«Жазуы – жаны, өмірінің мәні еді ғой»

Жазушы Жәлел Кеттебектің есімі оқырман қауымға «Жекпе-жек», «Отыз алтыншы тәулік», «Жетісайдың ландшафты» секілді терең ойлы прозалық кітаптары арқылы жақсы таныс. Өзі өмірден өткен соң «Түйткіл» атты кітабы жарық көрді. Жазушыны оқырмандарымызға жақын таныстыру мақсатымен марқұмның өмірлік жары Гүлфара Аманжоловамен арнайы сұхбаттасқан едік.

– Гүлфара апай, биыл Жәлел ағаның туғанына 75 жыл толады екен. Ендеше, мерейтой аясында «Оңтүстіктің» оқырмандарына аға жайында кеңінен әңгімелеп берсеңіз жақсы болар еді.

– Жәлел Арыс ауданына қарасты Қожатоғай ауылында соғыстың соңын ала 1945 жылдың

10 наурызында дүниеге келіпті. Ата-анасынан бес жасында айрылып, жетімдік тауқыметін бір адамдай-ақ тартқан. Күнкөріс қамымен қой да баққан, мақта да терген, істемеген жұмысы қалмаған. Жүрегіне қатқан шер-шемені қолына қалам алып, жазу жазғанда төгілетін болса керек, жастайынан жазу-сызуға үйір болыпты. 1967 жылы Шардарада алғаш рет аудандық «Өскен өңір» газеті ашылғанда редакторы Қалжан аға Аққасынов Жәлелді тілші етіп қызметке қабылдайды. Ол тұста редакцияда екі-ақ журналист болатын. Осылайша Жәкең газеттің алғашқы нөмірінен бастап мақала жазып, «Өскен өңірге» көп тер төкті.

Ал, мен өзім Түркістанның тумасымын. Әкем Барақбай Кентау қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте шаруашылық меңгерушісі боп істеген. Әкемнің немере інісі Манекеев Шардара ауданына сот болып барған соң бізді жаңадан құрылып жатқан өңірге көшіріп алды. Әкем ауыл шаруашылығы саласында қызмет етті. Мен 11-сыныпты бітірген жылы жоғары оқу орнына түсе алмай, баспаханада линотипист болып жұмыс істедім. Келесі жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының сырттай бөліміне оқуға түстім. Бір жерде қызмет істеп, жақын араласқан соң көңіліміз жарасты. 1969 жылдың желтоқсанындағы бет қаратпайтын ақтүтек боранда мені алып қашып, Арыстағы ағайындарының үйіне апарып түсіріп, беташар өткізді. Өзімен бір туған әпкесі мен қарындасы тұрмыста екен. Өте еңбекқор Жәлелді редактор Қалжан аға өзіне жақын тұтып, өкіл іні етіп алған. Отау құрғанымызда өз қамқорлығына алып, ауласындағы екі бөлмелі темір вагонға бізді бөлек үй етіп шығарды. Редакция ұжымын, достарымызды, менің төркін жұртымды шақырып, үйлену тойымызды өз үйінде жасап берді. Бүгінде Жәлелдің маған үйленгені жолының болғаны деген қорытындыға келдім. Әке-шешем бақуат тұрғандықтан бізге көп қарасты. Әкем оның білімдарлығына, мінезінің өткірлігіне риза болып «түбі осы баламнан бірдеңе шығады» деп отыратын.

– Сонда Жәлел аға қай кезде Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түскен? Әңгімеңізге қарағанда әкеңіз күйеу баласына оң көзбен қараған секілді ғой?

– Мәскеудегі Әдебиет институтына түсу оның о бастағы арманы болатын. Орыс тілін жетік білмесе де, мақалалары мен әңгімелерін орысшаға аударып, конкурсқа жіберген. Бағына қарай, сол жылы Қазақстаннан жалғыз өзі өтініш берген екен. Бір күні «конкурстан өттің, қабылдау емтиханына қатыс» деген хат келді! Хатты көріп ата-анам қатты қуанды. Әкем «балам, мүмкіндік бар кезде оқып ал, біз тұрғанда отбасыңа алаңдама» деді. Жылына екі рет сессиясына барып жүрді. Жалақымыздың негізгі бөлігін Жәкеңнің оқуына жинаймыз, жетпеген жерін әкем қосады. Кей жылдары қолдың қысқалығынан оқуына бара алмай, бір курсты екі жыл қатарынан оқып, алты жылдық оқуын сегіз жылда бітірді.

Ол ата-анама адал күйеу, балаларының сүйікті әкесі болды. Біздің отбасының тұңғыш күйеу баласы болған соң ба (әпкемнен бұрын тұрмыс құрғанмын), ата-анамды үнемі құрметтеп, айтқандарын екі етпей, іші-бауырына кіріп тұратын. Қолы епсекті, шаруасына тындырымды күйеу баласымен шахмат ойнап отырып әкем саясат жайында әңгімелескенді ұнататын. Ол кісі соғысқа қатысып қан көрген, қиындықты бір кісідей бастан өткерген ғой. Жәлел де бауырларымды жақын тартып, жақсы көрді. Шынын айту керек, балдыздары мен бажаларының ортасында идея тапқыштығымен сүйкімін арттырған. Сіңлілерім тұрмыс құрып, тойға дайындалып жатқан тұста тосыннан идея айтып, ата-анамды риза етіп қоятыны бар болатын. Сондайда олар «ойпырмай, мынау бір жақсы болды-ау, неғып біздің ойымызға келмеген?» дейтін.

Жәлелмен жағаласып мен де Алматыдағы оқуыма барып жүрдім. 3-курста оны Мәскеуге аттандырып салып, сессияға жиналып жатқанымда әкем: «Қызым, ақылымды тыңдасаң, алдымен жолдасың оқуын бітірсін, сені сол бағып, жеткізеді. Екеуің бірдей оқу-тоқу деп сыртта жүрсеңдер, балаларың қараусыз қалмай ма?» деген соң оқуымды амалсыз қоя тұруға тура келді. Редакторымыз Қалжан аға көп ұзамай мені редакцияға корректор етіп жұмысқа қабылдады. Сол «Өскен өңірде» екеуміз 29 жыл бірге қызмет істедік.

– Әңгімеңіздің басында Жәлел ағаның тағдыр тауқыметін көп көргенін айттыңыз. Ол кісінің қатты қуанған сәттерін есіңізге түсіріңізші.

– Бір жолы кезекті сессиясына кеткенінде сол тұстағы Шардара аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Қуаныш Айтаханов үш бөлмелі пәтер берді. Әлгі пәтерге едел-жедел жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ақтап, сырлап дегендей ішін тап-тұйнақтай етіп қойдым. Анамның берген жасауын орын-орнына үйлестіре безендіргенімде үйіміз жайнап кетті. Жәлел оқудан келгенде баспаналы болғанына сене алмай төбесі көкке жеткендей қуанды. Үнемі жанарынан мұң сейілмей, ой үстінде жүретін жолдасымның шаттанғанына өзім де қуандым.

1973 жылы тұңғыш қызымыз Раушан дүниеге келгенде «мен енді жалғыз емеспін, Кеттебековтер екеу болдық» деп қуанғаны есімнен кетпейді. Ал, ұлдары өмірге келгенде «мен енді жетім емеспін» деп ерекше тебіренгені бар. Оқуда жүргенінде күн сайын беймезгіл уақытта телефон соғатын. Сөйтсем Мәскеу уақытында үш сағат айырмашылық бар екен. Ол жабырқамасын деп екі-үш күнде хат жазамын, жауап келмейтінін білсем де. Үйге оралғанында «сенің хаттарың демеу болды, жүрегімді жылытты» деп шабаданның түбіндегі хаттарды көрсетті. Себебі, ол хаттарда балаларының балдай тәтті қылықтарын, ауыл жаңалықтарын жазғанмын. Азғантай ақшасынан жырып балаларына сыйлықтар әкелетін. Сыйлығының ең қадірлісі – апельсин. Ол дәмнен туыстарына да ауыз тигізетін едік. Сол кездері таңсық жеміс ерекше тәтті болатын. Апельсиннің сол дәмін әлі күнге сағынамын.

Өмірде қуаныш пен мұң қатар жүреді екен ғой, Үмітхан. Сен менен ағаңның қуанған сәттерін сұрайсың, ал, мен болсам оның жаны күйзеліп жылаған сәтін көз алдыма елестетіп отырмын. Машинкадан компьютерге ауысқан тұста барлық жазғандарын нешеме күндер мен түндер компьютерге теріп, бір жерге жинақтап, енді болғанында жарық жалп етіп өшіп қалды. Жарық қайта жанғанда компьютерін қосып еді... осы уақытқа дейін тергендері сақталмай қалыпты! Сондағы жылағаны әлі көз алдымнан кетпейді. Жазуы – жаны, өмірінің мәні еді ғой. Сол жағдайдан кейін үлкен ұлы жаңа компьютер сатып әперген...

– Расында, бұл бір өкінішті жағдай болған екен. Әңгімемізді жалғастырайық, Гүлфара апай. Ағамыз неге қызығатын еді? Шаруаға, тұрмысқа епті ме еді?

– Нағашы атасы шапан, тымақ тігетін ұста болған, дүкен ұстаған кісі екен. Сол кісіден дарыған болуы керек, қолынан келмейтін шаруа жоқ еді. Қай істі қолға алса да әйдік етіп орындайтын. Мал жайғау, бау-бақша өсіру секілді істердің қай-қайсысының да оябын табатын. Күнделікті тұрмысқа қажетті кез келген шаруаны ұсақ-түйек деп қарамастан, қолымнан келмейді демей-ақ істей беретін. Көңіл-күйі көтеріңкі кездері балаларына бұрын-соңды ешкім жасамаған, өзі ойынан үйлестіріп, ерекше дәмді тамақ пісіріп, оған шетелше ат қоятын. Әкесі пісірген сол тағамдарды әлі күнге дейін балалары еске алып, айтып отырады.

– Жазу машығы қалай еді? Күнделікті журналистік жазбаларынан өзге, үлкен туынды бастағанын алдын-ала сізге ескертетін бе еді?

– Жазуға үнемі түнге қарай отыратын. Тыныштықта жұмыс істегенді жақсы көретін. Үлкен бір жұмысты бастар кезінде екі-үш күндей мандолинмен ән айтып, ойға батып отыратын. Көбіне өзі ұнататын татар әнін шырқаушы еді. Қандай дүние жазып жатқанын ақылдаспайтын. Қолжазбасын машинкаға тергенде ғана күрделі туынды бастағанын білетінмін. Өйткені, қиқы-жиқы қолтаңбасын менен өзге ешкім түсінбейтін де. Кейде бірден машинкаға отыратын. Кейіннен компьютерді үйреніп алды да, тек соған ден қойды. Ал, журналистік қызметінде әділдік іздеп, сын мақалаларды жиі жазды. Сол мінезінен де басшыларға жақпай қалатын. Қай жерде әділетсіздік, жемқорлық болса ашынып, қолына қалам алатын. «Совхоз бай, жері құнарлы, өрісті малға, қамбаны астыққа толтырып, неге бай болмасқа?» деген сипаттағы сын мақалалары басшыларға қалай ұнасын? Аудандық газетте жүріп-ақ мақалалары «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеттеріне, прозалық дүниелері «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына жарияланып жатты. Уақытпен санаспастан үздіксіз еңбек етті. Еңбек десе бәрін ұмытатын өлермен еді ғой.

– Ағаның мінезі қандай еді? Балаларының арасынан жолын қуғаны бар ма?

– Негізі ол еті тірілігінің, еңбекқорлығының арқасында сонау Мәскеуге дейін барып білім алды, ел қатарлы өмір сүрді. Өте шыншыл болды, мінезі бірбеткей, ойын, пікірін бүгежектемей, тура айтатын. Жағымпаздыққа жаны қас болды. Жолдастарымен пікір таластырғанда толғақты ойларын қысқа да нұсқа айтуға шебер еді. Аудандық, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде қызмет істегенінде «мақалаларыңмен үнемі шу көтересің де жүресің. Тыныштық жақпай ма саған?» дейтінмін. Сонда ол «халықтың сөзін мен болмасам, әйтеуір біреу сөйлеуі керек емес пе?! Халықтың көзі, құлағы бола білсек, мені тәрбиелеген адамдарға рахмет алып беремін» деп жауап қайтаратын.

Ұлымыз Саттар мектеп бітірген жылы Шымкентте оқыту ниетімен әрі өзі басы-қасында болайын деп облыс орталығына қоныс аударды. Алғашында Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы болып, сосын «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет істеді. Екі жылдан кейін біз де келдік.

– Отбасыңыз жайында әңгімелесеңіз. Ол кісі біраз уақыт төсек тартып жатты-ау, шамасы?

– Екі ұл, бір қыз тәрбиеледік. Барлығын орын-орнына қойып, немере сүйіп отырмын. Перзенттерінің жазуға икемі болмады, Алла қаласа немерелерінен шығатын шығар деген үмітім бар. Балаларына, ағайын-туысқа мейірімді, кішіпейіл еді. Ауылдан келгендерден өзі танитын кісілерді сұрастырып, елдің, шаруаның жайын, жиын-терім науқанының барысын біліп отыратын. Шардара жұртшылығына құрметті, сыйлы болды. Әлі күнге балалары бара қалса ауылдастар «Жәлел ағаның ұлы келді» деп құшақ жая қарсы алады. Перзенттеріне «ақыл-кеңесімді тыңдаңдар, ертең ақыл айтатын адам таппай қаласыңдар» дейтін. Әпкесі Гүлбала мен қарындасы Гүлданадан он алты жиеніміз бар. Оларды өте жақсы көріп, жақын тұтты.

Төрт жыл бойы кеселден зардап шекті. Соңғы жылы төсек тартып жатып қалды. Науқасы меңдеген сайын бірбеткей мінезі төзімділікке, сабырлылыққа ауысты. Ешкімге сыр білдірмей, тұйықталып кетті, шешіліп сөйлемеді. Ұзақ уақыт маған қадала қарап отыратын. Көзінен қимастығы байқалатын. Аз ғұмырында өз орнын таба білген, артында өлмес мұраларын қалдырған жарыма ризамын. Артында баспа бетін көрмеген туындылары баршылық. Алла қаласа, кітап етіп шығарсақ деген ниетіміз бар.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп-көп рахмет, Гүлфара апай!

Сұхбаттасқан Үмітхан АЛТАЕВА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

Пікір қалдырыңыз