ШЫДАМДЫЛЫҚ ШЫҢЫРАУДАН ШЫҒАРАДЫ

Әлемдегі қауіпті індеттің жағдайы алаңдатпай қоймайды. Дүние жүзін жайлаған вирус өзінің шарықтау шегіне жетті. Қазірге дейін 3 миллионнан астам ауру жұқтырды. Қайтыс болып жатқандары қаншама?! Оны біз күнделікті теледидардан естіп, БАҚ құралдары арқылы біліп отырмыз.

Қазақстанда бұл пандемия кеңінен таралып кетпес үшін барлық шаралар жасалуда. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі, бірақ аса қажет шешімдер қабылдауда. Қатаң карантидік шаралар қолға алынды. Соның арқасында індет жаппай тарала қойған жоқ. Бұл туралы ҚР Президенті биылғы 27 сәуірдегі мәлімдемесінде ашық айтты. Сөйтіп, карантин мерзімін 11 мамырға дейін созу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Бұл өте қажетті шара деп есептеймін. Өйткені, індет әлі де шарықтау шегіне жеткен жоқ. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында вирус өршігенімен, кейбір аймақтарда таралу қаупі әлі де сейілмей отырғанына тоқталды. Осы себептермен төтенше жағдай режимі созылып отыр.

Сондықтан тұрғындарға тағы да төзімділік танытуына тура келеді. «Сабыр түбі – сары алтын». Маңызды істе асығыстыққа әсте жол беруге болмайды. Кейде шыдамсыздық шыңырауға қайта алып түсуі әбден мүмкін. Ондай жағдайда тұңғиық тығырықтан шығу оңайға түспейді. Қырқына төзген халық қырық біріне шыдар деген үміттеміз.

Мемлекет басшысы еліміздің әрбір азаматын қиындыққа қалдырмайтынын қадап айтты. Алаңдауға негіз жоқ, азық-түлік қоры жеткілікті. Қарапайым халық қазіргідей қиын жағдайда қандай қамқорлық жасалып жатқанын көріп отыр. Еліміз бойынша 4 млн.250 мыңнан астам адамға қаржылай көмек көрсетіліпті. 570 мың адамға азық-түлік таратылған. Соңғы уақытта коммуналдық төлемдер үшін белгілі бір санаттағы азаматтар үшін төлемдер жасалып жатыр. Компаниялар мен жеке кәсіпкерлерге жасалып жатқан салықтық жеңілдіктерді және қосуға болады. Мамыр айында да 42 500 теңге жәрдемақы берілмек.

Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – адам екені айдан анық. Сондықтан халықтың саулығы мемлекеттің басты назарында. Төтенше жағдай кезінде карантиннің барлық талаптарын сақтай отырып, сауап іске әрқайсысымыз лайықты үлес қоса аламыз. Көбі кетіп, азы қалды. Шыдамдылық танытайық, жерлестер!

Өстемір Тілегенұлы ТІЛЕГЕН,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы,

Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері. 

Пікір қалдырыңыз