Қастерлі әрі қасіретті тарих...

Өткенге үңілсек, 1939 жылы Германия мен КСРО-ның Польшаға басып кіруінен басталған екінші жаһан соғысы сол кездегі картада белгіленген 73 мемлекеттің 62-сін шарпыды.

Яғни бұл алапат жер шары халқының 80 пайызын қамтыпты. Ал, Германия мен Кеңес Одағы арасындағы шайқас – сол дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі. 1941 жылғы 22 маусымда басталып, 1945 жылы 8 мамырда аяқталған бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы» деп аталады. Батыс елдерінде бұл текетірестің аты – «Шығыс майданы», ал, Германияда бұл соғыс «Неміс-кеңес соғысы» атауына ие екен.

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы аға буынның ерлiгi – сан ғасырлық тарихымыздың өшпейтiн бiр тарауы. Қазақ жерiнде құрылған көптеген әскери құрамалардағы жауынгерлердiң ерлiктерi ұлы шайқастар жылнамасында даңқты беттер болып жазылып қалды. Атап айтқанда, біздің республика аумағында 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық әртүрлi әскер полкi мен батальоны құрылып, майданға аттандырылды.

1941 жылдың қараша айындағы Мәскеу түбiндегi шайқаста 316 атқыштар дивизиясы (кейіннен Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия деп аталды), 238 және 312 атқыштар дивизиясы жауынгерлерiнiң ерен ерлiгi бұған дейiн жеңiлiс көрмей алға ентелеген неміс армиясының тегеурінін тоқтатып, тұмсықтан ұрғандай есеңгiретіп тастады.

Бұл күн – аға буынның ерлiгi мен елжандылығы, отансүйгiштiгi алдында бас иiп, тағзым ететiн аса қастерлi де қасіретті күн.

Ел басына қаралы күн туып, ер азаматқа аса ауыр сын болған сұрапыл соғыста көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлiктерi бүгiнгi ұрпақ үшiн нағыз патриотизмнiң теңдессiз үлгiсi болды.

Таяуда «МИР» телеарнасына сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев майдангер әкесін сүйіспеншілікпен еске ала отырып, екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске біздің еліміздің қосқан үлесі туралы пікірін білдірді. Мемлекет басшысы соғыстың алғашқы айларында Ресей, Украина, Беларусь аймақтарында оккупацияланған ірі өндірістік кәсіпорындардың Қазақстанға көшірілгендігін еске алды. Қазақстан Қызыл Армияны қару-жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен жарақтандыруда негізгі рөлге ие болғанын да баса айтты. «Майданда атылған он оқтың тоғызы Қазақстан жерінде шығарылды. Майданға 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жібердік. Басқаша айтқанда, жеңіске жету жолында біздің қосқан үлесіміз айқын еді. Қазақстанда театр қайраткерлерінің көбі шығармашылықпен айналыса алды. Кинематографистер мен музыканттар, ақындар мен жазушылар көп болды. Дәл осы елде кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді, Кеңестер Одағының танымал мәдениет қайраткерлері Қазақстанда тұрып, еңбек етті. Олардың ішінде Сергей Эйзенштейн, Алексей Толстой, Константин Симонов, Сергей Прокофьев, Галина Уланова және басқалар бар еді. «Александр Невский» атты әйгілі фильм де Алматыда түсірілді» деп атап өтті Президент.

Айбынды әскери бөлімдердің құрамында өңiрiмiзден майданға шақырылғандар да көп едi. Атап айтқанда, қазіргі Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан майданға аттанған 150 мыңға жуық адамның жартысынан астамы елi мен жерi үшiн, қасиеттi Отаны үшiн жанқиярлық танытып, ерлiкпен қаза тапты. Күнгей аймақтан соғысқа аттанған мыңдаған жауынгер орден-медальдармен марапатталды. Өкінішке қарай, олардың көбi қазiр арамызда жоқ. Жарқын болашақ жолында күрескен кешегі ата, апаларымыздың рухына басымызды иіп, тағзым етемiз.

Ұрыс даласындағы жауынгерлер ғана емес, елімізде күн-түн демей қажырлы еңбек еткен тыл ардагерлерiне де бүгiнгi ұрпақ дән риза. Өңіріміздің әрбiр қаласы, ауданы мен ауылы, әрбiр тыл еңбеккерi, жас балалардан бастап қарттарға дейiн жанкештілікпен еңбек етіп, жеңiстi жақындатуға үлес қосты.

Мәселен, қазыналы Оңтүстiк өлкесі елiмiздiң аса маңызды ауыл шаруашылығы және iрi өнеркәсiп аймағына айналды. Кейбір мәліметтерге жүгінсек, соғыс жылдары майданға 2 миллион пұт ет, 800 мың литр сүт, 100 мың iрi қара, 1 миллионнан астам қой мен ешкi терiсi, 44 мың 80 пұт жүн, 2 миллион 120 мың пұт астық жөнелтілдi. Мамандардың есебi бойынша, облыс тапсырған мақтадан тоқылған матадан Қызыл Армияның 7 миллион жауынгерiн киiндiруге болады екен. Шұғылалы Оңтүстік өндiрiстi аймақ атанды. Соғыс жағдайына байланысты Кеңес Одағының өнеркәсiп орындары, зауыттары шұғыл осында көшiрiлдi. Соғыстың алғашқы айларында Воронеж пресс-автомат зауыты, Харьков шұлық және айна фабрикасы, Подольскiнiң илеу-құю зауыты, Киевтiң химия-фармацевтикалық зауыты, Мәскеудiң алколойд зауыты, Кременчугэлектростансасы облысымызға қоныс тептi. Шыны зауыты – «Күйiк» кеңшарына, трактор шеберханасы – Сайрам ауданына, электростанса – Түркiстанға, мақта иiру фабрикасы «Мақтаарал» кеңшарына орналасты. Жалпы, өңірімізге 26 кәсiп-орын көшiрілсе, оның 14-i Шымкент қаласына қоныстанды. Бұлар жалпы 255 iрi және орта өнеркәсiп орындарының негiзiн қалады. Зауыттар мен фабрикалардағы жұмысшылардың саны 20 мың адамға жетті.

Соғыс жылдары облысымыздың ең көне кәсiпорны – Шымкент химия- фармацевтикалық зауытының стратегиялық маңызы зор еді. 1885 жылы іске қосылған кәсіпорын Одақтағы ең iрi өнеркәсiп орны болатын. Аталмыш зауытта дерменеден түрлi дәрi жасалынды. Кәсіпорын майданға морфин, кофеин, анабазин жөнелтті. Олар соғыс жылдары дәрi-дәрмектiң 24 түрiн шығарды.

Шымкент қорғасын зауытының даңқы шартарапқа жайылып, өндiрiлген өнiм көрсеткiшi бойынша Одақта көш бастады. Алып кәсіпорынға ұлан-байтақ КСРО-ның түкпiр-түкпiрiнен 1500-ге жуық маман жiберiлдi. Мұнда үш мыңға жуық адам еңбек еттi.

Осы өндiрiс ошағынан 400 жұмысшы майданға аттанды. Кентау, Ащысай, Мырғалымсай, Байжансай, Ленгiр кенiштерi Отанға қорғасын, көмiр, тағы басқа да шикiзат беру үшiн күнi-түнi аянбай жұмыс істеді. Дала қостарында да еңбек көрiгi қызды. Буыны бекіп, қабырғасы қатаймаған балалар ерте есейді. Егiн екті, дән бастырды, шөп орды, мал бақты.

Бүгiнде арамызда жүрген соғыс және тыл ардагерлерi жас буынды отаншылдық пен патриотизмге тәрбиелеуге өздерiнiң лайықты үлесiн қосып келедi. Жеңісті жақындатқан ардагерлердің саны уақыт өткен сайын селдіреп келеді. Мәселен, Түркістан облысында 40 Ұлы Отан соғысының ардагері, 8 мыңға жуық тыл ардагері тұрады. Жеңістің 75 жылдық мерекесіне аман жеткен майдангердің әрқайсысына 1 миллион теңгеден, ал, тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден өтемақы беріледі. Бұдан басқа кәсіпкерлер тарапынан да сый-сияпаттар жасалмақ. Бүгінгі ұрпақ Отан үшiн, келешек ұрпақ үшiн қасық қанын аямаған аталарымыз бен әжелерiмiздiң, әкелерiмiз бен аналарымыздың асқақ рухына бас иіп, тағзым етеді.

«Ońtústik Qazaqstan» газеті.


Пікір қалдырыңыз