Ұлтқа рух сыйлаған ұл еді

Тарихтың тоңдарында қалып, томдарына түскен ел намысын аспандатқан небір Алаш оғландарының өмірі мен өнегесі көпке аян. Көшкен дәурен, өшкен өмір шырағын топырақ жасырғанымен, есті ұрпақ оны замандардан замандарға жеткізер.

Асылдардың еткен ерлігі, маңдай тер еңбегі дәуірден-дәуірге жалғасып, атадан асып туар өскелең ұрпақтың асар асуы мен шығар биігінің бір белесіндей менмұндалап тұрса, қанеки! Бет түзер құбыла, жол сілтер мұнара сол болмай ма?!

Алаш оғландарының аңыздан атын, қисcадан қадір-қасиетін, батырлық дастандардан болмысын табасыз. Бәрі дара. Сол дараның бірі – Бекзат батыр. Бөрілі байрақты бабалардың даңғыл жолын жаңаша жаңғыртып, қазақ рухын бір аспандатқан, халық жүрегінде қалған ер Бекзат. Даңқты Түркістан шаһарынан шыққан дарабоз, жампоз оғлан Бекзат Саттарханов. Қазақы қаймағы бұзылмаған, қазынасы ортаймаған берекелі қараша үйде кіндік қаны тамған азамат. Олимпиада алтынын қазаққа сыйлаған тұлға. Тұлғасынан тараған шуағын, мезгілсіз өлімнің көлеңкесі басты. Жазмыштан қашып құтылған пенде жоқ. Тірі болғанда биыл қырыққа толар еді-ау...

Шыдамды, құмдағы тобылғыдай қатты һәм қайсар ұл. Спорттағы атын сайын сахарасы емес, әлем бұқарасы жаттады.

Бекзат Саттарханов бокстан еңбек сіңірген спорт шебері, Сиднейде өткен XXVII Олимпиада чемпионы, Орта Азия ойындарының, Испаниядағы халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Чехияда өткен «Гран-при» жеңімпазы, Мәскеудегі ТМД елдерінің біріншілігінде 4 жүлдемен қатар, сайыстың үздік боксшысы деген атақты қоса еншілеген майталман, І дәрежелі «Барыс» орденінің тұңғыш иегері. 20 жылдық ғұмырында шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен. Бітті. Жазылды, жазылып та жатыр. Жазар дүние көп, алайда, жазмыш тағдыр түгесілген...

Шығыстың шұғылалы ақ таңы, ел-жұртын жалын жүрегімен қуантқан біртуар Бекзат бүгінгі буынға үлгі. Оның жеңіске деген ұмтылысы, қуанышы, жан тебіреністері жанкүйерлердің әлі көз алдында. Өзінің мәңгілік тыныштық тапқан мекені – Түркістан төрінде алып ескерткіші тұрмағанымен, оның жеңісті жолына куә болған ұлты, халқы мен ұлы даланың әр намысты ұлының санасында мәрмәр биік мүсін тұр. Аласармайды, асқақтамайды, өзгермейді.

Қайта келмейсің, қайталанбайсың, Бекзат. Ұлысыңда өзіңе ұқсап туар ұл көп болғай. Ер Бекзат қазақтың көк байрағын желбіреткен сәттерімен ел жастарының рухты бейнесі.

Амалбек Өміртай, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы Жастар ресустық орталығының басшысы.

 

Пікір қалдырыңыз