай режимі ресми тоқтатылды. Десек те карантиндік режим әлі де жалғаса береді.

Індеттің таралуы ең бірінші елдегі экономикалық ахуалға зиянын тигізді. Қазір осы саланы қалыпқа келтіру бойынша жұмыстар атқарылатынын Презиндетіміз атап өтті. Транспорт, сауда салалары қайта жанданбақ. Бірақ қауіпсіздік шаралары толық сақталуы тиіс. Себебі індеттің беті қайтқанымен толық тоқтаған жоқ. Бұл халықтың денсаулығына әлі де қауіп бар деген сөз.

Президент Үкіметке жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуді тапсырды. Шағын, орта, ірі компаниялар сол ережелерге сәйкес жұмысына кіріспек. Халық жиі шоғырланатын орындар дезинфекциялық нормаларға сай болуы керек. Президент қоғамдық көліктердің де біртіндеп жұмысқа кірісетіндігін атап өтті. Олар да санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Ал облыстар арасындағы қатынас шектеулері бұрынғыдай қала бермек.

Еліміздегі бұл жағдай әрбірімізге оңай соқпағанын атап өткен жөн. Десе де бұл шаралардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалынып отыр. Ал халықтың денсаулығы ең бірінші кезектегі мәселе екенін ұмытпаған абзал.

Кәмшат Ибраимова,

Шымкент қалалық №4 поликлиниканың дәрігер-эпидемиологы.


Пікір қалдырыңыз