ОЛАРДЫҢ ӘРБІРІ АЛҒЫСҚА ЛАЙЫҚ

Иә, қалай айтсақ та, бұлардың әрбірі бейбіт заманның батырлары деуге лайық.

ҚР ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев төтенше жағдай кезінде ерекше көзге түскен 47 полицейді бейнебайланыс арқылы марапаттады. Олардың арасында шымкенттік тәртіп сақшылары да бар.

Наурыздың 16-сы күні көпқабатты үйдің 9-шы қабатынан секіріп кетпек болған азаматты құтқарып, оның аман қалуына себепкер болған Қаратау аудандық полиция басқармасының қызметкері, полиция капитаны Медет Есенқұловты министр «Құқық тәртібін қамтамасыз етудегі қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады. Дәл осындай марапат Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, полиция майоры шеніндегі Дәурен Майрихов, Біржан Сағынбаев, Дәулет Абубкиров пен Жәнібек Темірге де берілді. Олар 26 наурызда кәмелет жасына толмаған қызды темір жол рельсінен шығарып алған. Қаратау аудандық полиция басқармасының қызметкері, полиция аға лейтенанты Асхат Болат та марапат алғандардың қатарынан табылды. Оны қызметтік міндетін атқару кезінде «Лексус-570» көлігі қағып кеткен болатын. Блок-бекетте болған осы оқиға жайлы кезінде БАҚ өкілдері жарыса жазған-тын. Тұрғындарды қабаған иттен арашалап қалған Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, полиция капитаны Мұзафар Абдрахманов пен полиция лейтенанты Бименды Ирисбеков те лайықтылар сапынан көрінді. Ал, Медет Есенқұловпен бірге суицидтің алдын алуға атсалысқан полиция лейтенанты Асқар Чумановты ведомоство басшысы алғыс хатпен марапаттады.

Ерлан Тұрғымбайұлы полицейлердің төтенше жағдай кезінде өмірі мен денсаулығына қарамай, ерекше режиде жұмыс істегенін айрықша атап өтті.

-Бүгін сіздерді марапаттай отырып, төтенше жағдай кезінде көрсеткен қайсарлық пен батырлықтарыңызды ерекше атап өткім келеді. Өздерінің қызметтік және азаматтық борышын адал атқарған барлық қызметкерлер алғыс пен марапатқа лайық, - деді.

Иә, қалай айтсақ та, бұлардың әрбірі бейбіт заманның батырлары деуге лайық. Әсіресе, бүгінгідей қиын сәтте сіз бен біздің амандығымыз үшін күн демей, түн демей тер төгіп жүрген тәртіп сақшыларына елдің айтар алғысы қашанда шексіз.  

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз