КӨКЕЙДЕГІ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП АЛДЫҚ
Мемлекет басшысының мәлімдемесінен көптен бері көкейімізді күпті еткен сұрақтарға жауап алдық. Мәлімдемеде «Төзім тілекке жеткізеді» деген қазақтың әдемі мақалы бар. Ел Президенті осынау тәмсілді айта отырып, елді сабырға, төзімділікке шақырды, «Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенемін!» деді ол.
Халқының қамын ойлаған Мемлекет басшысы бұл кезеңнің
ешкімге де оңай соқпағанын, кейбір азаматтардың жұмысын жоғалтып, табыссыз
қалғанын да жүрекпен жеткізді. «Адами тұрғыдан мен мұны түсінемін” дей отырып,
бірқатар шешімнің қабылданғанын айтты.
Шыны керек, Мемлекет
басшысының ертерек жасаған осынау салиқалы шешімдерінен соң елімізде қауіпті
вирус кең тараған жоқ. Мұнымен инфекцияның таралу қаупі сейілді дей алмаймыз.
Осы себепті Қасым-Жомарт Тоқаев Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай
режимі аяқталады дегенімен, әлі де көптеген шектеулер болатынын атап өтті. «Қауіпсіздік
шараларын қатаң сақтаған жөн. Онсыз болмайды. Олай етпесек, індеттің жаңа
ошақтары пайда болуы мүмкін. Коронавирусқа жеңіл-желпі қарауға болмайды.
Карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп аламыз»
деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұдан былай мемлекеттік комиссияның шешімімен өз
жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімі жарияланбақ. Алдымен өнеркәсіп
кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және
халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керектігін де атап өтті.
Ел Президенті табысынан айырылған азаматтар үшін 42500 теңге көлемінде
берілетін көмектің одан әрі жалғасатынын, қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ
екенін де жеткізді.
Жалпы мәлімдемеде осынау төтенше жағдай кезінде елімізде
атқарылған барлық саладағы көптеген игі жұмыстармен қатар, індетпен күрестің
алдыңғы шебіндегі азаматтарды ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы айтқандай, жұдырықтай жұмылсақ, кез
келген қиындықты жеңетін боламыз. Ол үшін талаптарды қатаң орындап, шыдамдылық
танытайық!
Сейіт БЕКМЫРЗАЕВ,
Төлеби аудандық қоғамдық
келісім кеңесінің төрағасы.