«Әскери жасақ қатарына ең үздіктер таңдалды»

Коронавирус пандемиясын залалсыздандыру ісіне әскерилер де тартылды. Одан бөлек, төтенше жағдай заңына сәйкес ҚР Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен запастағы әскери міндеттілер де арнайы шақыртылды. Қазір олар облысымыздағы әрбір аудан-қалаларда залалсыздандыру мен қоғамның тыныштығын сақтау бағытында қызмет атқаруда. Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Нұрмаханбет Дюсебаевпен болған сұхбатымыздың барысында әскери еріктілерге қойылып отырған негізгі талап пен олардың жұмыс барысы кеңінен сөз болды.

– Нұрмаханбет Бексейітұлы, қазіргі кезде облыс аумағында жұмыс атқарып жатқан әскери еріктілер туралы айтып берсеңіз. Оларға қандай жұмыстар жүктеліп, нендей міндеттер тапсырылды?

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Қаулыға қол қойған болатын. Қаулыға сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылды. Президент бастамасын қолдап, ерікті түрде сапқа тұрғысы келетін түркістандықтардың қарасы қалың. Түркістан облысында жасақталған аумақтық әскердің құрамында бұрынғы десантшылар, мотоатқыштар, жауынгерлік және саяси дайындық үздіктері бар. Яғни әскери жасақ қатарына ең үздіктер таңдалды. Негізгі мақсат – халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау және қамтамасыз ету.

Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, өңірде еліміздің Қарулы Күштерінің аумақтық әскерін жасақтауға 230 азамат шақырылған. Оның ішінде облыс орталығы Түркістан қаласына 50 сарбаз, ал, қалған аудан, қалаларға 12 сарбаздан бөлінді. Олар қажетті киім және ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жұмысы бар еріктілердің лауызымы мен айлық жалақылары сақталады. Жұмыс істемейтіндеріне мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден төленеді. Арнаулы жиынға шақыртылған әскерилер сәуір айының жиырмасынан мамыр айының 19-ына дейін қызмет атқарады.

Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыртуды жаппай мобилизациямен шатастырмау керек. Бұл – жыл сайын өтіп тұратын шара. Әскери міндеттілердің барлығы да бұрын әскерде болғандар. Взвод командирі қызметін атқарғандар мен әскери салада қызмет еткендер. Олар негізгі жұмыс барысын толығымен біледі. Сондай-ақ, арнайы медициналық комиссия сараптамасынан өткен. Карантин режимін қамтамасыз ету шаралары аясында запастағы сарбаздар көшелерде жаяу патрульдеуге және облысты айнала қоршай қойылған блок-бекеттерде қызмет атқарып, залалсыздандыру жұмыстарына қатысады. Ал, залалсыздандыру жұмыстарын арнайы инструктордың қадағалауымен, нұсқауымен орындайды.

– Олардың қолданып жатқан залалсыздандыру сұйықтығы қоршаған ортаға қауіпсіз бе?

– Жалпы, бұл сұйықтықтың екі түрі бар. Бірі ғимарат ішіне арналған болса, енді бірі көшелер мен аулалар үшін арнайы дайындалады. Ішкі жұмыстарды жүргізердің алдында ғимарат ішінде адам болмайды. Кейіннен желдетіп, ауа тазарған соң кіруге рұқсат етіледі. Ал, көшелер залалсыздандырылардан бұрын арнайы хабарланады. Арада аз ғана уақыт өткенде сұйықтық кеуіп кетеді. Сондықтан қауіпті емес. Қайта жасыл желек үшін бұл пайдалы. Ең бастысы, көзге көрінбейтін вирусты өлтіре алады. Қазіргі кезде өңірде залалсыздандыру жұмыстарының жүріп жатқанына 20 күндей уақыт болды. Әлі ешқандай кері әсерін байқаған жоқпыз. Тұрғындар тарапынан да түсіп жатқан ешқандай шағым жоқ.

– Қазіргі кезде жұмыс барысын өзіңіз де тікелей бақылап отырсыз, жалпы, әскери еріктілердің бүгінгі күнге дейінгі қызметін қалай бағалайсыз?

– Бүгінде әскери еріктілер өңіріміздің барлық аймағында қызмет етіп жатыр. Полиция қызметкерлерімен бірге қоғамның тыныштығын күзетуде. Енді бірі блок-бекеттерде жұмыс істеп жатыр. Залалсыздандыру жұмыстарына да көмек көрсетуде. Ал, жақында ефрейтор Шахрух Журабеков пен қатардағы жауынгер Мақсат Жұманазаров және Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметкері, учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Әділбек Мархабай Түркістан қаласы, «Отырар» шағынауданындағы үйлердің бірінен шыққан өрттен үш азаматты аман алып шықты.

Бұл жігіттер қызметке небәрі екі күн бұрын ғана кіріскен болатын.

Әскери еріктілер блок-бекеттерде де күні-түні қалтқысыз қызметімен көзге түсуде. Залалсыздандыру істерін де жоғары жауапкершілікпен атқарып жатыр. Жалпы, бұл жерде әскери жасақ қатарына ең үздіктер таңдалғандығын тағы да атап өткім келеді.

– Әскери қызметшілер Түркістан қаласына сәуір айының басында кірген болатын. Олар қалада қай уақытқа дейін қызмет атқарады?

– Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің өкімімен, Түркістан облысы әкімінің шешімімен Шымкент гарнизоны әскери құрылымдарынан 200-ге тарта әскери қызметші жұмылдырылды. Аталған əскери қызметшілер Шымкент гарнизонының 35748 əскери бөліміне қарайды. Сондай-ақ, әскери техникалар да келді. Бірінші мәселе – бақылау бекеттеріндегі тәртіпті күшейту, екінші мәселе – залалсыздандыру, дезинфекциялау жұмыстарында мамандарға көмек көрсету. Жалпы, олар қаланың басты көшелерінде, саябақтарда, халық көп шоғырланатын орындарда жұмыстарын жүргізуде.

Әскери қызметшілердің жартысынан көбі залалсыздандырудың қыр-сырын білетін мамандар, қалғаны бақылау-өткізу бекеттеріндегі тәртіпке қарайды. Яғни залалсыздандыру жұмыстарын атқаратын азаматтар арнайы оқу-жаттығудан да өткен.

Жалпы, әскери қызметшілер карантин біткенге дейін қызметін жалғастырады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

 


Пікір қалдырыңыз