«Созақ қасіреті» мемориалы тарихтан сабақ алуға шақырады

Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары большевиктердің іске асырған зорлықшыл саясаты халықтың ашу-ызасын тудырып, ұлттық намысын оятты.

Соның салдарынан Қазақстанда 1929-1930 жылдары шаруалардың 380-дей бой көтеруі орын алды. Еліміздің әр шалғайынан бұрқ еткен көтерілістерге 80 мыңдай адам қатысты. Солардың ең ірісі – кезінде «Бай-құлақтар мен дінбасылардың кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық қарулы көтерілісі» деп сипатталған, 1930 жылы ақпанның 7-16 жұлдызында Оңтүстік өңірінде болған Созақ көтерілісі.

Партияның Қазақстанда қысқа мерзімде ұжымдастыруды жүзеге асыруды көздеген «Кіші Октябрь» саясатына қарсы тұрған ашынған халықтың жанайқайы күш-құрылымдары тарапынан аяусыз басып-жаншылды. Мұздай қаруланған қызыл әскер жасақтары бір жетінің ішінде ішінара шиті мылтық, айыр, орақ, бақанмен қаруланған қарапайым халықты қынадай қырып салды. Ел басына күн туғанда суырылып шығып, қол бастаған асыл ерлер – Сұлтанбек Шалақұлы мен бас мерген Салықбай Аралбайұлы және бұлардың соңына ерген халық батырлары әділетсіздікке қасқайып қарсы тұра білді. Тарихи құжаттарда бас-аяғы мыңға жуық көтерілісші табан астында атылғаны, күдікті деп табылғандарының ауыр жазаға тартылғандары туралы жазылған. Бірақ, бұдан он есе көп адамның қызыл қанға бөктірілгені, «Дуанадағы» жазалау лагерінде аштық пен шөлден қырылғаны, туған жерінен Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанға қарай ауа көшкен халықтың тау мен таста, құмда сүйектері шашылып қалғаны тарихи шындық. Одан кейінгі 1931-1933 жылдары Кеңес өкіметінің қолдан ұйымдастырылған солақай саясатының кесірінен халық ашаршылыққа, босқыншылыққа ұшырап, ел күйзеліп, халықтың саны күрт кеміп кетті. Тағдыры ауыр аудандағы он екі мың түтіннен 1935 жылы 2915-ақ үйдің қалғаны соның дәлелі. Созақ жеріндегі бас көтеру – бодандық пен ескі жүйенің қанды шеңгеліне қарсы тұрған қарапайым халықтың жанайқайы мен наразылық үні болды. «Алла, Алла» деп атқа қонып, адам төзгісіз зорлық-зомбылыққа қарсы тұрған халық қозғалысына «Аллаһу» деген айдар тағылып, олардың ұрпақтары ұзақ жылдар бойы қоғамдық-саяси өмірден шеттетіліп келді.

Халықтың қайғы-қасіретін, мұңы мен зарын көзімен көріп, куәсі болған Сүгір күйші шығармашылығынан қарт Қаратаудың мұңы мен шежірелі Созақтың сыры төгіледі. Ұлы күйші өз күйлеріне елінің бастан өткізген қасіреттерін де арқау етіп алады. Зорлық-зомбылықтар мен асыра сілтеушіліктердің қара бұлтын кейін серпіп тастауға ұмтылған халық наразылығы демократиялық қозғалыстың ұшқынын тұтатып кетіп еді. Арада талай уақыт өтсе де қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың ұшқыны жалынға ұласып, халық санасында өшпес сәулесін қалдырды. Сексен алтының желтоқсанында Алматыда алаңға шыққан қазақ жастары тас құрсау, темір бұғауды бұзып-жарып, тәуелсіздіктің жарқын болашағына жол ашты.

Бүгінгі егеменді еліміздің бақытты ұрпағы тәуелсіздік жолында қанын төккен Созақ көтерілісі құрбандарының ерлігіне тағзым етеді.

Сол бір кезеңде тарыдай шашылып кеткен халықтың бүгінгі ұрпағы тәуелсіздіктің тәтті дәмін тата отырып, бостандықтың мән-мағынасына ой жүгірте отырып, ел басынан өткен түрлі қилы кезеңдерге бүгінгі күн тұрғысынан баға береді. Бүгінгі тәуелсіздіктің қаншалықты қымбатқа түскенін хабардар ету мақсатында кітаптар жазылып, «Қасірет» мемориалы да тұрғызылып жатыр.

Біз ғылыми конференция өткізіп, ескерткіштер орнатып, кітаптар шығарып, ауызбіршілікті, ынтымақты, намысты ойлаған, бірлік-тірлікті бірге атқарған қарттарымыз бен жастарға, ел тізгінін ұстаған азаматтарға, тарихшы ғалымдарға, осы идеяны іске асыруға үн қатқан қалың елге, қайырымды жұртқа алғыс сезімімізді білдіреміз.

Орайы келгенде айта кетейік, осынау сауапты істердің жүзеге асуы үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүрген Орынбек Ибжанов секілді үлкен жүректі азаматқа, білікті кәсіпкерге қайырымдылығы мен қайраткерлігі үшін көп атынан алғыс айтамыз. Ол қоғамдық қор құрып, осы бастамаға қомақты үлес қосты. Қазағым деп жүрген, ұлтым, ұрпағым деп жүрген азаматты ұлы бабалар рухы қолдап жүргей!

Бекет Тұрғараев, халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері-заңгері.

 


Пікір қалдырыңыз