Дара тұлға

Мекемтас Мырзахметұлы – қайраткер ғалым, ұлағатты ұстаз. Ғалым – түркі халықтары әдебиеті тарихы, ономастика, абайтану, бауыржантану ғылымдары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, отаршылдыққа қарсы сананы қалыптастыру жолында жемісті еңбек етіп келеді. Бір айта кетерлігі, Мекемтас ағамыз 9 мамыр – Жеңіс күні мерейлі 90 жасқа толады.

Бүгін біз ғалымның бауыржантану ғылымын қалыптастырудағы еңбегін сөз етпекпіз. Профессор М.Мырзахметұлы батырмен 25 жыл туыстық қана емес, рухани іні болып араласуымен, 36 жыл оның шығармашылығын үздіксіз зерттеуімен ерекшеленеді.

Ғалымның бауыржантану ғылымын осыдан 36 жыл бұрын бастағанын естеліктері арқылы білуге болады. Онда осы саланың алғашқы баспалдағы туралы «Бір күні қарасам, Баукең берген үш жүз алпыс беттік қойын дәптері толуға айналыпты. Енді не істеу керек? Бұл арнау өлеңдердің бәрі де туған халқының аты аңызға айналған батыр ұлына жүрекжарды жан сезімі ғой. Халықтың қастерлеген жүрек сыйын, жан сөзін өзіне қайыру керек деген ойға келдім де, «Халық сыйы» деген атпен 1984 жылы 5 баспа табақ көлемінде жарияладым» дейді. Соның ізінше 1990 жылы Бауыржан Момышұлының «Психология войны» атты еңбегін орыс тілінде баспадан шығарды. Бұл еңбекті баспадан шығару қазақ ғылымы үшін үлкен оқиға болды. Халқымыз қаншама тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткерсе де, соғыс туралы ғылыми тұрғыда жазылған мұндай еңбек жоқтың қасы еді. Іле-шала 1991 жылы Б.Момышұлының «Бауыржан батыр» және «Қанмен жазылған кітап» атты қос туындысын ғалым шаң басқан архивтерден екшеп алып, оқырманға ұсынды. Бұл батырдың бұрын жарық көрмеген өз туындылары мен ол жайында жазылған естеліктерден құралған дүниелер болатын.

Жинақтың алғашқы бөлімін әңгіме, хат, өлең, мақал-мәтелдер құраса, екінші бөлім батыр жайлы естеліктерден тұрады. Соңында түсініктер берілген. Оқырман қауым бұл кітаптан көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Бауыржан батырдың сегіз қырлы, бір сырлы азамат екендігіне көзі жетеді. Қазақтың айтулы азаматы боламын деп армандаған жігіттерінің Бауыржанның өмірін, жүрген жолын үлгі еткендері қаншама десеңізші?! Міне, сол жігіттер «Бауыржан батыр» кітабының мазмұнымен тағы да бір қауышу бақытына ие болды.

1991 жылы «Қанмен жазылған кітаптың» қазақ тілінде жарық көруінің халқымыз үшін ерекше рухани стратегиялық мәні бар еді. Еңбекті шаң басқан архивтерден аршып алып, халық мүддесіне жарату тек Мекемтас Мырзахметұлының ерен еңбегінің арқасында ғана мүмкін болды. Мануфактуралық соғысты меңгергенімен, машиналы, ядролық соғыс тактикасы мен психологиясы халқымыз үшін мүлдем жұмбақ болатын. Міне, Бауыржан Момышұлының бұл кітабының стратегиялық маңызы да осында. Батыр шұрайлы қазақ тілінде соғыс психологиясының кілтін халқының қолына ұстатты!

Ғалым мұнымен шектеліп қалған жоқ. Батыр мұрасын халқымызға одан әрі тереңірек таныстыру мақсатында 2000 жылы Бауыржанның екі томдық шығармалар жинағын шығаруға күш жұмсап, «Айналған аты аңызға Момышұлы» кітабының да жарық көруіне аянбай тер төкті. Осы кітапта батырдың көркем шығармалары мен эпистолярлық мұраларын, тағы басқа еңбектерін ғалым ғылыми тұрғыдан талдайды. Кітапты оқи отырып, келтірілген тарихи деректер арқылы әдебиетіміз бен мәдениетімізге байланысты көптеген мағлұматтар алуға мүмкіндіктер жасады. «Зерттеуші пікірлер» атты үшінші бөлімінде негізінен Бауыржан туралы зерттеулері мен ішінара естеліктері берілген. Профессор М.Мырзахметұлы осы еңбекте болашақ ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптарын белгілеп, шәкірттеріне диссертациялық тақырыптар ұсынады. Шәкірттерінің ғылыми зерттеу жұмыстарына кеңес әрі жол көрсету мақсатында осы мақалаларды жазды. Ғалымның: «Мен аспирантыма тақырып белгілегенде алдымен сол саладан бағыт-бағдар беретін мақала жазып, одан әрі дамытып әкетуіне жол ашамын. Олардың мақаласына тіркелген емеспін» деген сөзі ойымыздың дәлелі болмақ.

Соның бірі «Ата көрген оқ жонар» атты ғылыми мақала ғалымның шәкірті, осы жолдардың авторы, 2007 жылы «Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасындағы ұлттық дәстүрлер көрінісі» атты диссертациясының негізгі өзегі болды. «Баукеңнің һашиясы» атты ғылыми мақаласы болашақ үлкен зерттеуді күтіп жатқан еңбекке өзек болары сөзсіз. Мақала қазақ әдебиеттану ғылымына жаңа термин ендіруімен құнды. Осы терминді жәй атап қана қоймай, оны жеке жанр ретінде қарастырудың жолын көрсетті. Профессор М.Мырзахметұлы: «Һашия – шығыс әдебиетінде орын тепкен кәнігі құбылыс – кітапты немесе қолжазбаны талдап оқудан, өзінше танудан туындаған өзіндік жеке сын пікірлерін, ой ұшқынын көбінесе кітап шетіне жазу, яғни һашия түрінде қалдыратын. Пікір білдірудің мұндай формасы Еуропа және орыс әдебиетінде һашия деп аталмаса да, көптеп ұшырасады» деген анықтама беріп, Б.Момышұлының жазушылық шеберханасына еніп, Абай, Гете, Лермонтов аудармаларының құндылықтарын ұғынудағы жазушы ізденісін, оның ой толғаныстары жай ғана пікір емес, зерттеуден, жете талдау мен ізденуден туған шығармашылық соны пікір екендігін дәлелдейді.

Б.Момышұлы шығармашылығының ең салмақты саласы – һашиясы. Екінші, бұл еңбек кітапты оқу барысында көзі қырағы оқырманды һашиялап оқуға шақырады. Бауыржанның жалпы шығармалары адамның эрудиттік білімін көтеріп, санаға сәуле сеуіп, жігерлі ойларды жүрекке орнықтырады. Бұл еңбек тәуелсіз, азат тұлғаны осылай қалыптастыруымен құнды. Маршал Г.К.Жуковтың «Воспоминание и размышление» атты кітабында «Еске алу бар, ой толғанысы жоқ» деген һашиясы өзгеге табынуға, еліктеуге жақын құлдық санаға алтын мен бақырды ажыратуға жетелейтін саналы ой береді. Һашия – оқыған еңбегіңді салыстыру, ой қорыту, таразылау арқылы өзіңнің қорытынды ойыңды екі-үш сөйлеммен беруіңмен құнды.

Ғалымның «Бауыржан жазған шежіре тарихынан» атты мақаласы болашақ диссертациялық жұмысқа өзек болары сөзсіз. «Батырдың белгісіз қырлары» атты ғылыми мақаласында батырдың хаттарынан екі-үш детальді сөйлетіп, Момышұлының көрегендік, сыншыл да шыншылдық бейнесін ашады. Бұл мақала болашақ «Б.Момышұлының эпистолярлық мұрасы» атты үлкен бір ғылыми зерттеудің баспалдағы болмақ.

«Бауыржанның ең сирек кітаптары, қолжазба мұралары, хаттары, маған диктовка жасап жаздырған көлемді қолжазбасы, өз өмірінің соңғы кездерінде ауруханада жатып жазған күнделік дәптерлері, шежірелері менде сақталуда. Оқырман қауымның, бұл мұралармен де тікелей танысатын күндері алыс еместігін хабарлай кетуді парыз санаймын» деп беташар сөзін қорытындылаған ғалым бауыржантанудың жоспарын өте мұқият, күрделі дайындықпен жасағанын аңғартады. Ғалымның табандылығының арқасында 2004 жылы «Бауыржан Момыш-ұлының әдеби мұрасы ХХІ ғасыр көгінде» атты бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Сол кездегі Жамбыл облысының әкімі С.Үмбетовке Б.Момыш-ұлының 100 жылдық мерейтойының жобасын алдын-ала жасап, хат жазып, ұсыныс айтты. Соның арқасында облыс әкімі Серік Үмбетовтің тікелей қолдауымен ашылған бауыржантану орталығы келешек ұрпақ үшін батыр атамыздың қолымен жазылған архивтерде жатқан рухани мұраларын екшеп, бір жүйеге келтірді.

«Цензура» сөзі кеңес заманының оқырмандарына түсінікті. Кешегі кеңес империясының саясат сауған «қырағы» көздері әдебиет пен тарихты қатаң бақылауда ұстады. Әрбір жазушының, әдебиет зерттеушілерінің еңбектері тек маркстік, лениндік таптық принцип көзқарасымен қаралып, өзі танымастай етіп өзгертіліп барып оқырманға жететін. Бауыржанның шығармаларының да осындай саясаттың құрбаны болып, оқырманмен қауышпай қалған тұстары баршылық. Міне, батырдың осындай күзелген алты баспа табақ шығармалары қайта толықтырылып, орталықтың арқасында өз оқырманымен қауышты. Бауыржантану орталығы Қазақстан Республикасындағы Бауыржан Момышұлына байланысты мұрағат деректерін түгел дерлік өзіне жинады. Ресей мемлекетіндегі Бауыржан Момышұлына қатысты сегіз мыңға жуық деректі өзіне алуға келіссөздер жасалған. 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағын дайындап баспадан шығарды. Орталықтағы жиналған батыр мұралары 45 томға жетіп, оның 15 томы баспада демеушілігін күтіп жатыр. Бауыржан Момышұлының жеке өзіне арналған тұлғалар энциклопедиясын дайындады.

Ғалымның ерен еңбегімен 2007 жылы жарық көрген Б.Момышұлының «Көз алдымда бәріңсің...» атты кітабында батырдың естеліктері мен күнделіктерінен үзінділер жарияланған. Туындыдан батырдың замандастары туралы ой-түйіндері, жәдігөйлікке жаны төзбейтін өктем даусы батырды жаңа бір қырынан танытады. Ғалымның үлкен бір арманы – «Б.Момышұлы түркі халықтарында әскери әдебиеттің негізін салушы» екендігін таныту.

Профессор Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен бауыржантануға байланысты бірнеше докторанттар, аспиранттар, ізденушілер мен магистранттар әртүрлі тақырыпта диссертациялар жазды. Ғалымның басшылығы арқылы батырдың белгісіз қырлары мен көркем шығармалары және эпистолярлық мұраларының мәні жан-жақты зерттеле бастады.

Бүгінде қазақты ғалымдардың көптігімен таң қалдыра алмайсыз. Мәселе – сол ғалымдардың ұлттың руханиятына шын мәнінде қаншалықты үлес қоса білуінде. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде де Мекемтас Мырзахметұлы қол бастаған сардардай даралана береді. Демек, оны бүгінгі қазақ ғылымындағы дара тұлға десек қателеспейміз.

Жазарыңыз таусылмасын, дара тұлға!

Құрманғали ОРАЗБАЕВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Тарих және педагогика» факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты, доцент.


Пікір қалдырыңыз