ТҮРКІСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР ТЫҢ ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қасиетті де көне Түркістанға облыс орталығы статусы мәртебесін беруі өңірдің жаңаша бағытта дамуына жол ашты.

Шағын шаһардың аумағы ұлғайып, көшелері құрылыс алаңына айналды. Сәулетті ғимараттар мен саябақтар бой көтеріп, әлеуметтік салаға да үлкен қолдау көрсетілді. Білім мен ғылым саласында тың жобалардың жүзеге асуына да жан-жақты  жағдайлар жасалуда.

Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары Елбасымыздың тікелей ұйытқы болуымен Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ашылған. Бұл оқу орны бүгінде 29 елге қажетті мамандар даярлауда. Ал, ғылым саласын университет оқытушы -профессор құрамы өз деңгейінде өркендетіп, заман талабына сай дамыту үстінде.

Соңғы жылдары білім ордасында өңірдегі ғылыми әлеуетті дамыту бағытында бірқатар тың бастамалар жүзеге асты.

Ғылым мен өндірістің тығыз байланыс жасауы мақсатында Инженерия факультетінің базасында Кентау трансформатор зауытымен бірге Энергетика, ақпараттық технология және киберқауіпсіздік салалары бойынша ортақ технопарк құрылды. Заманауи лабораториялар ашылып оқу үдерісіне ендірілді. Қазіргі кезде энергетика, ІТ-технологиялар, сондай-ақ биомедицина және ІТ-медицина салаларында Технопарк құру жұмыстары жалғасуда. Технопарктің негізінде жас ғалымдардың инновациялық белсенділігін дамыту үшін СТАРТАП - орталығы (бизнес-инкубатор) құрылды. Кентау трансформатор зауытымен бірге екі жоба жасалды.

Экология ғылыми-зерттеу институтында қоршаған ортаның экологиялық жағдайын зерттеу және өндіріс қалдықтарын өңдеу мен іске асыруға бағытталған экологиялық тұрғыдан тиімді технологияларды жасау мен оларды өндірістерге енгізу жұмыстары жүргізілуде. ҚР Білім және ғылым министрлігі және Ғылым комитеті және Ғылым қоры ұйымдастырған гранттық қаржыландыруы бойынша  институтта 2 ғылыми жоба орындалуда. Олардың бірі аккредиттелген зертханада жұмыс жасауда. Аккредиттелген зертхана атмосфералық ауа, топырақ, ауыз су, табиғи су, ақаба сулардың, тағам өнімдерінің сапасын аналитикалық бақылау үшін заманауи өлшеу құралдарымен жабдықталған.

Бүгінде университет ғалымдарының қол жеткізген жетістіктерін әлемдік деңгейде саралау ісі күн өткен сайын қарқын алуда. Мәселен, h-index-ін есептеу, әлемдегі ең мықты Clarivate analytics, WoS, Scopus, Elsevier базаларында бар жарияланымдарға және ҚР БжҒМ БҒСБК  ұсынған тізімдегі ғылыми журналдарға соңғы жылдардың өзекті мәселелерін қозғаған ғылыми мақалалар шығару – ғалым еңбегінің бір парасы болмақ. Осы ретте университетіміздің көшін жаратылыстану факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы бастап тұр. Оқу орнының нәтижелі жұмысының арқасында World Bank қолдауымен 150 ғалымды ағылшын тіліне оқытуға мүмкіндік беретін ҚР БҒМ грантын ұтып алды. Жоба аясында ғалымдар 12 ай ішінде IELTS 6 деңгейін меңгеретін болады. Мақсаты университет ОПҚ ғылыми әлеуетін арттыру.

Университет ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесін коммерцияландыру бойынша ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ тарапынан 3 жылдық мерзімге арналған жалпы құны 745 миллион теңгелік 4 грантын жеңіп алғаны – өңір үшін бұрын-соңды болмаған құбылыс.

Түркістан облысы прокуратурасымен «Суицидке» қатысты ортақ ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілуде. Нәтижесінде мектеп мұғалімдері мен ата-аналарға арналған ғылыми негізделген әдістемелік нұсқаулықтар дайындалды.

Түркістанды түлету мақсатында Гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеу жұмыстары жетілдірілуде. Археолог ғалымдар тарапынан Сығанақ қалашығында ауқымды зерттеулер жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бұл нысанның ЮНЕСКО мәдени мұралар қатарына қосу бастамасы іске асуда. Ұлттық мәдени мұраларымызды сақтау және зерттеу үшін археологиялық зерттеудің жаңа әдістерін қолдана отырып Оңтүстік Қазақстанның ертедегі және ортағасырлық ескерткіштерінде кешенді ізденістер жүргізу, осы өңірдегі тарихи дәуірлердің хронологиялық кезеңдерін анықтау, археологиялық мәдениеттердің өмір сүрген уақытын, даму кезеңдерін, таралу аймағын және өзара байланысын көрсету, шаруашылық түрлерінің даму тарихын анықтау, Ұлы Жібек Жолы  мен ортағасырлық керуен жолдары, сауда мен ақша айналымын зерттеу, археологиялық ескерткіштердің санын, түрін және таралу аймағын анықтау, жекелеген тарихи-географиялық аудандардың археологиялық картасын жасау мақсатында жеке құрылым ретінде жұмыстар атқарып келеді.

Қазіргі таңда, Археология ғылыми-зерттеу институты шетелдік және отандық ғылыми мекемелермен ғылыми бағыттары бойынша байланыс ауқымын кеңейтуде.

Түркология ғылыми-зерттеу институты ғылым, білімнің тығыз ықпалдастығы негізінде университеттің зияткерлік және инновациялық әлеуетін дамытуға үлесін қосуда. Институттың жоспары Отандық түркология ғылымының өркендеуіне үлес қосу, ортағасырлық түркі жазба жәдігерлерін зерттей отырып, ғылыми айналымға енгізу, түрік халықтарының тілі мен әдебиетін, тарихы мен дүниетанымын, діні мен фольклорын кешенді түрде зерттеумен айналысуды мақсат етеді. Әр екі жылда бір рет өткізілетін кезекті VIII Халықаралық Түркология Конгресі бар. Конгресс жұмысына отандық ғалымдармен бірге Түркия Республикасы, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан Республикасы, Башқұртстан, Чувашстан, Өзбекстан, Тәжікстан, т.б. елдердің түрколог-ғалымдары қатысады.

Ахмет Ясауи атындағы Дінтану ғылыми-зерттеу, талдау-сараптамалық және әдістемелік орталығында Дін және Теология  ғылымдары саласында іргелі  ғылыми жобаларды  зайырлылық қағидаларға сай жүзеге асыратын көпбағытты, көпқабатты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір айта кететін жәйт, педагогика-психология, физика (білім бағыты), медицина, қоғамдық денсаулық сақтау мамандықтары бойынша 3 диссертациялық кеңес ашылды.

Университетте тұрақты шығып келе жатқан ғылыми басылымдардың сапасын жақсарту мақсатындағы жұмыстар да нәтижесіз емес. 4 ғылыми журналға келіп түскен  (double blind review) жасырын  рецензиялау саясаты жүйелі түрде енгізілді.

«Ясауи университетінің Хабаршысы» ғылыми журналы ҚР БҒМ БҒСБ Комитетінің тізіміне филология, философия, тарих, педагогика ғылыми бағыттары бойынша енгізілді.

Университеттің Анкарада жарияланатын және Scopus, Clarivate analytics, WoS базасына кіретін жалғыз гуманитарлық бағыттағы «Bilig» ғылыми журналы ҚР БҒМ БҒСБ Комитетінің тізіміне гуманитарлық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар, тарих, филология, саясаттану, философия, экономика, құқықтану ғылыми бағыттар бойынша енгізілгенін де мақтаныш тұтамыз. Ал «Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Хабарлары» (физика, математика, информатика)  ғылыми журналын халықаралық деректер қоры базасына енгізу жолға қойылды. Сондай-ақ, «Түркология» ғылыми журналын ҚР БҒМ БҒСБ Комитетінің тізіміне, Халықаралық деректер қоры базасына енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«SCOPUS AWARD 2019» Халықаралық жалпыұлттық сыйлықтарын табыстау шарасы аясында университет «ЖЫЛ СЕРПІЛІСІ» сыйлығына ие болды. Оқу орны QS EECA 2020 бойынша Қазақстандық университеттер арасында 6 индикатордан үздік шықты. Атап айтар болсақ,      интернационализация бойынша - 1, ғылыми зерттеу network бойынша  - 3 орынды иеленді. Алты оқытушы-профессорымыз «ЖОО-ның үздік оқытушысы», 4 ғалым «Мемлекеттік ғылыми стипендия» иегері атанды.

Тағы бір айтат кететін жәйт, республика оқу орындары арасында SCOPUS базасында соңғы бес жылда жарияланған мақалалар саны бойынша рейтингіде университетіміз алтыншы орынды иеленді.

Университет ректоры, академик Б.Абдрасиловтың басқару жүйесіндегі мол тәжірибесінің, ерен еңбегінің нәтижесінде 2020 жыл біздің университет ұжымы мен студентері үшін ерекше қуанышты жыл болды. Оқу орны ''Ерекше мәртебе'' алды.

Сонымен бірге, ғалымдардың бәсекелестік ортасын арттыру мақсатында түрік дүниесі мемлекеттерінен инновациялық зерттеулерде индикативті көрсеткіштері жоғары ғалымдарды қызметке тарту мәселесі де кеңінен қарастырылуда. Бұл келелі істің университетімізге берері мол.

Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру кезеңінде өмір сүріп жатқан еліміздің ертеңіне сай бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне біздің оқу орнымыз да сүбелі үлес қосатыны анық. Бұл ретте, сапалы білімді ғылыммен ұштастыру мәселесі оқу ордасының басты мақсаты болмақ.

 

К.Беркімбаев

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық

қазақ-түрік университетінің

ғылыми-зерттеу істер жөніндегі вице-президенті, профессор

Пікір қалдырыңыз